Қайда жүрсек те ауылымызбен мақтанамыз
Әркімнің туған жері – мысыр шаһары» дегендей, бүгінде туып-өскен ауылым жартығасырлық мерейтойын атап өтуде.Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келіп, жастық шағымды туған мекенімнің дамуына, әлі күнге дейін шашымызды қырау шалса да, жасаған еңбегіміздің бір құшағын қасиетті топырақтың гүлденуіне арнап келемін. Әрине, туған ауылдың түтіні түзу шығуы үшін уақытпен санаспай, кәсіпкерлікке ден қойдым. Кәсіпкерлікпен айналысқаныма 35 жылдан асты. Қазір ауылдан шалғай, Алматы қаласында тұрсам да, серіктестігімді ауданға тіркегенмін, табысымнан түсетін салық туған жеріме түсуі тиіс деген мақсатпен. Бұны азаматтық парызым деп білемін.
Жарты ғасыр тарих үшін көп уақыт емес. Дегенмен осынша жылдың ішінде ауылымыздың тыныс-тіршілігі көп өзгерді. Жақсы жаңалықтар орын алды. Ауыл іші, жол, жарық барлығы жасалды. Әсіресе, табиғи газдың келуімен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі де жақсара түсті. Жас ұрпақтың білім алуына қарашаңырақ мектеп күрделі жөндеуден өткені өте қуанышты жағдай. Өз тарапымнан осы уақытқа дейін қандай жақсылық жасасам да, барлығы туған ел үшін, оның жайдары адамдарына жасалған жағдай деп білемін. Мұндай қамқорлығым әлі де жалғасатын болады. Қол ұшын созуға әркез дайынмын. Ауыл жетістігі – елдің болашағы. Сондықтан елу жылдық мерейтой әрбір шаңыраққа шаттық әкелсін деп тілеймін. Ауылымыз одан сайын көркейіп, жарқын жетістікке жете берсін!
Мақсұт ӘБІЛДАЕВ,
меценат,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы








