Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Күй құдыретін танытқан

Күй құдыретін танытқан

Құрақтың Досжаны атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі есептік концерт берді. Сыр бойында өмір сүрген күйшілердің арасында дәулескер күйші Досжан Құрақұлының есімі ерекше аталады. Ауданда құрылғанына 50 жыл болған Құрақтың Досжаны атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі жыл сайын есепті концерт ұйымдастырып, өнер сүйер қауымды ұлттық өнермен сусындатады. Апта ағымында оркестр «Ғасырлар пернесі» атты концерттік бағдарламасын сырдариялық көрерменге ұсынды. Оркестрге Қазақстан Республикасының «Мәдениет және білім саласының үздігі», Сырдария ауданының Құрметті азаматы, өнер майталманы Сансызбай Сәдуақасов жетекшілік етеді. 39 жылдан бері халықтық атаққа ие өнер ұжымы, әр үш жыл сайын халықтық атағын қорғап келеді.

– Құрақтың Досжаны ұлт аспаптар оркестрі ауданда құрылған жылдан бастап, өнер саласында өзіндік орнын қалыптастырды. Оркестрге аты берілген Құрақтың Досжаны саналы ғұмырын күйшілікке арнаған, соңына өлмес мұра қалдырған дәулескер күйші. 12 жасында Досжан Сыр бойының көптеген күйшілерінің күйін шебер ойнаған. Өз дәуіріндегі атақты күйшілер Шал, Мырза, Әлшеке, Қазанғаптардың күйін тыңдап, өзі де күй шығарған. Атақты күйші Нар­тай Бекежановтың концерттік бригадасының құрамында 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан. Құрақтың Досжаны «Қара жорға», «Бұқтым-бұқтым», «Жетім қыз», «Терісқақпай», «Көкек», «Кербез төре», «Қоңыр қаз» т.б. күй шығарған, – дейді оркестрдің көркемдік жетекшісі Сансызбай Сәдуақасов.

Биыл аудан әкімінің қолдауымен оркестрге ұлттық аспаптар алынды. Халық күйлері мен Қазақстан композиторларының шығармаларын өз репертуарына енгізген жарты ғасырлық тарихы бар ұжым аудан атын асқақтатып келеді.

Қасиетті өнерді сахна төріне алып шыққан оркестр өзіндік өрнегі бар туын­дыларды орындады. Атап айтқанда Құрманғазының күйі «Саранжап», «Адай», Нұрғиса Ті­лендиевтің «Мұра­гер», «Әлқисса», Сүгірдің күйі «Ыңғай төк», Бөрі Исаевтың «Мерекелік күй», Әсет Бейсеуов әндерінен поппурий, В.Зубков «Мелодия», Ермұрат Үсеновтің «Көңілді арбакеш», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын орындады. Жас домбырашы Дінмұхаммед Алмасұлы Кетбұғының «Ақсақ құлан», Абылайхан Қиылым­ханов Нұрғиса Тлендиевтің «Аққу» күйін орындаса, жеке дауыста Қай­рат Сәтбаев Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскейін» шырқады. Термеші Әйгерім Үсенова Тұрмағамбет Ізті­леуұлы­ның «Тәлім» термесін орындады. Домбырашылар блогының «Күй тартысы» да көрер­меннің қошеметін алды.

Құрақтың Досжаны атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрінің концерті осылайша шаттықты күн­дердің шұғылалы сәулесін шанақтан шартарапқа таратты.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
30 қараша 2024 ж. 131 0