Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет үйі: Өнер ордасы, таланттар құтханасы

Мәдениет үйі: Өнер ордасы, таланттар құтханасы

Аудандық мәдениет үйінің бүгінгі ғима­раты 1973 жылы пайдалануға беріліп, сол кезден бастап халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Десе де, әр кезең өзіндік ерекшелігімен, жаңашылдығымен тарихта қалуда. Былайынша, мәдени іс-шараларды сырттан тамашалап, әдемі көрініске куә болып, жаны сергіп қайтқан көпшілік сахнаның сыртында қаншалықты еңбек, қандай жұмыс жатқанын біле бермейді.

Мәдениет саласының әрбір қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Тіпті кейде ауқымды іс-шараларды қатарынан абыроймен өткізіп келе жатқан қызметкерлердің халық алдына әдемі қалпында шығып, еш шаршамай, күліп жүргенін көргенде, бір жағынан қуанып, бір жағынан тәнті болатынымыз рас. Бұл сала мамандарының өз ісіне деген асқан сүйіспеншілігі мен махаббатын көрсетсе керек.

Ұл-қызы өнерлі, өнегелі, тұрмысы берекелі, қариясы кемел, жастары жалынды ауданда мәдениет пен өнерді дамытуға үлес қосқан арда азаматтар жетерлік. Қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов, абыз ақын Әбділда Тәжібаев, театр падишасы Сәбира Майханова, драматург, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, атақты ақындар Иранбек Оразбаев, Әбіраш Жәмішев, Сейфолла Оспан, Жадыра Дәрібаева, Сыр елінің өнерін әлемдік деңгейге көтерген қарымды суреткер, белгілі режиссер Хүсейін Әмір-Темір, өтірік айтыс шебері Заметдин Ибадуллаев, композитор Рамазан Тайманов, күйшілеріміз Құрақтың Досжаны мен Исламбек Ысқақов, сондай-ақ эстраданың жарық жұлдыздарын ауыз толтыра атап өту орынды. Ән мен жырдың Отаны атанған Сыр елінде туып, күллі қазақтың мақтанышына айналған өнер иелерінің тізімін тоқтаусыз жалғастыруға болады.

Жалпылай айтқанда, ауданымызда аудандық және кент мәдениет үйінен бөлек, 6 ауылдық мәдениет үйі, 6 ауылдық клуб, лайықтандырылған кент клубы мен бейім­делген ауылдық клубы жұмыс жасауда. Сондай-ақ халық театрлары мен «Құрақтың Досжаны» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Сәдуақасовтар» жанұялық ансамблі, «Ритм» халықтық вокалды-аспапты ансамблі, «Балауса» халықтық би ансамблі ауданда өт­кен әрбір іс-шараның көркін қыздырып, мәдени іс-шаралардың сәнін келтіріп жүр. «Дала дидары» мәдени үгіт бригадасы, «Сарыбаевтар»­ халықтық отбасылық ансамблі, «Сыр гүлі» халықтық би ансамблі, Айдарлы халық театры, «Жадыра» халықтық әжелер ансамблі, «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі, «Шаттық» халықтық би ансамблі, «Көңілашар» халықтық ойын-сауық отауы, «Ақ дариға» халықтық ансамблі мен мәдени-демалыс кешені жұмысын да атап өткеніміз орынды. Сонымен қатар аудан бойынша жалпы 100-ден аса үйірмеге мыңнан астам өнерпаз тартылған.

Еліміз егемендік алып, мемлекет тарапынан өнердің өрісін кеңейтуге үлкен қолдау жасалып келе жатқаны айқын. Осы орайда мәдени ошақтардың барлығы дыбыс күшейткіш аппаратуралармен, концерттік костюмдермен, ұлттық аспаптармен, заманауи лэд экран, бейнепроектор, сахна пердесі, дыбыс жазу студиясы және техникалық құралдармен жабдықталғанын айтып өту орынды.

Халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан мәдениет саласының ел өмірінде алатын орны орасан. Сала мамандарының еңбегі қашан да елеулі. Ұрпақтар сабақтастығы дейтін алтын тін аталған салада да жалғас тауып, бүгінгі таңда мәдениет саласы жас өнерпаздармен толығуда. Өнер өлкесінде өзіндік із қалдырып, дария жағасын жайлай қонған аудан атын үлкен сахналарда шығарған өнерпаздар жолын жалғап, ел руханиятын дамытуда өлшеусіз еңбек етіп жүрген сала мамандарына шығармашылық табыс тілегіміз келеді.
А.Мұханбетқали
20 желтоқсан 2023 ж. 289 0