Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘДЕНИЕТТІҢ ҚОС МАЙТАЛМАНЫ

МӘДЕНИЕТТІҢ ҚОС МАЙТАЛМАНЫ

Дана Абай «Құлақтан кіріп, бойды алар,  жақсы ән мен тәтті күй...» дейді. Міне, сол ән мен күйдің өн бойыңды шымырлатуы өнер иелерінің ерекше талантына байланысты. Ондай талантты танып, тәрбиелеп, көпшілік алдына шығару тек «өнер» десе ішкен асын жерге қоятын майталман мамандардың ғана қолынан келмек. Бұл тұрғыда ауданның өнер саласында есімі ерекше аталатын Сансызбай Сәдуақасов пен Жантемір Айсиннің орны бөлек.
Ес білгелі есті әуенді біліп, кейінгіге үйретумен келе жатқан қос талант иесі ауданның мәдениет саласын өсіруге зор үлес қосып келеді. Аудан ғана емес, облыс, республикаға танымал тұлғалар аудандық әуез мектебінде қажырлы еңбек етіп, талай таланттарды түлетіп шығарды. ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы»  Сансызбай Сәдуақасұлы 1974 жылы «Құрақтың Досжаны» атындағы ұлт аспаптар оркестрін құрып, сырдариялық таланттар республика көлемінде өнер көрсетті. Ол 1985 жылы «Халықтық» атақ алған оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері. Сонымен бірге өнер иесі 1998 жылы «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблін құрды. Аталмыш саласының әр түрін меңгерген отбасы мүшелері аудан, облыс көлеміндегі айтулы шараларда өнер көрсетеді. Отбасылық ансамбльге 2012 жылы «Халықтық» атақ берілген. Жарты ғасырға жуық уақыт аудандық әуез мектебінде жұмыс істеген С.Сәдуақасов өнерлілерді биіктерге өрлетуде еңбегі зор.
ҚР мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жантемір Айсин де еңбек жолын аудандық әуез мектебінен бастаған. Алғаш 1973 жылы мектепке мұғалім болып келеді. Шәкірт тәрбиелеп, көптеген таланттарға сабақ берді. Әуез мектебінде директордың орынбасары, 1982-1987, 2003-2017 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. Ауданның мәдениет саласын да басқарып, халықты ән-жырмен сусындатты, саланың өркендеуіне елеулі еңбек сіңірді.
Мәдениет, өнер саласында атқарған қызметі айрықша қос майталманды жақында құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Мерекелік шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Алмас Есназар, Шаған әуез мектебінің директоры Өмірбек Сарыбаев, аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрхан Көшербаев құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бұл кісілердің ауданға сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін айтып, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ аудандық әуез мектебінің директоры Марат Сәдуақас ұжым атынан құттықтауын жеткізді. Мектептің ардагер-ұстаздарына бағалы сыйлықтар табыс етіп, биылғы «Жастар жылы» аясында аудан, облыс көлемінде өткен шараларға үздіксіз қатысып, белсенділік танытқан бірқатар жас ұстаздарды алғыспен марапаттады.
Құрметті зейнет демалысына шығару салтанатында аудандық әуез мектебінің ұздаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Е.БЕРКІНБАЕВ
23 қазан 2019 ж. 1 715 0