Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі отбасының бақыты мен жақұты

Берекелі отбасының бақыты мен жақұты

«Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп бекер айтылмаса керек-ті. Ер мен әйел арасындағы сыйластық өнегелі отбасының бірлігінің бекем, тірлігінің көркем болуына тікелей ықпал етеді. Н.Ілиясов ауылындағы Мұханбет Алашбаев пен Сәрсенкүл Қарақаева сондай жақсы отбасының иелері. Екеуі де білім саласының ардақты да сыйлы ардагерлері.

«Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі Сәрсенкүл Қарақаеваны іздеп үйіне барғанымызда бізді отағасы Мұханбет Алашбаев қарсы алды. Сөзшең, іскер азамат екен. Біздің келгенімізге қуанып, төрге оздырған азамат бірінші күні Сәрсенкүл апайдың тойға кеткенін айтты. Сөйтіп кейіпкерімізбен кездесе алмай, келесі жолы келерміз деп сұхбаттаса алмай қайттық. Екінші жолы барғанымызда да бізді Мұханбет ағамыз күтіп алды. Бұл жолы кейіпкеріміз біздің келетінімізді естіп, дүкенге кеткен екен. Бар тәттісін, ең жақсысын қонаққа ұсынатын нағыз ауылдың қонақжай адамдары ғой. Пейілі мен ниетіне риза болдық. Апамыз дүкеннен келемін дегенше Мұханбет аға тарихи, тағылымды әңгімелер айтып, ел дамуының қоғамдық-саяси, рухани-мәдени салалары жөнінде пікірлерін ортаға салды. Орнықты ойларынан білім деңгейі мен азаматтық пайым-парасатының жоғары екенін аңғардық. Сүт пісірім уақытта Сәрсенкүл апамыздың да төбесі көрініп, сұхбаттасу мақсатында төргі бөлмеге ойыстық.

Сәрсенкүл апамыз негізі Қармақшы ауданының тумасы екен. Бұрынғы К.Маркс ауылында 1951 жылы 9 мамырда дүниеге келген. Әкесі Қарақай Еділбайұлы тыл ардагері болыпты. Ал анасы Рыскүл Байжанқызы үй шаруасындағы әйел болған. Әкеден адалдықты, анадан мейірімді бойына сіңіріп өскен кейіпкеріміз отбасында 4 қыз, 1 ұл болған.

«Әкем ерте, яғни 1960 жылы қайтыс болды. Мен ол кезде 2-сыныптың оқушысы едім» деп еске алады үйдің кенжесі болып бойжеткен Сәрсенкүл апа балалық шағына көз тас­тап.

С.Қарақаева аудан орталығындағы А.Жда­нов атындағы №36 орта мектепте оқы­ған. Білім ордасының табалдырығын 1958 жылы аттаған ол 10 жылдық білім алғаннан кейін медициналық білім алуды армандапты. Бірақ үйіндегілер «педагог бол» деп нұсқаған. Жас күнгі арман мен отбасындағы бағыт-бағдар ұштасқан жылы кейіпкеріміз оқуға түсе алмай қалады. Сөйтіп мектеп бітіре сала еңбекке араласып, еңбек жолы басталады. Мұндай жағдай өткен ғасырдың 60-70-жылдары жас­тар үшін таңсық емес еді. Ол кездің жастары оқумен қатар жұмыс істеуді де алып жүруге ынталы болатын.

– Үйдің кенжесі қай кезде де ерке болады. Мен де ерке өстім. Бетімнен ешкім қаққан емес. Бірақ сол еркеліктің астарында үйдің қажетіне жарасам, еңбекақымды адалынан тапсам деген үлкен ой тұратын. Біз Тереңөзектегі УЗТОП деп аталатын аумаққа көшіп келдік. Туған ағам Қалдыбек Қарақаев есепші болып еңбек етті. Еңбек жолымды Энгельс атындағы бастауыш орта мектепте бастадым. 1971 жылы ағам Нағиға қоныс аударып, есепшінің көмекшісі ретінде жұмысын жалғастырды. Сөйтіп мен де осында келіп, мектепке жұмысқа орналастым. Ол кезде мектеп директоры Түймебай Айтбаев ағай еді. Мені бірден жұмысқа алды. Кейін жұмыс істеп жүріп Н.Гоголь атындағы институтқа құжат тапсырып, оқып алдым. Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім, – дейді С.Қарақаева.

Мектеп мұғалімі қоғамдық жұмыстардың белсендісі болған. Сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырып, ұжым­ның ортақ абыройы үшін еңбек еткен. Ауылдық жердегі қазақ балаларына орыс тілін үйрету мақсатында сабақтан тыс үйірме жұмыстарын жүргізіп, оқушыларын аудандық, облыстық конкурстарға, мектепшілік пәндік олимпиадаларға қатыстырып, жүлделі орын алып отырған. Осы ретте ұлағатты ұстаздың қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге де қажырлы үлес қосқанын айтып өтуіміз керек. Нақтырақ айтқанда, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қолданысқа енгізіліп, ана тіліміздің мерей-мәртебесін арттыруға бар қазақстандық үлес қосты. Бұл жұмысқа педагогтер да атсалысты. 1989 жылы ауданымызда республикалық семинар өтті. Семинарға қатысу үшін жан-жақтан келген делегаттар Т.Айтбаев (Э.Тельман) атындағы №132 мектепте болып, ашық сабақтарға қатысып, түрлі тәрбие жұмыстарының куәсі болған. Сәрсенкүл Қарақаева өзі жетекшілік ететін сыныбында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» тақырыбында сабақ өткізген. Осы тәрбие сағатына қатысқан қонақтар, ұстаздар жоғары бағасын беріп, алғыстарын айтқан. Бірде аудандық білім бөлімінің басшысы Камаладин Наурызбаев та Сәрсенкүл Қарақаеваның сабағына қатысып, білімі мен тәжірибесіне тәнті болып, оң бағасын беріп, ризашылығын білдіріпті. Бұл жас маман үшін үлкен мотивация болғаны анық. Сол себепті С.Қарақаеваны ұстаздық жолында 40 жылдан аса еңбек етіп, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласа білді деп нық сеніммен айта аламыз. Кейіпкеріміз көп жылдар бойы «Орыс тілі және әдебиеті» пәнінің бірлестік жетекшісі қызметін атқарған.

Еңбекте үздік маман атанған ұстаз отбасында аяулы жар, асыл ана, ардақты әже. 1974 жылы Мұханбет Алашбаевпен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басқан ол екі ұл, екі қызды өмірге әкеліп, жетілдірген. Үйдің үлкені Төлеген 1976 жылғы, ол музыкалық білім алып, қазір мәдениет саласында еңбек етуде. 1978 жылы дүниеге келген екінші қызы Сұлушаш білікті қаржыгер, Астана қаласында тұрады. 1980 жылғы Ардақ әкесінің жолын қуып, денешынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде ауыл мектебінде еңбек етуде. Кенже қызы Нұрсұлу Астана қаласындағы «Есіл» университетінің оқытушысы. С.Қарақаева мұнан бөлек қазақы үрдіске сай немересі Жасұланды бауырына басып, мейірімін төгіп келеді. Атасы мен әжесінің көзқуанышы болған Жасұлан да бүгінде ер жетіп, әскери қызметкер атанған. Сондай-ақ екі ұл, екі қыздан тараған 15-ке жуық немере үлкен әулеттің берекесі мен бақытын баянды етуде.

Ұлағатты ұстаз өнерден де кенде емес. Зейнеткерлік демалысқа шықса да мектептен, қоғамнан қол үзген жоқ. Ауылдық Қоғамдық кеңес мүшесі болды, мектеп жанындағы арда­гер-ұстаздардың төрайымы қызметін атқар­ды. Жастайынан белсенді болған ол ауылдағы «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі. Ансамбль құрамында жүріп талай байқауларға қатысып, үлкен сахналарда өнер көрсеткен. Әсем дауысымен ауыл мәдениетінің, өнерінің дамуына үлес қосып келеді.

– «Жақсы сөз жарым ырыс» дейді дана қазақ. Келешек ұрпағымыздың бойына рухани адамгершілік қасиеттерін ұялату, тәрбиелеу, оларды жақсылыққа жетелеу – ұстаздар мен ата-аналардың ортақ міндеті. Сол мақсатта «Өмірді сүйдім!», «Елімді сүйдім!», «Өнерді сүйдім!» атты жеке шығармашылығымнан топтамамды жарыққа шығардым. «Жыл мұғалімі» конкурсының алғашқы қатысушы­сы болдым. 1990 жылы Қазақ ССР халыққа білім беру министрінің Құрмет грамотасымен, 1991 жылы Алғыс хатымен марапатталдым. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай білім саласының дамуына қосқан үлесім үшін заттай сыйлық (қолсағат) иелендім. 1997 жылы панорамалық сабақ нәтижесінде аудандық білім бөлімінің грамотасымен марапатталдым, – деген С.Қарақаева 2023 жылы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлі­гінің Алғыс хатын иемденгенін де айтып өтті. Мұның бәрі еңбегінің еленгені, маңдай терінің жемісі. Берекелі отбасының бақыты мен жақұтына айналған қос қария бүгінде ұрпақтарының қызығын көруде. «Бұдан асқан бақыт жоқ, Аллаға мың да бір шүкір» дейді ардагерлер. Лайым, сол бақыт, шаттық ұзағынан болғай!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
29 қазан 2024 ж. 141 0