Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№103 газет

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 газет

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 газет

24 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Жоспарлы жұмыстар жалғасын табады

Жоспарлы жұмыстар жалғасын табады

Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімімен сұхбат ұйымдастырылады. Жыл сайын дәстүрлі түрде жүргізілетін үрдіс биыл да өз жалғасын тапты. Жыл қорытындысына орай аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлымен сұхбаттасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы жоспарлар жөнінде пікірлескен едік.

– Берік Әбдіғаппарұлы, ең алдымен аудандық газет­ке сұхбат беруге арнайы уақыт бөліп, ұсынысымызды қабылдағаныңыз үшін риза­шы­лығымызды білді­реміз. Сұх­­ба­тымызды дәстүрлі түрде ауданның әлеуметтік-эконо­микалық даму көрсеткіштері туралы емес, еркін сұрақтан бастасақ. Сырдария ауда­ны­ның әкімі қыз­метіне кіріс­кенге дейін түрлі жауапты қыз­меттерді атқарғаныңызды біле­міз. Осы орайда Сырдария ауданының сіз үшін ерекшелігі қандай?

– Ең алдымен жыл соңында атқа­рылған жұмыстарды қоры­тын­дылап, сұхбат ұйым­дастыру туралы аудандық газет ұсынысына шынайы ризашылығымды біл­ді­ремін. Жер­гілікті басылымның тұ­рақты оқырманы ретінде жұ­мыс­тарыңызға сәттілік тілеймін.

Иә, Сырдария ауданының әкімі қыз­метіне келместен бұрын об­лыс ау­ма­ғында жауапты қыз­меттер ат­қар­дым. Әрине, әр жердің өзіне тән ерек­шелігі болатыны рас. Десек те Сырдария ауданы маған бөтен емес. Қай өңірде қызмет етсем де, сенім білдірілген қызметке жауапкершілікпен кірісіп келемін. Аудан әкімі қызметіне тағайындалмастан бұрын аудан әкімінің орынбасары қызметін ат­қардым. Ауданның әл-ахуалы ма­ған жақсы таныс. Өңірдің тиімді гео­графиялық ерекшеліктерін ұтым­­­­ды пайдалану қажет. Ауданға қа­расты ауылдық округтердің бір-біріне жақын орналасуы да тиімді. Қалыптасқан жұмыс жүйесі бар ауданымыз жан-жақты үлгі етуге тұрарлық. Жері шүйгін, халқы мамыражай ауданның дамуы жолында жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді.

– Енді негізгі сұраққа көшсек. Сыр өңірінің даму қарқыны жоғары. Осы жыл­дың өзінде аймағымызда көптеген жұмыс­тар атқарылғанын аңғаруға болады. Біздің ауданның ахуалы қалай?

– Әрине, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың ерекше қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бас­тамалар қолға алынып, облысымыз қарқынды даму үстінде. Мұның барлығы – өңір халқының бірлесе атқарған жұмысының жемісі деуге негіз бар. Бүгінгі күні облыстың бюджеті 750 млрд теңгеге жетті. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады. Биыл аймақта құрылыс жұмыстарының көлемі 193,9 млрд теңге болып, республикада бірінші орынға тұрақтады. Осы жылы газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 330 шақырым газ желілері салынуда. Аймағымыздың жол құрылысын дамытуға 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан аса жол жөндеуден өтуде. Өңірде құны 128,5 млрд теңгеге 197 нысан салынуда. Биыл облыста жаңа әуежай терминалы, жаңа автовокзал, 900 оқушыға арналған «Жайлы мектеп», Оқушылар сарайы, 3 мектеп, 5 мектептің жанынан қосымша құрылыс, «Қан» орталығы, «Үстел теннисі» орталығы, «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы, Жыраулар үйі ашылып, ел игілігін көруде.

Президентіміздің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы салынуда. Бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жоба құны – 26,2 млрд теңге. Келесі жылу беру маусымында облыс орталығы толық ыстық сумен қамтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру жұмыстары алдағы наурыз айында бас­талады деп күтілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Жаңа бу газ қондырғылары Қызылорда облысының Ұлытау облысына шығаберіс, яғни Сыр­дария ауданының аумағында салынады. Жоба іске асқан уақытта ауданымыздың экономикалық жағдайын көтеруге зор септігін тигізетін болады.

– Өңірдің дамуы ауданға да тікелей ықпалын тигізетіні анық. Осы тұста, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы да айтып өтсеңіз...

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын­да оң тенденция қалыптасты. Өткен жылы Сырдария ауданының бюджеті 10,6 млрд теңгені құраса, биыл аудан бюджеті 17 млрд теңгеге жуықтады. 2024 жылдың 11 айында ауданымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда. Ауданның өнеркәсіп орындары 90,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Көрсеткіш 66,9 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 12,5 млрд теңгені құрап, 9,6 пайызға өсті. Аудан экономикасына 75,8 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. Өсім – 21,3 пайыз. Жалпы тұрғындар тұрмысын жеңілдету, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі – халықтың көз алдында. Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсу қарқынын тұрақты дамыта беретін боламыз.

– Биыл аймағымыз үлкен құрылыс алаңына айналды. Оның ішінде, ауданда да құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Биыл құрылыс жұмыстарының қарқыны қалай болды?

– Қазіргі аудан келбетін осыдан бірнеше жыл бұрынғымен салыстыра алмайсыз. Себебі, жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық алаң, негізгі көшелер, көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, ауданымыздың көркі көз тартады. Қоршаған ортаның таза әрі әдемі болуы ең алдымен өзімізге жақсы және сырттан келген қонақтарға да жағымды әсер сыйламақ. Биыл аймақ басшысының қолдауымен 2,8 млрд теңгеге 140 пәтер сатып алынып, кезектілікте тұрған тұрғындарға табысталуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен құны 174 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі Аманкелді Иманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарлама аясында 73,2 млн теңгеге аудан орталығындағы 6 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілуде. Жергілікті бюджет есебінен 200 млн теңгеге аудан орталығындағы «Тағзым алаңы» абаттандырылып, «Жастар аллеясы» салынды. Аудандық бюджет есебінен Тереңөзек кентінде 250 млн теңгеге 6 көшеге 13 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынуда.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы Нағи Ілиясов ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, биыл құны 241,1 млн теңгеге Тереңөзек кентінде аудандық аурухананың оңалту бөлімшесі және Аманкелді елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Биыл Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектепті күрделі жөндеуге 293 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек құны 464,9 млн теңгені құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды. Жалпы айтқанда, құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Ел-халықтың игілігі үшін жоспарлы жұмыстар өз жалғасын табады.

– Тұрғындар үшін күнделікті тұрмыс қажеттілігін өтейтін жол, ауызсу және электр жарығы екені даусыз ғой?!

– Иә, дұрыс айтасыз. Мемлекет басшысы алдымен инфрақұрылымдық жұмыстарды толық жүзеге асыруды тапсырды. Аймақ басшысының қолдауымен бұл жұмыстар өз шешімін табуда. Биыл ауданда жол саласына 1,4 млрд теңге қаржы бөлініп, Тереңөзек кенті және Бесарық, Қоғалыкөл, Ақжарма, Қалжан ахун, С.Сейфуллин елді мекендерінде 25 көше күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде, аудандық бюджеттен бөлінген 247 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 99 пайызға жетті.

Ауданда тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Негізінен, аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Дегенмен, тозы­ғы жеткен су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыс­тары жүргізіліп келеді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасымен 725 млн теңгеге Тереңөзек кенті, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді ауылдарында ауызсу құбырлары қайта жаңғыртудан өтті. Жергілікті бюджет есебінен 170 млн теңге қаржы бөлініп, Тереңөзек кенті, Шаған, Іңкәрдария, С.Сейфуллин, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Н.Ілиясов елді мекендерінің су мұнаралары жаңарды. С.Сейфуллин және Іңкәрдария ауылдарында қосымша барлау-өндірістік ұңғымасы орнатылды.

Біз өткен жылдан бері электр желілерін қайта жаңғыртудан өткізу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Құны 2,7 млрд теңгеге Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл және Шаған елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғыртылса, Қалжан ахун ауылында жұмыстар басталды. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауданның электр жүйесінің тозу деңгейі 77 пайыз­дан 65 пайызға төмендеді. Алдағы жылға да инфрақұрылымды дамытуға ауқымды жобаларымыз бар.

– Биыл ауданға қарасты тағы екі ауыл «көгілдір отынға» қосылып, тұр­ғындар тұрмысы жеңілдегеніне ризашы­лықтарын білдіруде. Тарихи әрі маңызды сәтке тұрғындар куә болды. Ендігі кезекте қай ауылдық округтер табиғи газға қосылады? Жалпы ауданға қарасты ауылдық округтер қанша жылдың ішінде жүз пайыз табиғи газға қосылады деп жоспарлануда?

– Биыл ауылдық округтерді газдандыру бойын­ша қарқынды жұмыстар өз жалғасын тапты. Бірнеше жыл бұрын кент орталығы толық газдандырылса, былтырдан бастап Қалжан ахун ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Биыл құны 1 млрд теңгеге А.Тоқмағанбетов және С.Сейфуллин ауылдық округтері табиғи газға қосылып, тұрғындар тұрмысы жеңілдеді. Қазіргі таңда аудан халқын табиғи газбен қамту деңгейі 65,4 пайызға жетті. Осындай игілікті істер ауыл тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады. Осы жылы Шаған және Нағи Ілиясов ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Жоба құны 3,3 млрд теңгені құрайды. Қалған ауылдардың жобаларын демеушілер есебінен дайындаудамыз. Жалпы, 2028 жылға дейін ауданды газдандыру деңгейін 100 пайыз толық орындау жоспарымызда бар.

– Инфрақұрылымдық жұмыстарды ат­қаруда демеушілердің көп көмегі тиіп жатқанын білеміз. Олардың елге жасап жатқан жұмыстарын аудан халқы білсе дейміз. Осы туралы ақпарат беріп өтсеңіз...

– Әрине, ауданды көркейтуге, ауылдарды дамытуға белсенді кәсіпкерлер араласып, өз үлестерін қосуда. Демеушілердің қолдауымен биыл 280 млн теңгеден астам қаржыға тиісті жұмыстар жүзеге асырылды. Ақжарма, Шіркейлі елді мекендерін газдандыру жобалары дайын болса, Іңкәрдария, Қоғалыкөл ауылдарын газдандыру жобалары әзірленуде. Сондай-ақ, жолдардың, инфрақұрылымдық жұмыстардың, орталық алаңды қайта жаңғырту жобалары әзірленді. Тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту, ойын алаңдарын салу және басқа да жұмыстарға үлкен қолдаулар көрсетілді. Сонымен бірге, «Абай-Даулет» серіктестігі демеушілігімен биыл Бесарық ауылында шағын өндірістік аймақ ашылды. Ғимаратта 12 кәсіпорын орналасып, жеке кәсіпкерлер нысанды ақысыз, тегін пайдалануда. Онда картоптан жасалған фри, наубайхана, кондитерлік цех, сондай-ақ жартылай дайын өнімдер, пластик ыдыс-аяқтар, жұмысшыларға арналған қолғаптар, сабын, шұлық және ағаш бұйымдар шығаратын кәсіпорындар, сондай-ақ, «Қызылорда» супермаркеті мен кафе жұмыс істеп тұр.

– Сырдария – аграрлы аудан. Дәнді-дақылдарымен, бақшалық егісімен рес­пуб­ликаға танымал. Осы орайда бір сұрақты ауданның аграрлы саладағы атқарған жұмыстарына арнамай өтуге болмас?!

– Ауыл шаруашылығы саласы – ұлттық экономиканың құрамдас бөлігі. Бұл – материал­дық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Сыр салысымен, «сары алтынымен», ауыл шаруа­шылығы өнімдерімен республика көле­мінде белгілі өңіріміз үшін саланың маңызы айтарлықтай жоғары. Мемлекеттен берілетін қолдаудың арқасында тұтастай өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуында оң динамика қалыптасып отыр. Өңірімізде ауылдарды дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстардың озық тәжірибелерін кеңінен тарату мақсатында биыл Н.Ілиясов ауылында «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинар кеңес өткізілді.Семинарға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі, еліміздің барлық өңірлерінен облыс әкімдерінің орынбасарлары, ірі шаруашылық құрылымдарының басшылары қатысты. Кеңес барысында облыстағы аграрлы саладағы мәселелер талқыланып, өңір жетістіктері өзге аймақтарға үлгі етілді. Бұл өңір үшін үлкен жетістік екені айқын. Биыл ауданда 34,3 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 21,9 гектар жерге егіліп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды. Аудан бойынша барлығы 131 мың тонна астық қамбаға құйылды.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, аймақта суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, су үнемдеуде егістік жерлерді лазерлік тегістеудің маңызы үлкен. Ауданда 13 шаруашылық құрылымы 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Шаруашылықтар жаңбырлатып суару әдісімен 100 гектар жерге әртүрлі дақылдар егіп, мол өнім алынды. Суды аз қажет ететін өнімдерді егу көлемі алдағы жылы артатын болады.

Мал шаруашылығын дамыту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Есепті мерзімде мүйізді ірі қара басының саны 7,4 пайызға, жылқы 26,7 пайызға, түйе 5,4 пайызға, уақ мал 15 пайызға, құс 4,5 пайызға өскенін атап өткен жөн.

– Экономиканың негізгі драйвері – кәсіпкерлік екені анық. Өзіңіздің былтыр дәл осы уақытта берген сұхбатыңыздағы кәсіпкерлерге арнайы бет арнау туралы ұсынысыңыз барысында жыл көлемінде кәсіпкерлік беті аудандық газетте тұ­рақты түрде жарияланып отырды. Онда «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы, сондай-ақ мемлекеттік грант және өз қаражаты есебінен кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен байланыс орнатылып, ақпараттандырылды. Аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуы, жетістігі мен кемшін тұстары қандай?

– Дұрыс айтасыз, кәсіпкерлік саласы – экономиканың басты бағыты. Жыл көлемінде аудандық газетте тұрақты түрде кәсіпкерлік беті жарияланып, бұл өз кезегінде кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болғаны анық. Ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту тұрақты жүзеге асып келеді. Тың кәсіпті игеріп, республика көлемінде үлгілі кәсіпкерлер қатарынан көрініп жатқан жерлестерімізді мақтан тұтуға болады. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасымен өткен жылы 233,2 млн теңгеге 23 жоба қаржыландырылған болатын. Ал биыл аудан бойынша 273,1 млн теңгеге 18 жобаға өтінім беріліп, 9 жобасы мақұлданды. Жүзеге асқан жобалар қатарында өңдеу, балық, мал шаруашылығы және басқа бағыттағы бизнестер бойынша тұрғындар кәсіптерін бастады. Сонымен бірге, «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның қайтарылған қаражат есебінен Бесарық ауылдық округінен «Зейнеп» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, егін егу мақсатында 29,5 млн теңге несиеленді. Биыл кооператив қажетті техникасы мен тұқымын алып, егін егу жұмыстарын жүргізді.

Жалпы, ауданда 2719 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2652 болып, тіркелгендерге үлесі 97,5 пайызды құрады. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 4,2 млрд теңгені құрайтын 278 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, 173 жаңа жұмыс орны ашылды.

– Биыл аймағымызда «Руханият» жылы аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстардың жүйелі нәтижесі ретінде аудандағы «Руханият» орталығы бой көтеруде. Десек те руханият, мәдениет саласы әркез ұдайы назарда екені белгілі. Аталған саладағы өткен жылдың қорытындысы мен «Руханият» орталығының жұмысы туралы айтып өтсеңіз?

– Аймақ басшысының бастамасымен Сыр өңірінде 2024 жыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Аталған жыл аясында клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Орталықта балалар мен жасөспірімдер қосымша біліммен қамтылуда. Өңіріміздегі барлық ауданда «Руханият» орталықтарының құрылысы жүргізіліп, бірқатар ауданда пайдалануға берілді. Аға буын мен кейінгі ұрпақты бір орталыққа тоғыстырып, ұрпақтар жалғастығына жол ашатын орталықта неке қию залы, музей, мұрағат, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйі және тәулік бойына жұмыс істейтін кітапхана орналасатын болады. Аталған орталық ел руханиятына қалтқысыз қызмет ететін, алдыңғы буынның өмір жолын ұлықтап, жас ұрпақты тәуелсіздік рухында адал еңбекке, ізгілікке үндейтін нағыз руханият ордасына айналмақ.

Биылғы «Руханият» жылы аясында ауданның мәдениет саласына үлкен қолдау көрсетілді. Аудандық бюджеттен 101,7 млн теңге бөлініп, Бесарық ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді, Бесарық, Шаған және Ақжарма елді мекендеріне «ЛЭД» экран, клубтарға музыкалық аспаптар, аппаратуралар, концерттік киімдер алынып, бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Биыл ауданның спорт саласында да жетістіктер аз болған жоқ. Сырдария­лықтар байрақты бәсекелерде жеңіс тұғы­рынан көріне білді. Спорттағы жетістік­терге тоқталсаңыз...

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындарды спортпен тұрақты шұғыл­дануға барлық жағдай жасалып келеді. Бүгінде аудан тұрғындарының 30 пайызы тұрақты спортпен шұғылданады. Ал сырдариялық спортшы­ларды қолдаудың нәтижесінде аудан мерейі үстем болуда. Биыл ауданда 37-ші ауыл спортшыларының «Алтын күз» спартакиа­дасы ауданда өткізілді. Спартакидаға үлкен дайындықтар жасалып, ауқымды спорттық іс-шараны абыроймен өткіздік. Нәтижесінде, аудан спортшылары жүлделі үшінші орынды иеленді. Жалпы, ағымдағы жылы ауданда 101 спорттық іс-шара өткізілді. Ал спортшыларымыз байрақты бәсекелерге қатысып, Азия және ел чемпионаттарынан 93 медаль жеңіп алды. Бұл да аудан үшін жақсы нәтиже.

– Жастар қашанда халықтың негізгі күші, елдің келешегі екені даусыз. Әйгілі ғұлама Әбу-насыр әл-Фараби «Сіз ел жастарын көрсетіңіз, мен сізге бола­шақ­тарыңызды айтып берейін» деген екен. Аудан жастары туралы не айтасыз, аға буын ретінде жалпы бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма?

– Жастар әрқашан қоғамда үлкен әлеу­меттік күшке ие. Еліміздің ертеңі, мем­леке­тіміздің кемел болашағы – білімді жас­тардың қолында. Олар – кез келген заманауи мемлекеттің стратегиялық әлеуеті.

Сондықтан бүгінде елімізде жастар сая­сатына үлкен мән берілуде. Аудан бойынша тұрғындардың 30 пайызын жас буын өкілдері құрайды. Сырдариялық жастар барлық бастаманың басы-қасында жүр. Қай салада болсын олар белсенді. Жастарымыз мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет, спорт және басқа салаларда жетістіктерге жетуде. Жыл қорытындысы бойынша дәстүрлі «Өрлеу» жастар сыйлығы 7 бағыт бойынша белсенді жастарға табысталды. Бұл – аудан дамуына еңбек етіп жүрген жастарға деген қолдаудың бір көрінісі. Аудан атын асқақтатып жүрген жас буынды көргенде, неге көңіл толмасқа?! Жастар – елдің ертеңі. Сондай-ақ «NЕЕТ» санатындағы жастармен де тұрақты жұмыс жасалып келеді. Жұмыссыз жастарды еңбекке тарту әрі бос жерлерді игеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округтерде жер ашылып, жастар бригадалары құрылды. Биыл елді мекендерде 6 жастар бригадасы 60 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, нәтижесін көрді. Жас­тар бригадасының саны жыл сайын артып келе жатқаны қуантады.

– Сұхбатыңызға рақмет. Жоспарлы жұ­мыс­тар уақытылы жүзеге асып, халық­тың игілігі жолында атқарып жат­қан еселі еңбектеріңіз берекелі бол­уына тілектеспіз. Сұхбатымыздың со­ңын­да аудан халқына айтар игі тіле­гіңізді тыңдасақ...

– Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген жақсы сөз бар. Біз де Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, нәтижелі жұмыс күтеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ауданымыздың әлеуеті асқақтай берсін! Жұмыстарыңызға сәттілік! Жаңа жыл ауданы­мызға жағымды жаңалықтарымен келсін!


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Бибісара ЖАНӘЛІ
31 желтоқсан 2024 ж. 119 0