Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамды тәрбиелеуші құрал

Қоғамды тәрбиелеуші құрал

Аудан жаңалықтарының жаршысы атанған «Тіршілік тынысы» газетіне 2023 жылға жазылу жұмыстары қар­қын­ды түрде жүргізіліп жатқанын бар­­ша жұртшылық жақсы білеміз.

Жасым 80-ге келіп қалса да, газетті үзбей оқи­мын. Және де бір жылға жазылып қоюды әдетке ай­налдырғанмын. Жақында газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлының «Жергілікті газетке жа­зылайық» атты мақаласы жарияланды. Осы мақала­ны оқып, қолыма қалам алып пікір жазуды жөн көр­дім.

Аудандық газет аудан тұрғындарына аса қажет. Оқырмандар жергілікті баспасөз құралы арқылы елде, өңірде, ауданда болып жатқан жаңалықтарды біледі. Біз секілді тұрақты оқырмандар газеттің әр нөмірін асыға күтіп, елдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады. Кітап, газет оқу, үлкендерден аңыз-әңгіме тыңдау, теледидардан түрлі жаңалықтарды көру адам­ның бойында жақсы мінез қалыптастырады. От­басындағы бала тәрбиесіне ықпал етеді. Ұлт тәр­биелеудің құралы десек артық айтқандық болмас.

Ардагер-ұстаз ретінде айтпағым, қазіргі жастар газетті көп оқымайды. Рухани мол қазынаны кітаптан іздемейді. Керісінше, әлеуметтік желідегі жазбаларға көбірек жүгінеді. Ал аға ұрпақ газет, кітап оқығанды жөн көреді. Сондықтан баласы оқымаса да ата-ана оқып, дастархан үстінде балаларына мазмұнын айтып отырса керемет болар еді. Себебі, интернетте айтылғандардың барлығы шындыққа жанасады деп айту қиын. Ал газет бетінде жарияланған жаңа­лықтар, танымдық, рухани, мәдени, тарихи ма­қалалар шынайы ақпаратқа негізделеді. Сондықтан газет – қоғамды тәрбиелейтін құрал. Барлық отбасын өз газетімізге жазылуға шақырамын.

Сұлупан ШАМШАДИНОВА,
ардагер-ұстаз

22 қараша 2022 ж. 253 0