Еңбегімен елге сыйлы ана
Көрнекті жазушы, қаламгер Әзілхан Нұршайықов бір еңбегінде «Ананың үш бақыты бар. Олар – ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі» деген екен. Бұдан асырып не айтуға болады?! Расында, әйел ана адалдық пен көркемдіктің символы, ұрпағының жанашыры, ұрпақ жалғастырушы және де ізгі еңбегімен абыройға жеткен асыл жан. Бұл теңеулердің барлығы «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі, абзал ана Айымкүл Жұбанышоваға қарата айтылғандай.
Кейіпкеріміз Айымкүл Жұбанышова 1954 жылдың тумасы екен. Шіліңгір шілденің нағыз ысыған шағы, яғни 22-інші жұлдызында дүниеге келіпті. Өзі үйдің үлкені. Ал үйдің үлкеніне қай кезде де артылар сенім мен жүктелер жауапкершілік жоғары екені белгілі. 6 қыз, 1 ұл өсіп-өнген шаңырақта түлеген абзал жан бала күнінен өнерге, білімге, мәдениетке құштар болған. Себебі әкесі Оңталап Жұбанышов шебер мұғалім еді. Механиктер мектебінде еңбек еткен ол ұл-қыздарының білім алып, өнер меңгеріп, еңбекке ерте араласуына, өмірден өз орындарын табуына барлық жағдай жасаған. Анасы Дәрігүл Қарабасқызы аспазшы болып еңбек еткен. Аспаз адамның тазалықты сүйетіні белгілі ғой. Ендеше бұл отбасындағы 6 қыздың барлығы да тазалықты ту еткен, асқа адалдық, басқа амандық тілеп өскен ізгі ұрпақтар деуге болады.
А.Жұбанышова Ғ.Мұратбаев атындағы мектепте 1961-1971 жылдары білім алған. Он жылдық мектепті ойдағыдай тәмамдап, қолға аттестат алған өрімдей жастың арманы дәрігер болу еді. Сөйтіп сол арманына қанат бітіріп, медициналық училищеге оқуға түседі. Акушерлік білім алып, мамандық меңгереді. Жас, білімді ару оқу оқып жүріп, өмірлік серігі Мешітбай Бодановпен танысып, көңіл жарастырады. Содан 1972 жылы отбасылық өмірге қадам басып, іргелі отбасыға келін болып түседі.
– Мешітбай 1951 жылғы. Бізден жоғары курста оқыды. Кейін ауылдық дәрігерлік пункте фельдшер болып еңбек етті. Содан зейнет демалысына шықты. Өзім Алдаберген Бисенов ағай төраға кезінде 10 жылдай күріш ектім. Бәтен Ерназаров, Қалдыбек Әбдіреев, Айғали Тәутенов секілді бригадирлердің қарамағында жұмыс істедім. Кейін аудандық залалсыздандыру мекемесіне жұмысқа орналастым. Мұнда басшымыз Зұлқарнай Бодықов еді. Аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық саланың басы-қасында жүрген әріптестеріммен бірге ауданда өршіген безгек ауруымен, сары аурумен білек сыбана күрестік. Безгектің шығу ошағын анықтап, жұқпалы індетпен күн-түн күресіп, адамдардың сары аурумен жаппай ауруын тоқтаттық. Әр жылдары түрлі жұқпалы аурулар өршиді. Есімде, бір жылдары масадан жұғатын ауру пайда болды. Әдепкіде науқастарға нақты диагноз қойылмады. Талақ пен бауыр ісініп, адамдарды өлімге дейін әкелетін жағдай болды. Мәскеуден келген мамандар ұзақ уақыт тәжірибе жүргізді, – деген Айымкүл Жұбанышова бұл мекемеде 1986-1998 жылдары еңбек еткенін айтып өтті.
Зейнет демалысына 2007 жылы бала санымен шыққан кейіпкеріміз еңбекте үздік маман, ұжымда сыйлы әріптес болса, отбасында да ардақты ана, асыл жар бола білді. Өз саласының майталманы атанған Мешітбай Бодановпен бірге 4 ұл, 1 қызды өмірге әкеліп, өсірді, жетілдірді. Бүгінде олар түрлі салада жемісті еңбек етіп, 15-ке жуық немере мен бірнеше шөбере сүйгізіп отыр. Үйдің үлкені Қайрат 1973 жылғы екен. Ол әкесінің жолын қуып, денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Қазір «Құмкөл» кенішінде фельдшер қызметін атқарады. 1975 жылғы Айгүл есімді қыз Қазанғап атындағы музыкалық колледжде жұмыс істейді. Үшінші ұл Талғат 1976 жылғы. Ол Алматыда тұрады, үлкен күзет компаниясында еңбек етеді. Сұңғат ауылдағы шаруашылықта күрішші еді, соңғы жылдары шаруашылықтың күзет бөліміне ауысты. Осы ретте Сұңғаттың өз атасы Бодан Деменовтің ауыл шаруашылық саласында қажырлы еңбек еткенін айта кеткеніміз жөн. Үйдің кенжесі Мұрат «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорнында жұмыс істеп жатыр. Ал немерелердің алды мектепке барып, жоғары оқу орындарында оқуға талаптанып тұр. Бұйырса олар ата-әжелерінің, әке-аналарының атын жақсы жағынан шығармақ ниетте.
– Өзім өскен отбасым да, келген жерім де «Ердің асылы күшінен білінеді, Әйелдің асылы ісінен білінеді» деп әркез айтып отыратын. Балаларымды осы нақылға сәйкес күш-қуатты болуға тәрбиелеп, азамат етіп қалыптастырдық. Өзім жұмыста да, отбасында да ісімнің тиянақты болуына көп көңіл бөлетінмін. Өйткені әкем де, анам да тазалықтың адамдары еді. Мектепте оқып жүргенімде, студент атанған кезімде өнерге құштар болдым. Сол құштарлығым осы «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі болуыма оң ықпал етті. Өмірімдегі жақсы жетістіктерімнің ішінде ансамбль қатарында жүріп жеткен жетістіктерімді жоғары бағалаймын. Қандай да бір байқауға қатысып, орын алсақ, ерекше қуанамын. Сахнаға шыққан сайын әлі күнге қобалжимыз. Өйткені халықтың алдына шығып, өнер көрсету оңай емес. Маған ансамбль құрамына мүше болу жөніндегі ұсынысты Жанат Шайзадаева айтты, – деді кейіпкеріміз.
Ұсыныс телефон арқылы түсіпті. Себебі ол кезде Айымкүл апа ауылда болмаған. Қарағандыдағы інісі Кендебайдың 60 жас мерейтойына жол жүріп кетіпті. Телефонның да тапшы кезі. Әжелердің басын қосып, арнайы ансамбль құру қамымен жүрген Жанат Шайзадаева Айымкүл апаға телефон соғады.
– Апа, амансыз ба!
– Қалайсың, Жанатжан!
– Біз ансамбль құрып жатырмыз, сізді де қатарымызға қосқымыз келеді.
– О-о, құтты болсын! Қуана-қуана келісемін, бірақ бір әттеген-айы бар. Мен дәл қазір ауылда емеспін.
– Қайдасыз?
– Қарағандыда. Бүгін қайтсам, үлгеремін бе?
– Иә, онда тезірек ауылға қайтыңыз. Сізді тіркеп қоямын, асыға күтеміз.
Міне, осындай диалог Айымкүл Жұбанышованың өнер өлкесіне қадам басуына жол ашты. Ол ауылға келе салысымен ансамбльдің алғашқы басқосуына қатысып, топ мүшелерімен тез түсінісіп кетті. Бәрі ауылдың адамдары, ауылдың әжелері. Басқосудың өзі бір концерт секілді. Әжелер ән салады, барша жұрт тамсанады. Бұған да он бес жылдың жүзі болды. Қазір «Ақ әжелер» ансамблінің өзіндік тыңдарманы қалыптасты. Айымкүл Жұбанышова ансамбль мүшесі ретінде тек ән айтпайды, ол жекелеген байқауларға да қатысып келеді. Мәселен аудандық деңгейде ұйымдастырылған «Әжем айтқан ертегі» байқауының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ «Ене мен келін» байқауына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленген. Мұның бәрі өзінің еңбегінің, өнерге, білімге, мәдениетке деген құштарлығының мәуелі жемісі. Сондықтан Әзілхан Нұршайықовтың «Ананың үш бақыты бар. Олар – ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі» деген сөзі біздің кейіпкерімізге қарата айтылғандай.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ