Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әжелер ән салады, жұртшылық тамсанады

Әжелер ән салады, жұртшылық тамсанады

Кітап – жан азығы. Сарқылмас рухани қазына. Кітап арқылы білім беріледі. Кітап – жақсы дос. Кітап туралы көптеген қанатты сөз бар. Мәселен, «Кітап – білім бұлағы» деген сөзді бұғанасы қатпаған бала мектептен құлағына сіңіреді. Кітап оқуға деген қызығушылық мектепте, отбасында қалыптасады. Кішкентайынан кітаппен дос болуға үйренген адам өмір бойы алтын қазынадан ажырамайды.

Жақында кітап сүйер қауымға жаңа кітап жол тартады. «Әжелер ән салады, жұртшылық тамсанады» деп аталатын кітап есімі елге белгілі азаматтардың қолдауымен жарық көрді. Абзал, Дархан Ералиевтер Нағи Ілиясов ауылындағы «Ақ әжелер» ансамблінің 15 жылдық мерейтойына орай жазылған кітапқа демеуші болды. Бірнеше тараудан тұратын кітаптың ақ тілекті алғысөзін аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Дархан Ералиев жазған. Сонымен қатар Нағи Ілиясов ауылының әкімі Сағдат Нұрмағанбетов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева тыңдарманның сүйіктісіне айналған «Ақ әжелер» ансамблі туралы жылы лебіздерін білдірген.

– Атағы тек жақсы жағынан шыққан ырысты ауылдағы «Ақ әжелер» ансамблінің құрылып, үлкен сахнада өнер көрсетіп жүргеніне биыл 15 жыл толып отыр. Бұл айтулы белес өнерлі, белсенді әжелер үшін ғана емес, біз үшін де ортақ қуаныш, ортақ мерейтой. Ауылдың өнерін өрістетіп, мәдениетін биіктетіп жүрген ансамбльдің атқарған жұмысы мен сіңірген еңбегі көпке үлгі-өнеге. Талай бәйгеде топ жарған, көршілес облыстарды да мойындатқан әжелердің жетістігі ауылдың да даңқын асқақтатуда. Әжелердің алдағы уақытта мәдени-көпшілік іс-шаралардың басы-қасынан табылатынына сенемін. Лайым, ансамбльдің мерейлі мерейтойлары жарқын жетістіктермен еселене берсін, – дейді алғысөзде аудан басшысы.

Иә, сәулеті жарасқан, гүлденіп, жайнаған ауылдың тыныс-тіршілігі, даму белесі мен жарқын да жасампаз жетістігі талайды тәнті етіп келеді. Бұл сөзімізге ауылдағы игі істерге Мемлекет басшысынан бастап, Үкімет мүшелерінің, шетел азаматтарының жоғары баға беруі дәлел бола алады. Бұл жайында «Абырой биігіндегі ардақты аналар» тақырыбымен Дархан Ералиев өз алғысөзін жазған.

– Біздің ауылдағы «Ақ әжелер» ансамбілінің әрбір мүшесі әже деген ардақты атқа лайықты. Олар бір отбасының ғана емес, бүтін бір ауылдың мақтан тұтар аналары. Ансамбль мүшелері отбасында асыл жар, ардақты ана, аяулы әже болумен қатар мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысуда. Ауыл мәдениетінің өсіп-өркендеуіне, өнердің кең өріс алуына өз үлестерін қосып келеді, – дейді шаруашылық төрағасы Дархан Жұмашұлы.

Нағи Ілиясов ауылында осыдан 15 жыл бұрын құрылған «Ақ әжелер» ансамбілі ауылдың өнерлі әжелерінің басын қосқан шығармашылық ұжым. Кітаптың жарық көруіне ансамбль құрылған жылы ауылдық мәдениет үйінің сүйемелдеуші болған, қазіргі кезде ансамбль жетекшісі Жанат Шайзадаеваның еңбегі зор. Өнер иесінің еңбегінің арқасында бір кітапқа арқау болатын ақпараттар мен мәліметтер, қажетті деректер жинақталған. Жанат Кеңесқызының ұсынуымен кітапта ансамбльдің құрылуы мен қалыптасуы, өнерге қадам басуы мен өнер өлкесінен ойып тұрып орын алуы жазылған. Алғашқы сапарлары мен жетістіктері, бағындырған белестері мен бүгінгі абырой-беделі баяндалады. Ансамбль жетекшісінің айтуынша, бұл өнерлі ұжымның қалыптасуына сол кездегі ауылдық мәдениет үйінің директоры, саналы ғұмырын ауыл мәдениетіне арнап, қажырлы еңбек еткен Күләш Құдабаеваның да еңбегі зор. Байырқалы бастаманың жұмысын алға жылжытып, сөзімен де, ісімен де қолдау білдірген өнер жанашырының еңбегі ұшан-теңіз.

Кітапта ел-халыққа өнер көрсетіп жүрген ансамбль мүшелері Раушан Қарақызы, Күлбаһарам Әлшоразова, Гауһар Төлегенқызы, Манат Оразбекқызы, Боранкүл Келісова, Сәрсенкүл Қарақаева, Шолпан Тойбаева, Үміткүл Тәжбенова, Айымкүл Жұбанышова, Шырынкүл Ахметова, Жұлдызай Ермағамбетова, Жанат Шайзадаеваның өнегелі өмірі мен ауыл мәдениетін дамытуға қосқан үлесі жайында айтылады.

Әдемі қартаюдың үлгісі болған ардагер-ана­лардың салған дара жолы мен ғибратты ғұмыры кім-кімге болса да үлгі болары анық. Кезінде әрқайсысы әртүрлі мамандық иесі бола тұра еңбектің зейнетін көрген шақта олардың басын өнер атты қасиетті ұғым біріктірген. Бұл жайында мерейтойлық кітапта егжей-тегжей жазылған.

«Ақ әжелер» ансамбілінің құрылу тарихы мен жетістігі, «Ақ әжелер» ансамбілі мүшелерінің өмірбаяны, еңбек жолы және отбасы туралы, «Сурет – тарих», «Ақ әжелер» ансамбілінің репертуарын­дағы әндердің мәтіндері деген тараулардан тұратын кітап жалпы оқырман қауымға арналған. Кітап авторы – ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты, «Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы.
«ASU» баспа үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі баспаханасында басылған жаңа кітаптың жақында тұсаукесері болады.

Бибісара ЖАНӘЛІ
15 қазан 2024 ж. 120 0