ТҮРКИЯДА ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ
Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрінің өнерпаздары Түркия мемлекетінде түркі тілдес халықтарының өнер фестиваліне қатысады. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен шара 1-10 маусым аралығында Кастамону, Анкара, Ақсарай, Болу қалаларында өтеді.
Тұрмағанбет атындағы оркестрдің концерттік бағдарламасы көрермендерге түрлі жанрдағы шығармаларды ұсынады. Оркестр музыканттары қазақ халқының әндері, Әлшекей, Құрманғазы, Қорқыттың күйлері және әлемдік, қазақстандық композиторлардың шығармалары мен Сыр термелерін орындайды.
Сонымен қатар, оркестрдің сүйемелдеуімен Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінің өнерпаздары да өнер көрсететін болады.
«Алыс және жақын шетелдердің сахнасында өнер көрсету арқылы Сыр елінің орындаушылары ұлттық өнердің дамуына және насихатталуына өз үлесін қосып келеді», – дейді облыстық филармония директоры Талғат Мақашов.
Айта кету керек, Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрі Сыр сүлейі, атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында 2007 жылы құрылды.
Бүгінде оркестр құрамында 60-қа жуық музыкант бар. Ұжыммен тәжірибелі 2 дирижер, оркестрдің жетекшісі «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Күлдары Избанова жұмыс жасайды. Көркемдік жетекшісі – Самат Абылаев.
Оркестр репертуарына 400-ге жуық шығарма қамтыған. Ұлтымыздың дәулескер күйшілері Қорқыт, Құрманғазы, Дина, жергілікті Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалдыбай сынды дала композиторларынан бөлек, қазақ ұлттық әндері мен әлемдік классикалық және Қазақстан композиторларының туындылары оркестр репертуарының негізін құрайды.
Оркестр өзінің ерекше орындаушылығы арқасында үлкен қошеметке ие.
«СБ» ақпарат.