Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іс-шаралар жоспары бекітілді

Іс-шаралар жоспары бекітілді

Биыл – аудандық газеттің 85 жылдық мерейтойы. Басылымның айтулы белесіне орай аудандық газет редакциясы тарапынан аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа бірқатар ұсыныс жолданған болатын. Аудан басшысы редакция ұсынысын толық қолдап, мерейтойлық іс-шаралардың міндетті түрде өткізілетінін айтқан еді. Бұны аудан жаңалықтарының жаршысы болған төл басылымға деген құрмет деп қабылдадық.

Аудан әкімі газеттің 85 жылдық мерей­тойы­­на орай ұйымдастырылатын іс-шара­лар­ды пысықтау мақсатында аудандық газет­тің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлын қабыл­дады. Қабылдауда ең алғашқы нөмірі 1939 жылдың 26 наурызында жарыққа шыққан газеттің тарихы, ауданның қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесі мен жетістіктері кеңінен айтылды. Аудан әкімі газеттің әр нөмірін үзбей оқитынын, жарияланып жатқан жаңа­лықтармен тұрақты түрде танысып отыратынын айтып, төл басылымның бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

– Мен салалық орынбасарыма, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысына, сон­дай-ақ кент және ауыл әкімдеріне газеттің 85 жылдығына орай мерейтойлық іс-шара­лар ұйымдастыруды тапсырамын. Бұл ауданы­­мыз­дың тарихы үшін аса маңызды. Өйткені жергілікті газет жарыққа шыққан алғашқы нөмірінен бастап ауданның тарихын, жетістіктерін, атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттап келеді. Былтыр аталып өтілген ауданның 95 жылдық мерей­тойын­да да аудандық газет ақпараттық қолдау көрсетті. Сондықтан жергілікті басылым ұжымы «Жыл үздігі» аталымы бойынша үздік ұжым атанды. Бұл бәріміз бірле­се атқарған жемісті жұмыстарымыздың нәтижесі. Алдағы уақытта да Президенті­міздің саяси реформаларының мәні мен маңы­зын халыққа түсіндіріп, аймақ басшы­сының қолдауымен жүргізіліп жатқан жұмыстар баспасөз арқылы насихатталады деп сенемін, – деді Берік Сәрменбаев.

Өз кезегінде аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы басылымның 85 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру мен ауданның тарихы мен жетістіктері топтастырылған кітаптың тұсаукесерін өткізуді ұсынды.

Сондай-ақ аудандық жазба ақындар мүшәй­расы, шығармалар байқауы, тақырып­­тық кездесу­лер мен қабылдаулар ұйымдас­тырыл­ғаны дұрыс екенін айтты.

Қабылдаудан кейін, яғни 2024 жылғы 21 ақпанда аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев мерейтойлық іс-шаралардың жоспарын бекітті. Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша бекітілген жоспар негізгі тоғыз тармақтан тұрады. Жоспар­да кент және ауылдық округтерде газеттің 85 жылдық тарихи мерейтойын айшықтайтын бил­борд орнатудан бастап, «Тіршілік тынысы» – жаңалық жаршысы» тақырыбындағы жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылатыны көрі­ніс тапқан. Мұнан бөлек аудан тұрғындары арасында «Төл басылымның тұрақты оқыр­ма­ны­мын» тақырыбында шығармалар байқа­уы өткізілмек. Ал ғылыми-практикалық конферен­цияның тақырыбы «Аудандық газет: аудан тарихының, жетістігінің шежіресі» деп атал­мақ. Конференция аясында ауданның тарихы мен жетістіктері топтастырылған, аудандық газеттің 85 жылдық тарихы жазылған кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізіледі деп жоспарлануда. Айта кету керек, іс-шаралар жоспарында аудандық газеттің ардагерлері мен қызметкерлерін мерекелік қабылдау, олардың білім беру ұйымдарында кездесуін өткізу де назардан тыс қалмаған. Қорыта айтқанда, төл басылымның мерейтойы жыл көлемінде аталып өтілетін болады.

«Тт» ақпарат
27 ақпан 2024 ж. 189 0