Оқырманға алғыс
Газетіміздің бұл жолғы нөмірі үш айға созылған қытымыр қысты түйіндеп, келесі саны көктемнің шуақты күнінде жарыққа шыққалы тұр. Осы ретте көктемнің алғашқы күні Алғыс айту мерекесімен тұспа-тұс келетіндіктен біз де ақ ниетімізбен оқырман қауымға алғыс айтуды жөн көрдік. Шығармашылық ізденісімізді бағалап, аудандық басылымның әр нөмірін үзбей оқитын, баспасөзде жарияланған мақалаларды терең таразылап, пікір білдіре алатын ойлы оқырман – біздің басты тірегіміз.
Шұғылалы көктемнің алғашқы күнін жақындарымызға алғыс айтумен бастау әдетімізге айналды. Бұл мерекенің берекелі наурыз айында болуы тіптен тамаша. Бұл күні ұйқыдан ояна сала, бізді көркем бейнеде жаратқан Тәңірге шүкір етіп, әуелі ата-әжемізге, кейін ата-анамыз бен бауырларымызға, жарымыз бен балаларымызға, жақындарымызға алғыс айтсақ, көңіліміз толып, жүзімізге шаттық ұялайды емес пе! Мен де жергілікті газеттің «Редактор бағаны» айдары бойынша барша оқырманға газет редакциясы атынан шынайы алғыс айтқым келеді.
Басылым тірегі – ойлы оқырман. Бұл қанатты қағида біздің жұмысымыздың басты негізіне айналды. Шығармашылық топ өкілдері оқырман қауыммен ашық байланыс орнатып, тығыз жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде жаңа айдарлар ашылып, мақалалар топтамасы әзірленіп, түрлі сала өкілдерінің жұмысы мен жетістігі кеңінен насихатталуда. Бұл біз үшін де, оқырман қауым үшін де өте тиімді. Себебі басылымды тұрақты оқырмансыз елестету мүмкін емес, оқырман да біздің мазмұны байыған басылымымызды асыға күтетініне сенеміз.
Бүгінде біздің аудандық газет Тәуелсіздік жылдары тарихында бұрын-соңды болмаған көп таралыммен таратылуда. Біз бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде соңғы үш жылда газет тиражын жүздеген данаға арттырдық, яғни біздің жаңадан жүздеген тұрақты оқырманымыз пайда болды. Бүгінде аудандық газетті күтетін, әр нөмірін тұрақты түрде оқитын оқырмандардың бар екенін зор мақтанышпен айтамыз. Мұнан бөлек жаңа заман талабына сай газеттің электронды сайты ашылып, ақпараттық агенттік ретінде тіркелді. Әлеуметтік желілерде ресми парақшалар жұмыс істеуде. Атап өту керек, төріңіздегі төл басылымға айдынды Арал мен жаңарған Жаңақорған ауданынан да жаздыртып алып, оқитын оқырмандарымыз бар. Сондықтан Алғыс айту күні оқырмандарымызға алғыс айтып, жақсылық тілеу – біздің міндетіміз.
Оқырманның пікірі, ұсынысы біз үшін әркез маңызды. Газет арқылы келелі мәселелер көтеріп, оның түйінін тарқатып, оқырман қауымның көңілінен шығу, оң бағасын алу – редакция тілшілеріне қойылатын бірден-бір талап. Осы талаптың үдесінен шығып, жаңалықтардың жаршысы бола алсақ, абыройымыздың артқаны, мерейіміздің өскені деп білеміз. Сондықтан аудан жаңалықтарын дер кезінде таратып, ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан қаламгерлерге де алғыс айтқанымыз жөн. Түптеп келгенде, оқырман мен басылым – бір ұғым. Ендеше, Алғыс айту күні басылым қызметкерлері мен тұрақты оқырмандарға құтты болсын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛ
Фото: Н.НҰРЖАУБАЙЫ