Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажырлы еңбекке – лайықты құрмет

Қажырлы еңбекке – лайықты құрмет

Бүгін аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің бас редакторы Сәуле Ерімбет құрметті еңбек демалысына шықты. Осыған байланысты аудан әкімдігінің мәжіліс залында арнайы жиналыс өтіп, саналы ғұмыры журналистика саласына арналған жанға құрмет көрсетілді.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Р.Рүстемов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын ақпараттандыруда, жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жаңалықтарды тұрғындарға сапалы әрі уақытылы жеткізуде аудандық газеттің алатын орны ерекше екенін атап өтті.
– Қай кезде де газет журналистерінің қоғам дамуында алатын орны айрықша. Бүгін аудандық басылымда ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Сәуле Сұлтанқызын зейнеткерлік демалысқа шығарып салу мақсатында жиналып отырмыз. Өткен айда аудандық газеттің бас редакторын қабылдап, атқарылған және алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстар жөнінде пікірлескен болатынмын. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 10 қазан күні редакция жұмысымен де таныстым. Жалпы, аудандық басылымға қолдау көрсету, ұжым қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында алдағы уақытта да қарқынды жұмыстар жүргізілетін болады, – деген аудан әкімі Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті аптасына екі мәрте 3000-нан астам данамен таратылып жатқанын, алдағы уақытта бұл межені көтеру қажеттігін айтты.
Жиын барысында "Сыр Медиа" ЖШС-нің бас директоры А.Оңғарбаевқа ұзақ жылдар аудандық газеттің абырой биігінен көрінуі үшін қажырлы еңбек еткен Сәуле Ерімбетке серіктестік атынан алғыс айтып, облыс әкімі Қ.Ысқақовтың "Алғыс хатын" табыс етіп, иығына қазақы дәстүрмен қамзол жапты. Сонымен бірге, ардагер-журналист М.Сақтапов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева мерейтой иесінің тағылымды істерін айтып, ақжарма тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде С.Ерімбет көрсетілген құрмет үшін жиынға қатысушыларға және әріптестеріне шынайы алғысын білдірді.
"ТТ ақпарат"
15 қазан 2019 ж. 790 0