Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Мұрап

Халықтың газет оқығаны жақсы, ал биліктегілердің газет оқығаны екі есе жақсы. Астарлы әзіл мен орнықты ой ұштасып жатқан осынау сөзде үлкен мән бар. Жақында редакцияның жұмыс телефонына аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов хабарласты. Бөлім басшысы газеттің әр нөмірін үзбей оқып, толық танысып шығатынын жеткізді. Біз «сіз оқымағанда кім оқиды?!» деп орайлас пікір айтып, арқа-жарқа болып қалдық. Кейін Бейбіт Есенгелдіұлы ауданға белгілі азамат Марат Омаровтың су шаруашылығы саласының майталманы Тахир Ерғалиев туралы жазған туындысын газетке жариялауды ұсынды. Сөйтіп жақында ғана Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанған азаматтың қаламынан туындаған дүниені оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Біз үшін оқырманның пікірі, ұсынысы қай кезде де маңызды.

Судың өмірде маңызды орын алатынын бәріміз де білеміз. «Сулы жер құрақсыз болмас» деген аталы сөз бар. Суармалы егістік жағдайындағы ауыл шаруашылығы мамандарының ішінде ерекше орын алатын гидротехник, яғни су маманы мұрап. «Жақсы мұраптың соңынан су ереді, жаман мұраптың соңынан шу ереді» дегендей бүгін әңгіме гидротехниктер туралы болмақ.

Биыл солтүстік аймақтарда бол­­ған су тасқынына арналған штаб отырысында Президентіміз Қ.Тоқаев сумен айналысатын министрлік пен облыс басшыларына осы мамандық жөнінде үлкен сын айтты. Соңғы жылдары жоғарғы және арнаулы оқу орындарында дайындайтын гидротехник маманының саны қысқарып, тіпті кей өңірлерде жабылып қалған. Мемлекеттік маңызы бар гидротехникалық су тораптарын, сумен байланысты ел қауіпсіздігіне әсері бар кәсіпорындарды мамандығына сай келмейтін бизнес өкілдері басқарып, оны кәсіптің ақша табатын көзіне айналдырып жібергендігінде ескертіп, Үкіметке гидротехник маманын дайындайтын оқу орындарын ашуға тапсырма берілді.

Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында әріптесім су шаруа­шы­лығының ардагері Ерғалиев Тахир Әлиұлымен кездесіп, қызметтес бол­ған жалынды жастық күндерді еске алып, біраз әңгіме-дүкен құрғанбыз. Тәкеңнің есіне түсірген бір әңгімесін сол қалпында айтып беруді жөн көріп отырмын. Облыстың су шаруашылығын ұзақ жыл бойы Арыстанбаев Сабыр Шаймерденұлы басқарды. Ол кісінің мамандығы – инженер-гидротехник. «Сол кездегі мына бір оқиға есіме түсіп отыр» деп әңгімесін бастады ағамыз.

– Қазіргі Сырдариядағы қытайлар салған «Әйтек» су торабының орнында бұрын «Водослив» деп аталып кеткен түгелдей темір бетоннан құйылған су тоспасы болатын. Оның қызметі Жалағаш пен Тереңөзек ау­даны­ның шаруашылықтарына баратын каналдардың сағасындағы судың дең­гейін тұрақты түрде көтеріп тұратын. Бір жылдары маусым айында сол «Водослив» тоспамыз бір түнде ағып кетіп, екі ауданның каналдары сусыз қалып, бетіміз аймандай бола жаздағанбыз. Осы Сабыр аға болмағанда бәрі қиын болатын еді. Оқиға былай болған еді. Су торабының басында кезекшілікте вагонда жатқан Тереңөзек водхозының гидротехнигі Рамазан Тайманов түннің ортасында судың гүрілінен оянып кетіп, қасындағы әріптесі Бүркіт Дауыл­баевты тұрғызады. Дереу болған жағдайды басшыларға баяндайын деп сол жердегі арнаулы телефон байланысы бар Тәжден ақсақалдың үйіне қарай екеуі жүгіреді. Ауданға телефон соғып, қайта келсе, бұлар жатқан вагон да, темір бетон сооружение де жоқ. Сол екі ортада судың қатты ағысы сооружениемен қосып кезекшілердің жатқан жатағын да дарияға ағызып алып кетіп, бұларды Құдай сақтаған екен.

Сонымен не керек азанымен бүкіл облыс басшылары жиналып азан-қазан, айқай-шу болады. Бірі келіп, бірі кетіп, бастарын шайқайды. Ешкім ешнәрсе шешпейді. Білдей күріш еге­тін екі ауданның оң жағалауындағы шаруашылықтар түгелдей судан қалу қаупі көз алдарында тек қорқыныш үрейді елестетеді. Мәселе тез ше­шіл­месе өте қиын жағдайға екі аудан­ның халқы тап болуы мүмкін. Шаруа­шылықтар сол күндері 400 гектардай күрішке «гербицид» уын сеуіп қойған, атыздағы у суды тез ауыстырып отырмаса, көк күйіп кетеді. Күріштің де суы кері қайтып, ел-жұрт әбігер болады. Кейін білдік, сол күндері облыстың су шаруашылығының бастығы Сабыр Шәймерденұлы Мәскеуде жұмыс сапарда жүр екен. Ол кезде тікелей Мәскеудегі министірлікке бағынатын кез. Бұл жағдайды естісімен арнайы тікұшақпен ұшып келіп, бірден со­оружение­нің басында білікті гидротехниктерден штап құрды. «Табанды тауды жығады» дегендей нағыз мамандықтың иесі Сабыр ағаның сол кездегі білікті іскерлігіне, таңдаған шеші­міне көзі көргендер таң қалып әлі де айтып жү­ретін көрінеді. Облыстағы бар­лық су шар­уа­шылығы құры­лысымен айналысытын мекемелер шұғыл түрде «Әйтек» басына жұмысшы-техни­кала­ры­мен көшіп келді. Қатар-қатар қара үй тігіліп, шар­уашы­лық­тар жұмысшыларға арнап кезекпен кезек мал сойып, қазан көтерді. Екі-үш күннің ішінде каналдарға «Чехтың 500/10» деген отызға жуық жаңа насостар қондырылды. Дарияның суын платинадан басып, ағып кеткен водосливтың орнына «Тетропады» деген біз өмірі көрмеген 4-5 тонналық басында арнайы тесік ілмешегі бар темір бетондарды үлкен-үлкен машиналармен алып келіп, жуан тросстармен тізбектеп, арғы бетке дейін буздозерлермен тартып, қадап тастады. Осылай төрт-бес қатар жасалды. Олардың араларына үлкен-үлкен тау тастарын тастап, суды керекті деңгейге дейін көтеретін тоспа құрылысын көз алдымызда жасады. Дарияның жиек­терін ағыс шаймау үшін өзі басында тұрып аталарымыз кезінде осындай жағдайда пайдаланған «Қа­ра бура» (бе­тон), арматура, қамыс, ағаштарды жуан сыммен то­қып, байлап сал­дырт­­ты. Екі-үш күнде жүздеген адам жабы­ла оты­рып суды өз дең­гейіне кел­тіріп каналдардан егістікке су берілді. Мау­сым­ды сол уақыт­ша жасалған тос­па со­оруже­ние­мен және суды ауыспалы кезек­те ұстап, гидротехниктер абыроймен атқарып шықты. Күзде тоспа сооружениенің құрылысы жаңадан бас­талып, көктемде пайдалануға берілді. Сол жұмыстарға бір адамдай тиісті аудан­дардың, ПМК-лардың, облыстың білікті мамандары қатысты десем ар­тық айтпаған болармын. Мықты басшы, білгір маманның батыл шешімінің арқасында облыс басшылары абы­ройын, қаншама диқан егінін, жұмысын, отбасы­ның нәпақасын сақтап қалды. Гидротехник – өте жауап­кершілікті және біліктілікті қажет ететін мамандық. Уақыт, көзқарас өзгер­генмен сол егін диқаншылық өзгер­ген жоқ, – деп әңгімесін аяқтады Тәкең.

Аудандық су шаруашылығы меке­месінде екі бөлімнің басшысы болған, шаруашылықтың бас инженер гидро­технигі Тахир Әлиұлы Ерғалиев ағамыз биыл жетпіс жасқа келсе де әлі тың, жұмыстан қол үзген жоқ. Үш рет облыс­та үздік атанып, бәйгеге жеңіл көлік те мініп, мемлекеттің, елдің марапат алғысын алған іскер маман. Білікті маманды қадірлеген «Қызылдихан» шаруа қожалығының басшысы Алдаберген Құлбаев кадрдың жоқтығын айтып, әлі де қызмет еткенін жақсы көреді.

Тахир ағамыздың жұбайы Ұмсынкүл Жәнібекқызы екеуі бір ұл мен үш қыздан немере, жиендер сүйіп, өзі егіп, баптаған саялы бағында отбасымен рахатқа бөленіп отыр. Бала­лардың бар­лығы жоғарғы білімді мұғалім. Әңгіме барысында ауданымызға кезінде су шаруа­шылығында қызмет істеп, өзіндік орнын қалдырған марқұм әріптестеріміз Тілектес Жұмашев, Қали Әбілдаев, Жармағанбет Махашов, Мұхамбетәлі Томпалахов, Қалдыбек Кішкенебаев, Ахан Баджанов, Әбіләкім Қаниев, Серік Аяғанов, Қалдыбек Ізтаев, Мейрамбек Дүржанов, Оразбай Шитеновтерді еске алдық. Ортамызда бейнеттің зей­нетін бірге көріп жүрген гидротехник ардагерлеріміз Әуез Жаңабатыров, Ақыл Баджанов, Айман Омарова, Жарқын Баджанов, Шақауүсен Бакиров, Сламбек Мүсірепов, Алмас Ердаулетовтерді кәсіби мерекелерімен құт­тықтап, баянды өмір тіледік.

Бабаларымыздың «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп айтып кеткен дана сөзі бар. Бұл сөз әрбір шаруа­ны сол істің маманы орындасын деген мағынаны білдірсе керек. Жақсы маман­ның орнын төрге оздырып, қаді­рін біліп, орынды пайдаланған абзал.

Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
20 тамыз 2024 ж. 165 0