Аудан жаршысын үзбей оқимыз
Ауданның бас басылымы саналатын «Тіршілік тынысы» газетінің бүгінде 3700-ге жуық оқырманы бар. Әрбір жыл сайын екі мәрте газетке жазылу науқаны жүреді. Жылдағы осы үрдіс биыл да өз жалғасын табуда.
Атап айтқанда, аудан жаршысына биыл ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде егін өндірісін қолға алған азаматтар көптеп жазылуда. Газетіміздің өткен санында аудандық мәслихат депутаты, «Мағжан және К» ЖШС-нің төрағасы Д.Жұмашұлы басқаратын ұжымның 200 дана аудандық газетке жазылғанын жария етсек, бүгін аудандағы іргелі ауыл Шағандағы «Шаған-Жер» ЖШС-нің директоры Ж.Сыздықов төл басылымның 100 данасына жазылғанын хабарлаймыз. Бұл газетіміздің оқырманын көбейтуге қосылған елеулі үлес деп білеміз. Себебі аудандық газеттің негізгі мақсаты – ел тынысын, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналу.
– Қазіргі кейбір жастар теледидар көрмейді, газет пен журнал оқымайды. Себебі барлық ақпарат ғаламторда бар. Бірақ қай заманда болмасын мерзімді басылымның оқырманы азайған емес. Дамыған шетелдердің өзінде кейбір газеттер үш миллионға дейін тиражбен тарайды. Бұл дегеніміз тіл білімінің атасы А.Байтұрсынұлы айтқандай «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» іспеттес мерзімді басылым ешқашан жоғалмайтынының айқын көрінісі. Оның үстіне ауданымыздың жаршысы «Тіршілік тынысын» әрбір отбасы оқу қажет. Біз аудан жаршысын үзбей оқимыз және асыға күтеміз. Атқарушы орган жасап жатқан жүйелі жұмыстардан тұрғындардың барлығы хабардар болуы керек. Сол себепті биылғы жылдан бастап ауылдың халқы оқысын деген ниетпен сіздердің басылымға жазылдық, – деді серіктестік төрағасы Ж.Сыздықов.
Жеңісбек Шәкімбайұлының бұл пікірімен толық келісуге болады. Себебі «Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген мағыналы сөз бекерден-бекер айтылмаған.
Газеттің оқырманын көбейтуге айтарлықтай үлес қосқан шаруашылық ұжымына өз ризашылығымызды білдіреміз. Аудан жаңалықтарының жаршысына айналған басылымның мерейі үстем, оқырманы жылдан-жылға көбейе береді деп сенеміз.
Майя ҚОЖАБАЙ