Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Төл газеттің тұрақты қолдаушысы

Төл газеттің тұрақты қолдаушысы

Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, Ақжарма ауылындағы «Ақжарма – 2» шаруа қожалығының төрағасы Бисенов Марат Алдабергенұлы – төл басылым «Тіршілік тынысы» газетінің тұрақты қолдаушысы. Жылдағы дәстүрге сай атымтай азамат биыл да үлгілі үрдісінен жаңылмай өзі басқаратын шаруашылықтың 50 қызметкерін аудандық газетке жаздыртып берді.

Сыр өңіріне белгілі Бисеновтер әу­летінің түлегі Марат Алдабергенұлы ау­данның дамуына, оның ішінде ауыл­ша­руашылық саласының өркендеуіне өзін­дік үлес қосып келеді. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың депутаты, мәс­лихаттағы «АMANAT» партиясы де­путаттық фракциясының мүшесі ретін­де де ауданның әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық, қоғамдық-саяси дамуына бел­сенді түрде атсалысуда. Атымтай азамат қа­йырымдылық іс-шараларының да тұ­рақты қолдаушысы. Қай кезде де аудан­ның, ауылдардың, әсіресе Ақжар­ма мен Іңкәрдария елді мекенінің тыныс-тірші­лігіне жанашырлықпен қарап, қос ауылдағы мәселелердің оңтайлы ше­шілуіне мұрындық болуда. Іскер аза­маттың осынау еңбегі еленіп Марат Бисенов «Құрмет» орденімен және «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталған бола­тын. Бұл ұзақ жылғы адал еңбекке беріл­ген лайық­ты баға және оны насихаттау, өзге­лерге үлгі ету бағытындағы жұмыс­тарға аудандық газет тілшілері әркез ақпараттық қолдау көрсетіп келеді.

– Мен бұқаралық ақпарат құралдарын қоғамды алға жетелеудің ең маңызды дәнекері деп білемін. Ал журналист болу – халыққа қызмет ету деген ұғыммен ұштасады. Өйткені қаламгерлердің қаламынан туындаған дүниелер – ауданымыздың тыныс-тіршілігінің айнасы, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болар ертеңгі тарихи шежіресі. Журналистика саласында халыққа кіршіксіз қызмет атқарып, үлкен құрмет пен ілтипатқа ие болып жүрген аға буын – ардагерлерімізбен қатар, өз ісінің майталман маманы болып өсіп-өркендеп келе жатқан жас журналистердің де еңбектері ерен. Осы орайда әрбір жұмыс күнімізді мерзімді басылымдарда жарияланған жаңалықтарды оқып, танысумен бастаймыз. Оның ішінде, аудандық газеттің әр нөмірін асыға күтіп, әр мақаланы байыппен оқып, бағамдап отырамыз. Газет тілшілері біздің шаруашылықтың да жұмысын жария етіп келеді. Еңбек адамдары, егіншілер туралы жазылған мақалалар бізге серпіліс сыйлайды. Сондықтан жыл сайын төл газетке қолдау білдіріп, бірауыздан жазыламыз, – дейді «Ақ­жарма 2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов.

Келесі жылы 85 жылдық тарихи белесті бағындыратын төл газетіміздің оқырманы көп болуына қолдау біл­дір­ген азаматтың және шаруашылық қыз­меткерлерінің еңбегіне біз де сәттілік тілейміз!

Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ
13 маусым 2023 ж. 296 0