Гаухар Сәрсенбаева, аудандық мәдениет үйінің әдіскері: Сала жұмысы серпіліске толы
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінің әдіскері, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Гаухар Сәрсенбаева саладағы жұмыстың үйлестірілуі туралы газет тілішісіне сұхбат берген болатын.
– Гаухар Қожабергенқызы, мәдениеттің ыстығы мен суығын көріп келе жатқаныңызға біршама жыл болды. Жалпы, кәсіби мереке қай жылдан бері аталып келеді?
– Сырдария ауданының төл перзенті ретінде өмірімнің мәдениетпен байланысқанына 30 жылдан астам уақыт болды. Көптің көңілінен шығу оңай емес. Көрерменге рухани, мәдени демалыс ұйымдастыруда уақытпен санаспайтын кез болады. Жұртшылық мереке күндері демалып жатса, біздің жұмысымыз керісінше «қызады», мерекелік концерт беріп, үнемі қызмет бабында жүреміз.
Жалпы, атаулы мереке 2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес аталып келеді. Саладағы өркенді қызмет Мемлекет басшысының Жолдауларына, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», бағдарламалары және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылуда. Сонымен қатар Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы, ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына және басқа да мерейтойлық іс-шараларға сәйкес атап өтілуде.
Бүгінгі таңда ауданда 16 ауылдық мәдениет үйі мен клуб кәсіпорны халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі қалыптасқан пандемияға байланысты шаралар онлайн түрде өткізілуде. Нақты айтқанда, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін насихаттау жолында көптеген іс-шара қолға алынды.
– «Мәдениет – мәңгілік қазына, өнер – өшпес мұра», демекші, ауданның мәдениеті мен өнерін өрге сүйреген, ел аузында қалған тұлғалар тұрғысында айтсаңыз?
– Ауданнан талай от ауызды, орақ тілді ақындар, қаламы қарымды қаламгерлер, өнерде өз өрнегін тапқан өнерпаздар, елге танымал тұлғалар шыққан. Бүгінгі ұрпақ ата дәстүрін әрі қарай жалғастырып, тәуелсіз елдің туын желбіретіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ауданымыздың ғана емес, ұлтымыздың мақтанышына айналуда.
Мәдениет пен өнер туралы сөз қозғағанда Сырдария ауданынан шыққан әдебиет пен өнердің саңлақтарын айтамыз. Сұлтанәлі Қожықов, Серәлі Лапин, Ләтипа Қожықова, Сәбира Майқанова, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановты, ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовты, ақындар Әбділда Тәжібаев пен Қуаныш Баймағанбетовты, жазушы Әбірәш Жәмішевтің есімі ерекше аталады. Ауданда алғаш рет оркестр ұйымдастырған Құрақтың Досжанын, күйші Сламбек Ысқақов және басқа да аға-апаларды еске аламыз. Әрине, елімізге белгілі ауданнан шыққан тұлғалардың өмір жолы біз үшін мақтаныш, ұрпақтар сабақтастығы екендігі де даусыз.
Осының жалғасындай, жазушы, мәдениет қайраткері Төлепберген Тобағабыл, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимннің авторларының бірі, лирик ақын Жадыра Дәрібаева, сыншы, белгілі ақын Сейфолла Оспан, ақындар Оразбек Беспаев, Иран Ғайып, айтыскер ақын Замаддин Ибадуллаев, театртанушы Әмір-Темір Хұсейін, сазгер Рамазан Тайманов, қолөнер шеберлері Сражадин Әкімов, Жәнібек Маханбетов, мүсінші Жаркен Исмағұлов, эстрада әншісі Жеңіс Ысқақовалар да халықтың жадында мәңгі жаңғыруда.
– «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ауданда халықтық атағы бар ұжымдардың орны ерекше. Олардың мәдени қызметі де жыл сайын сараланып, жанданып келеді. Жалпы, ауданда қанша халықтық ұжым бар? Ауылдық жерлерде осы атақты қорғаған ұжымдар туралы не айтасыз?
– Ауданның мәдениет саласы бойынша 14 халықтық атағы бар ұжым аудан, облыс халқына мәдени қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде, 6 халықтық атағы бар ұжым аудандық мәдениет үйі жанында. Олар «Сәдуақасовтар» халықтық отбасылық ансамблі, «Ритм» халықтық вокальды аспапты ансамблі, «Балауса» халықтық би ансамблі, аудандық халық театры, «Дала дидары» халықтық мәдени үгіт бригадасы, «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі. Ал 8 халықтық атағы бар ұжымдар елді мекендерден. Олар Аманкелді ауылдық мәдениет үйі «Жадыра» халықтық әжелер ансамблі, Шаған ауылдық мәдениет үйі жанында «Сыр гүлі», «Сарыбаевтар» халықтық отбасылық ансамблі, Бесарық ауылдық мәдениет үйі жанында «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі, Қ.Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйі жанында «Ақ Дариға» халықтық әжелер ансамблі, «Шаттық» халықтық би ансамблі, «Көңілашар» әзіл сықақ отауы, Айдарлы халық театры көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.
– Жыл сайын ұйымдастырылатын өнер байқауларында жерлестеріміз жүлделі орыннан көрініп, ел мерейін асырып келеді. Биылғы ауданның мәдениет саласындағы жетістіктерге тоқталсаңыз?
– Ауданның өнерпаздары қандай байқауға барса да жүлдемен оралуды дәстүрге айналдырған. Халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда аудан намысын қорғап жүрген өнерпаздардың есімін мақтанышпен айтамыз. Атап айтқанда, биыл «Балауса» халықтық би ансамблі Елордада өткен «I m a STAR KZ» халықаралық байқауына қатысып, бас жүлде алды. Шіркейлі ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Шаттық» халықтық үлгілі би тобы Алматы қаласында өткен Республикалық «Дала сазы» атты онлайн байқауында жүлделі 1-орынды, «Сыр гүлі» халықтық би ансамблі Украина қаласында өткен балалар шығармашылығына арналған халықаралық өнер фестивалінде 1-орынды иеленді.
Аудандық мәдениет үйі жанындағы З.Ибадуллаев атындағы «Алдаспан» жас ақындар үйірмесінің өнерпазы Нұрахмет Мансұров Қармақшы ауданында Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай өткізілген «Ғасыр ғұмырлы ғажап ақын» атты облыстық жас ақындар айтысына қатысып, 3-орынды. иеленді. Ғ.Жанұзақов атындағы Айдарлы ауылдық клубы жанындағы «Нұрай» би тобы Германияда өткен халықаралық байқауынан І орынды иеленіп, «айды аспанға шығарды». Қызылорда қаласында Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай «Көктем нұры» атты республикалық мектеп оқушылары арасында өткен айтыста Нұрахмет Мансұров жүлдегер атанды. Аудандық халық театры Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясын жаңа форматта екі сериялы кино фильм етіп түсіріп, көрерменге ұсынды.
– Соңғы жылдары мәдениет саласында жас өнерпаздар легі көрермендер көзайымына айналуда. Талантты жастардың есімін білсек?
– Бүгінгі таңда ауданда өздерінің өнерлерімен көзге көрініп жүрген талантты өнерпаздар көбейіп келеді. Оның ішінде «Сырдария» квартеті, әнші Динара Жәкеш, Абылайхан Байділдаевтың ізін басып келе жатқан Жанерке Науан, Сәулет Қайып, Батыржан Амангелдиев, Қазына Жылқайдарова, Айсара Қайратқызы, Әлия Медет есімді өнерпаздар болашақта еліміздің жарық жұлдыздары деп сеніммен айтуға болады.
– Алдағы уақытта ауданның өнерсүйер қауымын қандай жаңалықтармен қуантасыздар?
– Алдағы уақытта да мәдениет саласы қызметкерлері халыққа қызметтерін жоғары деңгейде көрсете береді. Өнерсүйер қауымға аудандық халық театры Шекспирдің «Ромео мен Джульеттаны» сахналау жоспарлануда.
Сонымен қатар аудандық мәдениет үйі жанындағы «Құрақтың Досжаны» атындағы халық ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасұлының 70 жылдығына орай «Күмбірле күй – домбыра» атты аудандық күйшілер байқауын осы жылы 25 мамырда өткізу жоспарлануда.
Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ