Абырой биігіндегі ана
Елдің ертеңі саналатын келешек ұрпаққа әріп танытып, адам бойындағы кісілік қасиетті үйрететін ұстаздар ұлттың ұстыны болуға әбден лайық. Қай дәуірдің ұлы тұлғаларының өзімен бірге ұлық ұстаздарының есімі қоса аталады. Біз білетін ардақты азаматтардың да барлығы ұстазға бас иеді. Парасат биігіне жол сілтеген ұлы ұстаздың есімі қай кезде де құрметпен айтылады. Бұл жылы сөздер, жақсы теңеулер саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Манат Оразбекқызына қарата айтылғандай.
Мағжан ақынның «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздыкі» деген сүбелі сөзі қазақ қоғамында қанатты қағидаға айналды. Осынау парасатты сөзге ұстаздан кейінгі төр ел-халыққа өнер көрсетіп, мәдениет саласының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан өнерлі, талантты жандарға тиесілі шығар деп ой бағамдаймыз. Ал Н.Ілиясов ауылының халқы түгелдей дерлік құрмет тұтатын Манат Оразбекқызы ұстаз ретінде де, өнер майталманы ретінде де абыройдың биігінде. «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі саналы ғұмырын ұлт руханиятының жаршысы болуға арнап келеді. 1950 жылғы 20 қаңтарда дүние есігін ашқан Манат Оразбекқызының бар өмірі Нағи Ілиясов ауылында өтті. Ерлері аттан, қазаны оттан түспеген текті отбасының түлегі әкесі Оразбек Тәжбеновтің майдангер болғанын, теңіз әскерінде Отан алдындағы өз парызын өтеп, елге жеңіспен оралғанын мақтан тұтады. Ал анасы Тортай Қорғанбаеваны білмейтін жан кемде-кем. Ол кісі ауыл мектебінде мұғалім болып, бірнеше толқынның алғашқы ұстазы ретінде жүрек төрінен орын алған ұстаз болған. «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атануының өзі ұстаздық қызметінің ұлағатын аңғартса керек-ті.
– Әкем Оразбек Тәжбенов 1919 жылдың тумасы екен. Ол кісі Тереңөзек ауданының бұрынғы К.Маркс колхозында дүниеге келген. Фин соғысының басталуына орай 1940 жылдан бастап Отан қорғауды мақсат санап, майданға аттанады. Кейін Ұлы Отан соғысына да қатысады. Гатчинадағы мұрағаттық мәліметтерге сүйенсек, әкемнің әскери теңіз флотында ел қорғағанын аңғарамыз. Соғыстағы ерлігі үшін орден, медальдермен марапатталды. Елге жеңіспен оралғаннан кейін біраз жыл агрономдық қызмет атқарған. Ұстаздық еңбек еткен анам Тортай Қорғанбаева екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсірген. Бүгінде олардың бәрі өсіп-өнген, – дейді ата-анасы туралы Манат Оразбекқызы.
Бұл отбасында бір ұл, екі қыз өсіп, қанаттанғанын айттық. Үйдің үлкені Сламбек Тәжбенов 1948 жылғы екен. Ол кісі де ұстаздық қызмет атқарған. Манат Оразбекқызы үйдің екіншісі болса, Жанат Оразбекова үй шаруасында. Кейіпкеріміз ескі қоныстағы Э.Тельман атындағы мектепте 8 жыл оқып, 1964 жылы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түскен. Оқу орнын 1968 жылы тәмамдап, ауыл мектебіне жұмысқа келген кезінде мектеп директоры Түймебай Айтбаев еді. Ал оқу ісінің меңгерушісі туғанына 100 жыл болса да жұрт жадында сақталған Алмат Наурызбаев болған. Осындай дара тұлғалардың қолдауымен бастауыш сынып мұғалімі ретінде өз еңбек жолын бастап, шәкірт тәрбиелеу ісінің қиыны мен қызығын жүрекпен сезінеді.
– 1970 жылы Кенжебек Анафияевпен отастым. Ол кісі шаруашылықта есепші болды. 1987 жылы Қараөзектегі шаруашылық директоры Әлтай Сыздықовтың шақыруымен шаруашылық директорының орынбасары қызметіне ауысты. Жолдасымның қызмет бабына орай мен де Қараөзекке қызмет ауыстырып, еңбек жолымды №39 мектепте жалғастырдым. Кейін сол ауылдағы балабақша меңгерушісі болдым. Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін де қосымша атқардым. Балабақшаның меңгерушілігін аудандық білім бөлімінің сол кездегі басшысы Камаладин Наурызбаев ағай ұсынды. «Жаспын ғой» деп жүрексінген едім, бірақ сенім артылған соң жұмыс істеуге тура келді. 1993 жылы Б.Мыханов Кенжекеңді қайтадан ауылға шақырып, бас агрономдық қызметке бекітті. Сөйтіп сол жылы ауылға қайта оралып, ұстаздық қызметімді жалғастырдым. Ол кезде Нұрмағанбет Қуандықов мектеп директоры еді. Содан 2006 жылға дейін еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп, абыроймен зейнет демалысына шықтым. Мектептің тыныс-тіршілігінен әлі күнге қол үзген жоқпын. Оның үстіне ұстаз болған анамды еске алу бағытында жыл сайын іс-шара өткізіліп, соған қатысамын, – дейді білім саласының ардагері. М.Оразбекқызының айтуынша, анасы Тортай Қорғанбаева өнерге жақын болыпты. Домбыра тартатын ол ән айтатын, қазақ ақындарының жырларын жатқа оқитын қабілетімен де дараланған. Анасының бойындағы осы қасиет ұрпақтарына да сіңісті болған. Кейіпкеріміз студенттік жылдарына көз тастап, республикалық байқауда топ жарғанын есіне алды.
– Әр бала өз анасын айрықша жақсы көріп, үлгі тұтады ғой. Мен де анам секілді ұстаз болуды бала күнімнен армандадым. Өсе келе оқуға, өнерге құштар болып, білімімді шыңдап, ән айтып, мәдени-көпшілік іс-шараларға тұрақты түрде қатысуды дағдыма айналдырдым. Әлі есімде студенттік жылдары республикалық байқау ұйымдастырылды. Н.Гоголь атындағы оқу орны мен біздің М.Мәметова атындағы педагогикалық училище студенттері бірігіп, ортақ топ құрдық. Мен сол топ құрамында хор айттым. Біз байқаудың бас жүлдесін жеңіп алдық, Сыр елінің абыройын асқақтаттық. Мұнан бөлек жылына бір рет мектепаралық жарыс болатын. Бұл жарысқа педагогикалық ұжымдар ерекше жауапкершілікпен, белсенділікпен дайындалатын. Бір жыл Шағанда, бір жыл Тереңөзекте кезектесіп өткізіледі. Кейбір жылдары дарияда көпірдің болмауы салдарынан Шағанда өткізіліп жүрді. Біз қалт-құлт өткен көпірден зәреміз ұшып өтіп, өнер көрсету үшін ауданға талай рет бардық. Мектеп мұғалімдері көбіне Аманжол (Жолтай) Нұралиевтің көлігімен барушы едік. Сол белсенділігіміз, өнер мен мәдениетке жақындығымыз 2008 жылы «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі атануымызға жол ашты. Мектепте ұйымдастырылған топты о басында Жұлдызай Ермағанбетова басқарған еді. Ол музыкалық білімі жағынан өте сауатты ұстаз. Кейін арнайы ансамбль болып құрылған уақыттан бері Жанат Шайзадаева жетекшілік етіп келеді. Мені топ құрамына Жанат шақырды. Ұсынысты бірден қабыл алдым, одан жаман болғаным жоқ, – дейді Манат Оразбекқызы.
Қоғамдық қызметте абырой биігінен көрінген ардақты жан отбасында аяулы жар, қадірлі ана, парасатты әже. Отбасының тірегі Кенжебек Анафияевпен бірге 1 қыз, 4 ұлды өсіріп, жетілдірді. Үйдің үлкені Лаура 1973 жылғы екен. Ол Байқоңыр қаласында денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Ал ер баланың үлкені Ілияс Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің директоры қызметін ұзақ жыл абыроймен атқарып, бүгінде осы мектепте жемісті еңбек жолын жалғастыруда. Ардақ пен Айдар Астана қаласында тұрады. Бірі құрылыс саласында, бірі жеке секторда еңбек етуде. Үйдің кенжесі Сырым жоғары білімді маман. Ол ауыл мектебінде информатика пәнінен сабақ береді. Немерелер де осал емес. Өнерлі, талапты, талантты немерелер ата-әжелерінің, әке-аналарының сенімі мен үмітін ақтап келеді.
Отандық білім беру ісінің корифейі, Қазақ КСР білім беру министрі болған Қожахмет Балахметов 1986 жылы ауданға келген кезінде ауыл ұстаздарының еңбегіне риза болып, ақ бата беріпті. Манат Оразбекқызы – сол ақ батаға ие болған білікті ұстаздардың бірі. Министрден бата алып, ұзақ жыл білім саласында жемісті еңбек еткен ардагер бірнеше рет облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен және «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатын иеленген. Мұнан бөлек «Әліппені оқыту тәжірибесі» «Бастауыш мектеп» журналына жарияланып, математика пәні бойынша әзірлеген іс-тәжірибесі республика мектептеріне үлгі ретінде таратылған. Мұның бәрі білім десе, өнер десе ішкен асын жерге қоятын еңбек ардагерінің ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Лайым, сол жемісті еңбектің рахатын Манат Оразбекқызы ұрпағымен бірге ұзағынан көрсін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ