Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№101 газет

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мінезі жібектей, жүзі жылы

Мінезі жібектей, жүзі жылы

Бірнеше күн бұрын жоспар­ланған Ақжібек апаймен әңгі­ме­міз ардақты ананың береке ұя­­лаған шаңырағында өрбіді. Бі­­лім беру саласында ұзақ жыл қыз­мет еткен ұстаз-ана қонақ­жай, ашық-жарқын кісі екен, ә деген­нен әңгімесін бастап кетті.
Бакуова Ақжібек апай 1952 жылы Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында дүниеге келген. №132 Т.Айтбаев атындағы қазақ орта мектебінде білім алған. Ұстаздық ұлы жолды таңдаған ол 1968-1971 жылдары Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атын­дағы педагогикалық училищеде «Бас­тауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуды жалғастырған. Оқу орнын бітіре сала еңбекке араласқан Ақжібек апай өзі білім алған қарашаңырақта мұғалім болып жұмыс істеп, қызмет жолын сол жерден бастаған. Кейін Тереңөзек кентіне келін болып түсіп, қызмет жолын аудан орталығында жалғастырған. 1973-1974 жылдары аудандық партия комитетінде парткабинет меңгерушісі, 1974-1988 жылдары Пионерлер үйінің ұйым­дастырушы-әдіскері, 1988-1992 жылдары ау­дан­дық Оқушылар үйінің директоры қыз­меттерін абыроймен атқарған. 1993 жылдан бастап Оқушылар үйінде «Тарихи-өлкетану» үйірмесінің жетекшісі болып, аудан тарихын жинақтауда елеулі жұмыстар жасаған. Жас өркенді тарихқа, әдебиетке баулуда аянбай тер төккен. Өскелең ұрпақпен қатар өзінен кейін қызметке араласқан жас мамандарға да білгенін ұдайы үйретіп отырған ұстаз қырық жылға жуық бір салада еңбек еткен. Апайдың «Осы уақыт аралығында басшылық тараптан бірде-бір ескерту мен сөгіс алып көрмедік. Үнемі алдыңғы қатардан көрінетін едік» деуі нағыз тәртіп пен адалдыққа негіздеп жұмыс жүргізгенін аңғартады.
– 1972 жылы Т.Айтбаев атындағы мектепте Пионерлер ұйымының тәлімгері болып жұмыс жасап жүрген кезім. Сол кезеңдерде «Қазақстан пионері» деген республикалық газет жарық көретін еді. Газеттің бас редакторы Ф.Оңғарсынова әріптестерімен бас­қа аймақтардағы Пионер ұйымдарының жұ­мысымен танысу үшін іссапарға шығып, атбасын біздің облысқа бұрса керек. Ол кезде аудандағы пионерлер ұйымы облыста үздік шығып, танылып қалған кезі еді. Содан не керек, республикадан келген комиссия біздің мектепке келді. Шағын ғана ауылдағы кішкентай ұйымның атқарған жұмыстарына, іс-тәжірибесіне риза болған Фариза апамыз бұл кездесу туралы мақала жазып, «Қа­зақстан пионері» республикалық басылымына жариялаған еді, – деп Ақжібек апай қызметтік жылдарын еске алды.
Қызмет барысында ақын Мұхтар Сақта­повпен де сыйлас болған Ақжібек апай зейнетке шығар тұста «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», Сыр елінің сыршыл ақы­ны арнайы кешке сценарий жазып, жыр шу­мақтарын арнағанын да айта кеткеніміз жөн.
Сізден білдік керемет кісілікті,
Сізден көрдік инабат, кішілікті.
Қиын сәтте қамқор боп баршамызға
Атандыңыз адал жан ісі мықты, – деп жазды М.Сақтапов.
Ақжібек апай қызмет барысында түрлі марапаттар мен құттықтауларға ие болған. 1997 жылы Қазақстан Республикасы білім ми­нистрлігінің «Құрмет грамотасын», әр жылдарда облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ комитеті басшылығының, аудан әкімінің арнайы марапаттарын алған. Сондай-ақ, Сырдария ауданының 90 жылдығына ар­налған арнайы төсбелгімен де марапатталған.
Жұмыс пен жанұяны қатар алып жүрген еңбекқор жан екі қыз, үш ұлды тәрбиелеп өсірген. Жолдасы 50 жасында дүниеден озған. Өмірдің небір сынынан сүрінбеген ақ жаулықты ана қиыншылық атаулыға сынбаған. Балаларының бірінің де маңдайынан күн, табанынан сыз өткізбей өсірген. Сол көрген қиындығы мен бейнетінің зейнетін көріп отырған ананы бүгінде балалары алақанына салып аялап отыр. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше» дейтін қазақтың мақалы бар. Сол айтпақшы, Ақжібек апай ендігі бір-бір үй болып, шаңырақ тіккен балалары мен олардан тараған он немеренің тілеуін тілеп отырады. Балалары ана ізін жалғап, ұстаздық жолды таңдаған. Ұлдың үлкені Асылбек №36 мектепте жұмыс жасаса, қыздың үлкені Индира Қызылорда қаласындағы маңдайалды мектептердің бірінде информатика пәнінің мұғалімі, кішісі Қанзира бастауыш сыныптарға жетекшілік етеді. Ұлдың ортаншысы Рүстем №210 орта мектепте балаларды шымырлыққа тәриелеп жүрсе, кішісі Дастан – күміс көмей әнші, аудандық мәдениет үйі жанынан құрыл­ған «Сырдария» квартетінің беделді мүшесі. Балалары ұстаздық пен өнер жолын қатар алып жүр. Мұндай асыл қасиеттің бәрі өсіп-өнген ұл-қызға әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған.
Бізбен әңгімесінде өткен күндерді ерекше сезіммен еске түсіріп, қызметі туралы баян еткен Ақжібек апай:
– Қырық жылға жуық уақыт ішінде жеті басшымен жұмыс жасаппын. Өзім басшылық қызметте болған кезде де біраз жас маман алдымыздан өтті. Оқушылар үйінде үйірме жетекшісі болған кездер ерекше ұмытылмас сәт­тер еді. Жеңіс күні, ауданның мерейтойы сынды айтулы мерекелерде тарихи деректер жинап, түрлі іс-шаралар өткізіп, атақты тұлғалармен кездесулер өткізетін едік. Балаларды кенттегі тарихи орындарға экскурсияға апарып, тәлім мен тәрбиені қатар жүргізетін едік. Сол кездегі бойжеткендер мен қарадомалақтар бүгінгі ауданның беделді азаматтары, барлығы жақсы қызметте. Баланы мектептен тыс үйірмелерге берген жақсы, жан-жақты болып өседі. Біздің кезімізде басқаша еді, қазір жаңадан үйірмелер қосылып, жұмыс жаңартыла түскен. Бұ­ның бәрі ел Тәуелсіздігінің, азат­тықтың арқасы, – деп бір үзік сыр шертті.
Апайдың зейнет демалысына шыққанына да биыл 10 жылға жуықтап қалыпты. Осы уақыт аралығында өзі қызметте болған бөлім ұжымы ардагерлерін ардақтап, мереке са­йын келіп, көңіл бөліп, сый-сияпатын да әкеліп тұрады. Аудандық түрлі шараларға құрметті қонақ ретінде шақырып, апайдың өсиет-өне­ге­сін тыңдайды. Бұл – абыройлы еңбектің нәти­жесі.
Ақжібек апай «Тарихи-өлкетану» үйірме­сіне жетекшілік етіп жүрген тұста ауыл-ауылды аралап диірмен, келі, келсап, көне құмыра сынды бұйымдарды, небір тарихи материалдарды реттеп, аудандық мұражайға өткізген. Арнайы бұрыш жасалу үшін жиналған бұл құн­дылықтар кейін қолды болған.
Ақжібек апай – атына заты сай мінезі жібектей, жүзі жылы жан. Сол үлкен жүрек пен таза ниеттен ешбір сынаққа сүрінбеген. Бү­гінде қарашаңырақтың түтінін түтетіп, береке мен шаттық ұялаған шаңырақтың ұйытқысы болып отыр. Жасы жетпіске жақындаған ақ жаулықты ана, мейірімді әже қоғамдағы оқи­ғалардан, жаңалықтардан түгел хабардар. Рес­публикалық, облыстық газеттерге де жазылып алған Ақжібек апай аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің жанашыры.
– «Тіршілік тынысы» газеті арқылы аудан­дағы жаңалықтарға түгел тұшынып отырамыз. Одан бөлек, аптасына үйге қанша газет келеді. Балаларым газеттерді мен оқып болмай, орнынан қозғамайды. Бұл біздің үйде қалыптасқан тәртіп сияқты. Өзіміз жазу мен оқудың адамы болған соң, газет-журнал оқымасақ, қоғамнан тыс қалғандай боламыз, – дейді Ақжібек апай.
Осылайша, бір сағаттан астам уақытқа со­з­ыл­ған әдемі әңгімемізді тәмамдадық. Екі қазақ бір-бірінен жөн сұрасса, туысқан болып шығатыны бар. Оның үстіне, шағын ғана ауданымызда көпшілік бір-бірімен жақсы таныс. «Кімнің қызысың, қай елденсің» деген сауалдарын қоймай тұрып, алғашқыдан-ақ жылы жүзбен қарсы алған Ақжібек апай қоштасар сәтте «Сенің нағашы әжең – менің анамдай бол­ған кісі, қыздарымен де жақсы таныспын. Анаңа Құдай қуат берсін, сәлемімді жеткіз» деп ыстық құшағына қысып, қимастықпен шығарып салды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
23 қазан 2021 ж. 531 0