Білім көкжиегінде – сырдариялық дарындар
Өткен жылы елімізде алғаш рет ауыл мектептері оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада өткен болатын. Оған еліміздің шалғай аудандарынан 9-11 сынып оқушылары қатысты. Биылғы жылы да олимпиада ауыл мектептері оқушылары арасында ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.
Негізінен олимпиада – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін анықтау және оларға қолдау білдіру аясында ұйымдастырылады. Сондықтан неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау білім бәйгесінің маңызды мақсаты. Бұл жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып:
– Ауыл мектептеріне арналған олимпиада еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға, дамытуға бағытталған. Олимпиадаға қатысушыларға тапсырмалар жеке электронды түрде ұсынылады. Ең басты ерекшелігі барлық кезеңінде оқушылардың аты-жөні қазылар үшін жасырын болады. Әр кезең өткенде тапсырмалар, яғни қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар «Дарын» РҒПО сайтында жарияланып отырады, – дейді.
Интеллектуалды сайыстың облыстық кезеңінде сырдариялық 24 оқушы жүлделі орын иеленді. Республикалық кезеңіне алты оқушы қатысып, екі оқушы жеңімпаз атанды.
Атап айтқанда Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Кәусар Жарылқасын химия пәні бойынша 9 сыныптар арасында 1-орын алса, Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Айзада Ерланқызы биология пәні бойынша 3-орын иеленді.
Айту керек, дарынды оқушы Кәусар Жарылқасын 8-сыныпта оқиды. Ол 9-сынып арасында өткен олимпиадаға қатысып, ұстаз мерейін үстем етті. Ал үздік оқушы Айзада Ерланқызы өткен оқу жылында олимпиадада орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қатысып, 1-орын алған болатын.
– Ауданның білім саласындағы жетістік қатарын 2024-2025 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада толықтырды. Олимпиаданың ІІ кезеңіне (аудандық) қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша – 171 оқушы, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша – 211 оқушы қатысты. Олардың 153-і жеңімпаз атанды. Бірінші орын – 36, екінші орын – 47, үшінші орын – 70 оқушыға бұйырды. Облыстық кезеңге 36 оқушы қатысты. Қатысушы оқушыларымыздың екеуі – 2 орын, алтауы – 3 орын иеленді, 6 оқушы Алғыс хат алды. Республикалық кезеңге Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицей оқушысы Кәусар Жарылқасын химия және Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің оқушысы Тоғжан Балмағанбетова орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша жолдама алды, – дейді білім бөлімінің бас маманы Жанар Қойшыбаева.
Білім бәйгесінде бақ сынайтын қос дарын Кәусар мен Тоғжанға сәттілік серігі болсын деп тілейміз!
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ