Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерекше балаға ерекше қолдау керек

Ерекше балаға ерекше қолдау керек

Қазіргі кезде аутизм, ЗПР, ЗРР сынды неврологиялық диагноздарды жиі естіп жүрміз. Себебі соңғы уақытта елімізде балалар арасында психикалық дамудың тежелуі, кеш дамуы, тілдің кеш шығуы жиілеп, үлкен мәселеге айналып барады. Шындығында бұл мәселе көпшілік ата-ананы алаңдатуда. Статистикаға сүйенсек, әр туылатын 80 баланың төртеуіне аталған диагноз түрлері қойылуда. Ауданымызда да аталған диагнозбен есепте тіркелген балалар жетерлік. Бұл жағдай кімді болса да ойландыратыны анық. Елімізде дамуы кешеуілдеген балалар неге көбейіп барады? Оған қандай факторлар әсер етуде? Ендеше кеш дамудың себептері мен салдарын айшықтап көрелік.

Бүгінгі таңда көпшілік ата-ананың басты қателігі – баласының бойында кеш дамудың белгілері ерте білінсе де, көбіне оларды байқамай немесе мән бермей, үстірт қарап дәрігерге кеш әкеліп жатады. Ата-ананың осындай бейқамдығының салдары баласының болашағына қаншалықты әсер етіп, зиянын тигізетінін айтпасақ та түсінікті. Одан бөлек кейбір аналар жүктілік кезінде дұрыс күтінбейді, яғни уақытылы тексеруден өтпеуі, қажетті дәрумендерді пайдаланбауы тікелей баланың денсаулығына әсер етеді. Өйткені бала ағзасында пайда болатын аурулардың басым көпшілігі құрсақта жатқан кезден дамиды. Баланың саулығы анадан басталады. Егер де бала денсаулығында кінәрат болса, ол біріншіден, анаға байланысты. Сол себепті бала денсаулығына ана құрсағында жатқан сәттен бастап көңіл бөлген жөн. Қазіргі кезде ерекше балалардың көбеюі мен тілдің кеш шығуы бала құрсақта жатқанда анасы өзінің денсаулығына немқұрайлы қарап, мән бермегендіктен болып отыр. Бала тілінің кеш шығуына түрткі болатын тағы бір жай бар. Ол – бөтелке мен емізік. Аналар емізікті бала туылған сәттен бастап беріп үйретеді де, уақытылы тоқтатпай, ақыр соңында бала емізікке тәуелді болып, одан шығуы қиындай түседі. Жалпы баланың кеш дамуының себептерін айта берсек өте көп.
ЗРР: Баланың сөйлеу тілінің тежелуі дегеніміз…

Қазақ халқында «Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаса керек-ті. Алайда, кейінгі уақытта елімізде баланың тілі кеш шығуы жиілеп барады. Балалардағы психикалық дамуының кешеуілдеуі қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда балалар арасында психикалық дамудың бұзылу көрсеткіштері айтарлықтай өскен. 2019 жылы 6706 бала болса, 2023 жылы бұл сан 10945-ке жеткен. Балалар арасындағы ең көп қойылатын диагноздың бірі ол – ЗРР. Бұл балалардың сөйлеу дамуының жас нормаларынан әлдеқайда артта қалуы, яғни сөйлеу қабілеті өзінің жасына сай емес. Дәлірек айтқанда баланың дамуының кешігіп жатқандығын білдіретін тілдік диагноз түрі. ЗРР баланың мінез-құлықтық қалыптасуына да әсерін тигізеді. Өзіне қажетін түсіндіре алмаған бала ашуланып ұрып жіберу, жерге жата қалу секілді түрлі қылық көрсетеді. Сөйлеуді дамыту – әр баланың өміріндегі ең маңызды кезеңнің бірі екені белгілі. «Осындай маңызды кезеңде баланың дамуының кешігуіне не әсер етуі мүмкін?» деген сұрақ көпшілік ата-ананы мазалайтыны рас. Дәрігер мамандардың айтуынша, аталған диагноз әдетте 3,5 жас­тан асқан балаларға қойылады. Себебі 3 жастан асқан бала кемінде екі-үш сөзден сөйлем құрап, ойын жеткізе алуы керек.

Сөйлеу дамуының кешігуінің, яғни ЗРР-дің негізгі себеп­теріне келесідей факторлар жатады: Жүктілік немесе босану кезіндегі асқыну, жұқпалы ауру, жарақаттың салдары баланың жүйке жүйесіне айтарлықтай зиянды әсерін тигізеді. Сондай-ақ генетикалық анықталған даму бұзылыстары, неврологиялық психиатриялық және соматикалық аурулары бар балалардың даму ерекшеліктері сөйлеу дамуының кешігуіне әкеліп соғады. Ал дәл қазіргі уақыттағы әсер ететін ең негізгі фактордың бірі – баланың шамадан тыс ұялы телефон немесе гаджет пайдаланып, мультфильм, түрлі зиянды ойындар ойнауы болып отыр. Расында қазір екінің бірінің қолында ұялы телефон. Тіпті 1 жастағы баланың өзі ұялы телефондағы батырмаларды басып, пайдалануды тез үйреніп алады. Кейбір ата-аналар құлағының тыныштығы үшін баласына телефон беріп қоятыны өтірік емес. Бұның соңы тәуелділікке әкеледі. Зейіннің тұрақсыздығы, баланың бір орында отыра алмауы, смартфон берсең ғана тынышталуы, бермесең тамақ ішпеуі тәуелді екенін көрсетеді. Таңнан кешке дейін ұялы телефонға телмірген балада ешқандай байланыс, даму, қозғалыс болмайтыны анық. Ал баланы дамытатын – оның қоршаған ортасы, айналасымен сөйлесуі, басқа балалармен араласып, ойнауы. Ата-ана баламен жиі сөйлесіп, пікір алмасып, сұрақтар қойып байланысты көбейту қажет. Сондай-ақ баланың таза ауада ойнап, серуендеуі оның жақсы дамуына үлкен септігін тигізетіндігін ескерген жөн. Таңның атысы, кештің батысы жұмыста болатын ата-аналар осыны ескеруі тиіс. Бүгінде жұмысбасты ата-аналардың басты қателігі балаға дұрыс көңіл бөлмеуінде болып отыр.

Аутизм: генетикалық сырқат па, психологиялық ауру ма?

Статистикалық деректер бойынша елімізде әр төртінші бала аутизм дертіне шалдыққан. Аутизм ауруына шалдыққан балалар саны жыл сайын артпаса, азаятын түрі жоқ. Жыл сайын бұл диагнозбен ауыратын балалар саны 13 пайызға артып отыратын көрінеді. Аутизм дертінің балалар арасында осыншалықты көбейіп кетуіне не себеп? Мамандардың айтуын­ша, аутизмі бар балаларға ерте жастан диагноз қойы­лып, дер кезінде психологиялық-педагогикалық көмек алмауы осындай жағдайдың орын алуына сеп болып отыр. Себебі жас­тайынан уақытылы әрі дер кезінде емделген балалардың 60-70 пайызы қоғамға бейімделіп, тез сіңіп кетеді.

Аутизм дертінің қоғамда пайда болғанына біраз уақыт өтсе де әлі күнге дейін оның қалай және қандай жағдайда туындайтыны белгісіз. Бұл тақырыпта талай ғалым талқы жасап, біраз зерттеу жүргізген. Әлі де жүргізіліп келеді. Бір анығы аутизм – ми мен жүйке жүйесі дамуының бұзылуы. Бұл дегеніміз бала қоршаған ортаны тану, басқа­­­лармен қарым-қатынас жасау сынды қабілеттерді жоғалтады. Аутизм диаг­нозы қойылған балалар адамдармен қарым-қатынаста болғысы келмейді. Кейбіреулері тынымсыз, айқайлап шулап жүреді. Ал кейбірі ортаға араласып кете алатын қабілеті болса, енді бірі өз әлемдерімен бөлек болып, ешнәрсеге атсалыспайтын белгілері болады. Аутист диагнозы бар балалар бір нәрсемен ұзақ уақыт бойы айналысып отыра береді, яғни бірыңғай ойын ойнап немесе бір қимылды қайталай беруі мүмкін. Дәрі­герлердің сипат­тауы бо­йынша, бала атын атап шақырса мүлдем мән бермейді, көз­ге тік қарамайды, ды­быс­тарға реакциясы болмайды,­ бір сөзбен айтқанда өз әлемі өзінде. Аутизмнің патогенезі гендік мута­ция­ларға байланысты деседі. Ген­дердің мутацияға ұшырауы атадан балаға берілмейді, аяқасты да пайда болмайды. Ол үшін үлкен бір себеп болуы керек. Мәселен әйел жүкті кезде тұмау, безгек, медикаментоз немесе өзге де интоксикациялар, антибио­тиктермен жасалатын емді ауыр өткерген болса, аутист бала өмірге келуі мүмкін деген пікір қалыптасқан. Жа­салған талай зерттеудің нәти­жесінде бала екпе алса да, алмаса да аутизм белгісі уақыт өте келе байқала бастайтыны дәлелденген. Жиілігі де бірдей болады. Бүгінде елімізде «вакцинаға қарсымын, себебі ол балаларды аутист қылады екен» деген жансақ пікір қалыптасқан. Сол себепті балаға екпе салдыруға қарсы шығатын ата-аналар аз емес. Ғылыми тұрғыдан мұның мүлдем шындыққа жанаспайтыны қанша дәлелденсе де, осы тақырыптағы дау тоқтар емес. Бүгінде балалардың қоғамнан тыс қалмай, өз орнын табуға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалынып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсететін 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 18 оңалту орталығы жұмыс істейді.

Қоғамда психикалық дамуы кешеуілдеген балалар неге көбейді?

Жалпы ЗПР бұл баланың психикалық дамуының кешігуі, яғни жеке психикалық дамуында белгілі бір жас үшін қабылданған есте сақтау, зейін, ойлау қабілеті сынды психологиялық нормалардан артта қалған кездегі психикалық дамудың қалыпты қарқынының бұзылуы. Өкініштісі сол, соңғы жылдары елімізде балалар арасында психикалық дамудың кешеуілдеу жағдайларының саны артып келеді. Балалардағы психикалық дамуының кешеуілдеуі қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып табылып отыр. Психикалық дамуында тежеулік бар, интеллектісі төмен балаларда да тілінің дамуында кешеуілдік болады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда балалар арасында психикалық дамудың бұзылу көрсеткіштері айтарлықтай өскен. 2019 жылы 6706 бала болса, 2023 жылы бұл сан 10945-ке жеткен. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігі ЗПР-ды ерте кезеңде анықтау және емдеу тәсілдерін жетілдіру мақсатында халықаралық ұйымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын алға тартады. ЗПР-дың алдын алу және онымен күресу мақсатында мемлекет тарапынан көптеген тиісті шаралар қабылдануда. Мәселен, үш жасқа дейінгі балаларды скринингтік тексеруден өткізуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл тексерулер психофизикалық дамудағы проблемаларды ерте анықтауға көмектеседі. ЗПР мәселесі күрделі болғанымен, оны ерте анықтап, тиісті көмек көрсету арқылы балалардың болашақ дамуына оң ықпал жасауға болады. Дегенмен осыдан елімізде әлеуметтік мәселелерге аса мән беру керек екені байқалады.

Ерекше балаларға қамқор орталық

Жоғарыда айтып өткені­­міз­дей біздің ауданда да ерекше диагнозы бар балалар тіркелген. 2022 жылы аудан­дағы Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейі жанынан ерекше балаларға арнайы ресурстық орталық ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде орталық мамандары ерекше балалармен арнайы жұмыс жасауда. Орталық мамандары қазіргі таңда қоғамдағы негізгі мәселенің бірі – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы мектепке, жалпы қоғамға біріктіру керектігін алға тартады. Жалпы ресурстық орталық – мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттілігі бар балаларға, мектеп оқушы­ларына базалық және бейіндік оқыту мен тәрбиелеу негізінде олар­дың қабілетін, жеке бейінділік ерекшелігін ескеріп, оларға сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. Ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс – балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы маңызды және жауапты саланың бірі. Бұл сала білім мен тәрбие алу үшін ерекше жағдайды қажет ететін балалардың дарындылығы мен қабілетін қолдауға және дамытуға бағытталған. Мектеп жанынан құрылған ресурстық орталық ашылғаннан бері жүйелі түрде үздіксіз өз жұмысын жүргізіп келеді. Ресурстық орталық арнайы мамандармен қамтамасыз етіліп, қазіргі уақытта жалпы 8 маман ерекше балалармен жұмыс жасау­да. 1 арнайы маман, 2 логопед, 4 ассистент және 1 педагог-психолог жұмыс атқаруда. Аталған орталықтың барлық маманы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған білім жаңартылатын мазмұнын іске асыру бойын­ша арнайы білім алып, сертификат алған. Ресурстық орталық бүгінде балаға түзету-дамыту, психологиялық-педа­гогикалық қолдау көрсетуде. Балаларды дамыту мақсатында ресурстық орталық мамандары оқу жылына бекітілген жылдық жос­парына сәйкес мамандар апталығы, ата-анаға кеңес беру дөңгелек үстелі, облыстық семинар, ата-анаға қолдау ретінде психологиялық тренингтер ұйымдастырып, өткізіп отырады. Одан бөлек орталық мамандары ұйымдастырылған әр іс-шараға жас ерекшелігіне қарай барлық баланы қатыстырып, олардың белсенді бо­луын бас­ты назарда ұстайды. Ресурстық орталықтағы ерекше білім алуды қажет ететін балалардың жас ерекшеліктері әртүрлі.

– Бүгінде мектеп жанынан ашылған ресурс­тық орталықта арнайы мамандармен жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Орталыққа балаларды қабылдау үшін алдымен арнайы маман­дардың психологиялық, медициналық, педа­гоги­калық кеңесінен өткізіп, соның қоры­тынды нәтижесі бойынша ғана қабылдай ала­мыз. Біздің орталықта көбінесе қарым-қатынас және әлеуметтік өзара әрекеттесудің бұзылысы, сөйлеу тілінің ерекше дамуы, СТЖД – І, ІІ, ІІІ деңгейі сияқты ауру белгісі бар балалармен жұмыс істейміз. Баланың анықтамада көрсетілген диагнозына байланыс­ты оқу бағ­дарламалары беріледі. Әр баламен жеке-жеке сөйлесіп, олардың ішкі жан-дүниесінде не болып жатқанын, не ойлайтынын, арман-мақсатын, қандайда бір отбасылық немесе басқа да мәселелері жөнінде ашық сөйлесеміз. Ерек­ше балалардың бойында өзіне тән таланты, өзгелерден өзгеше дарыны болады. Ресурстық орталық оқушылары басқа балалар сияқты өздерінің сыныптастарымен бірге бір сыныпта оқиды, себебі даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге оқытылуы міндетті. Соңғы кезде ерекше балалардың саны көбейіп келеді. Оған себеп өте көп. Бірінде тұқымқуалаушылық болса, бірінде ата-ана тарапынан бала дамуының тежеуін дұрыс қада­ғаламауы. Одан бөлек жас аналар жүкті кезінде денсаулықтарына салғырт қарауы және денсаулығына зиян­ды заттарға әуес болуы сияқты себебі де бар. Арнайы тәжірибелі маман ретінде ата-аналарға кеңесім – балаға телефон бермесеңіздер екен. Осының салдарынан қанша бала сөйлемейді, тіпті жанындағыларды елемейді де. Бұл – цифрлық аутизм және оның болашағына тікелей кері әсерін тигізіп отыр. Қазір қай жерге барсақ та, телефон гаджетіне жіпсіз байланып отырған жас­тарды, оқушыларды, тіпті сәбилерді көреміз. Дер кезінде дабыл қағып айтылмаса бұның салдары жақсы болмайтыны анық. Сол себепті ата-аналарға балаларыңызды үнемі бақылауда ұстап, қандай да бір ем керек болса міндетті түрде уақытында емдеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы мамандарға жүгінуге кеңес беремін. Балаңыздың болашағы жарқын болсын десеңіз осы мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, уақытты бос өткізіп алмауыңыз тиіс, – дейді арнайы педагог-психолог маманы Нұргүл Қожарипова.

Ата-анаға құлаққағыс

Бала дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ ата-ана оның бойындағы әрбір өзгерісті мұқият қадағалап, әрдайым дәрігерлермен кеңесіп отыру қажет. Егер қандай да бір қалыпты емес өзгеріс байқала қалса, толық тексерткен жөн. Жергілікті денсаулық сақтау орындарында пси­хологиялық-медициналық-педагогикалық кон­­суль­та­­ция­­­­ның қорытындысын шығарып, емделуге жолдама беретін мекемелер бар. Онда арнайы педагогтер, логопед, дефектолог, педагог-психолог және әлеуметтік педагог пен медициналық мамандардан педиатр, невропатолог, психиатр және өзге медициналық қызметкерлерден құралған кеңес қызмет көрсетеді. Олар арнайы комиссия құру арқылы бірлесе ақылдаса отырып қорытынды жасайды және бойында кемшілігі бар баланы тиісті оңалту орталығында емделуге жібереді.

Дәрігер мамандар баланың бойында кеш дамудың, сөйлеудің кешігуі байқалса, бірден арнайы мамандарға жүгінуге кеңес береді. Егер де уақытында баланың кеш дамып жатқанын байқап, маманға көрсетсе және баламен үйде жүйелі дамыту сабақтарын оқытса – бұл дерттен жылдам әрі оңай айығуға болады. Жоғарыда аталған диаг­ноз­дармен ауыратын баланы емдеудің өзі біраз қаржыны және уақытты талап етеді. Қазіргі қымбатшылық қысқан уақытта әр ем алған сайын дәрігердің қабылдауы бар, дәрі-дәрмегі, логопед, психолог, дефектолог маманның кеңесін алуы, тағысын тағы қалтаны біраз жұқартатыны анық. Дегенмен, баланың психикалық дамуында кешеуілдеу байқалса, ұнжырғаны түсіріп, бірден салды суға кетірудің қажеті жоқ. Баланың жарқын болашағы үшін соңына дейін күресіп, тиісті мамандарға арнайы тексертіп, оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

Түйін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, баласының дамуына ерте жастан мән берген жауапкершілігі мол ата-ананың баласының болашағынан үміті зор болмақ. Бүгінгі бала – ертеңгі еліміздің кемел келешегі, ұлт болашағы екенін ұмытпайық.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото:oninfo.kz.
12 қараша 2024 ж. 79 0