Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Schoolboy»: Құрдымға құлатар қауіпті ойын

«Schoolboy»: Құрдымға құлатар қауіпті ойын

Соңғы уақытта елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары жиілеп барады. Жеткіншектердің суицид жасауына отбасындағы қиыншылықтар, ата-аналардың ұрыс-керісі, ортаның дұрыс болмауы сияқты факторлар әсер етуі мүмкін. Соңғы уақытта аталған жағдайға «интернет платформасындағы мобильді ойындардың әсері бар» деген ақпарат тарауда.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше жыл бұрын «Синий кит», «Красный дельфин» және «Тихий дом» деген атаумен белгілі ойын түрлері ақпараттық кеңістікте қауіпті ойын ретінде танылған болатын. Бұл ойындар қоғамда біраз дүрбелең туғызып, талай жеткіншектің санасын улап, шырмауына түсіргені рас. Дереккөздерге сүйенсек, аталған ойындар жасөспірімдердің квесттерді өту барысында берілген әртүрлі тапсырмаларды орындап, соңғы тапсырма ретінде өз-өзіне қол салуына дейін апарған. Бұл ойындардың түпкі мақсаты да сол еді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, соның ішінде ата-аналар чаттарында балалардың киберқауіпсіздігіне назар аударып, олардың телефондарының мазмұнын шұғыл түрде тексеру керек деген хабарламалар тарап, дабыл қағуда. Бұның басты себебі – Schoolboy Runaway ойынының көпшіліктің назарына ілігуі. Бұл – бала өміріне қауіп тудыратын ойынның бірі. Мәселен осыған байланысты әлеуметтік желіде бір ата-ана өзінің жеке парақшасында аталған ойын туралы жазба-пікір қалдырған екен. Ол өзінің жазбасында «Ата-аналар, балаларыңызға мұқият болыңыздар! Бейтаныс нөмірден ұлыма қоңырау шалып, крышадан секірсең әке-шешеңе 10 мың доллар береміз деген» деп қауіпті хабарламаның ұлының ұялы телефонына келгені туралы жазған. Бұл жағдай қазіргі таңда ата-аналарды алаңдатып отыр.

Schoolboy Runaway – бұл ресейлік квест-ойын болып табылады. Мұнда бірінші тұлғадағы стратегия мен шынайы 3D графика қолданылады.  Ойынның ережесі бойынша ойыншы нашар баға алғаны үшін ата-анасы жазалаған баланың рөлін ойнайды-мыс. Ол ата-анасының әртүрлі тапсырмаларын орындауға мәжбүр болады, бірақ сонымен қатар достарымен ойнағысы келеді. Ойын сюжетінің шынайылығы оны танымал ете түсті. Балалар бастапқыда тапсырмаларды орындауды ұнатса, кейін олардан құтылу үшін үйден қашудың түрлі жолдарын іздейді. Аталған қосымшаны 10 миллионнан артық адам ұялы телефонына жүктеген екен. Өкінішке орай, бұл көңіл көншітер көрсеткіш емес.

Психолог мамандарының пікірінше, ата-ана­лардың басты міндеті – балалар тұтынатын контентті бақылау және сүзгіден өткізу керек. Бұл дегеніміз баланың ұялы телефонын үнемі тексеріп, қандай желілерге тіркелгенін және кімдермен байланыс ұстайтынын үнемі назарда ұстап, әрдайым қадағалап отыру қажет. Көпшілік ата-ананың басты қателігі – жұмысбастылық, сонымен қоса уақытылы қадағалаудың болмауы, бала тәрбиесіне атүсті қарап, салғырттығының салдары осындай қауіпті жағдайларға әкеліп соғуда.

Еске сала кетсек, бұған дейін 16 қыркүйек күні Алматы қаласында екі оқушы терезеден құлап кеткен болатын. Олардың суицид жасағаны болуы мүмкін деген ақпарат бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше олардың телефондарынан суицидке үгіттейтін ешқандай ойын табылмаған. Дегенмен бұл әлі де нақты анықталмаған дерек.

Шындығында бүгінгі таңда бала мен ата-ана арасындағы байланыс ақсап барады. Ал бұның соңы көптеген қиын жағдайға әкеліп соғуы әбден мүмкін. Ата-аналар баламен көп уақыт өткізіп, айтарлықтай көңіл бөлінсе, сәйкесінше жеткіншектер бұндай қауіпті ойынның жетегінде кетпей, жат қылықтардан аулақ болар еді.

Алтынай
ҚАЙРАТҚЫЗЫ
28 қыркүйек 2024 ж. 191 0