Тігіншіні инесі асырайды
Оқырман назарына сапалы материал ұсыну үшін шығармашалық топ өкілдері айлық жоспар әзірлейді. Аталған жоспарды басшылыққа ұсынар алдында «тігінші Алтын апай туралы жазу қажет» деген тапсырма да келді. Алғашында «қазір бәрі кәсіппін айналысып кеткен, табыс табатын қатардағы адамның бірі шығар» деген желең оймен жүре бердім. Кейін тапсырманың орындалуын сұрағанда өзімнің бұл пікіріме ұялғаным рас.
Алтын апайды іздеп барғанымда алдымнан қарапайым келген кісі шықты. Үйге қарай бет алдық. Айналамыз жасыл-желекпен, гүлге тола. Үй іші тігін машинасы мен кестеленген оюлардан көрінбейді.
Тереңөзектік Алтын Нұртаева қолынан іс келетін шебер жан. Оның жасаған оюлы көрпесі, кестелі көрпешелері мен заманауи тігілген бала жамылғыштары дүйім жұрттың кәдесіне жарап тұр. Тігінші апай адал еңбегінің арқасында халықтың ыстық ықыласына бөленген. Кенттегі ісмерлердің арасында топ бастап тұр десек, әбестік емес. Себебі ауылдықтар тігіншінің қолынан шыққан дүниені әпсәтте алып кетеді.
–Мен бала күнімнен осы тігіншілікпен айналысамын. Әйел болған соң өнерлі әрі іске епті болу керек. Қолымнан келсе үйімдегі көрпе, жастықпен құрақ көрпешелерді өзім тігемін. Алғашында оның қыр-сырын анам мен әжемнен үйрендім. Ол кісілер де ісмер болатын. Менің де бұл қасиетім сол кісілерден дарыса керек. Қазір зейнеткерлікке шығып, осы кәсіппен нан тауып отырмын десем артық айтқаным емес. Тіпті алғашында жасаған дүниелерімді сыйлыққа беретінмін. Кейін ғой заман ағымына қарай қосымша табыс табуды үйренгеніміз, – дейді ісмер жан.
Алтын Нұртаева білім саласында 41 жылдық еңбек өтілі бар ардақты ұстаз. Ол алғашқы еңбек жолын С.Сейфуллин ауылындағы білім ошағында бастаған. Кейін тұрмыс құрып, балалы болды. Бүгінде бес ұл-қызынан тараған немерелерінің сүйікті әжесі. Тапсырыс көбейген сәттерде немелері де көмекке келеді. Үлкен қызы да Айгүлдің де он саусағынан өнер тамған. Кейде анасымен бірге тапсырыс қабылдап, өз тұтынушыларының алғысын алып жүр.
Алтын Нұртаева тіккен бала жапқыштарды бір көрген адам фирманың өнімі деп ойлауы мүмкін. Өйткені өте ұқыпты, әдемі тігілген. Бүгінде бала көрпелері алыс жақын елді мекендер мен республиканың ірі қалаларына тарап жатыр. Тәжірибелі тігінші қолынан келсе қарап отырмауды, бос уақыт болса іс қылуды жөн көреді.
–Қазіргі қыз-келіншектерге кейде таң қаламын. «Жұмыс жоқ, баламызды асырауға ақшамыз жоқ» деп әкімдіктерді жағалап жүреді. «Әй, сен одан нан табудың жолын іздесей» дегің келеді. Қажет болса мен тігін тігуді тегін-ақ үйретемін, маған кел десем ешбірі соны білуге, үйреніп алуға құлық танытпайды. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргісі келеді. Кәсіп бастаймын деген жанға мемлекет қолдау да көрсетуде. Қаншама бағдарламалар қабылданып жатыр. Бірақ оның көзін таба алмай жүргендер қаншама. Сондықтан айтқым келетіні, үкіметке қол жаймай, өз бетіңше еңбет ет. Сонда ғана табысқа жетесің, – деді А.Нұртаева.
Тігінші апайдың бұл пікіріне толығымен қосылуға болады. Расында да, «қалауын тапсаң қар жанады» дегенге келеді ғой.
Алтын Нұртаеваның жасы 65-ке келсе де әлі тың. Тіпті көзілдіріксіз ою ояды, тігін тігеді, құрақ көрпе мен көрпеше жасайды, сыйлықтың түр-түрін ойлап табады. Бұл қасиетіне қарап «қартайған әже» деп айтуға келіңкіремейді екен. Себебі бойында әлі белсенділік басым. Ұл-қызын қанаттандырып, бәріне жоғары білім берді. Бірі мұғалім, бірі инженер, бірі мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуде. Жұбайынан ерте айырылса да, сынбады. Соның арқасында отбасы үлкен киелі шаңыраққа айналды.
Алтын апайдың ісмерлік қасиеті мен білім саласындағы еңбек жолын айтып тауысуға уақыт жетпейді екен. Жауапкершілік пен адалдықты ту ете жүріп, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен және білім саласы кәсіподағының төсбелгісімен марапатталған.
Он саусағынан өнер тамып, жақсыны көрмекке ұмтылған Алтын Нұртаеваға да біз де сәттілік тіледік.
Майя ҚОЖАБАЙ