Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасапшы Қази

Қасапшы Қази

Туғаның, туысқаның болмаса да ә дегеннен әңгімең жарасып кететін адамдар болады. Кент орталығындағы Аманкелді Иманов көшесінің бойында орналасқан ет сататын дүкені бар қасапшы Қази аға да сондай. Ақ көңілі баладай аңқылдап, көрген жерде амандық-саулық сұрап, тілектестігін білдіріп тұрады. Кәсіпкермен мен де алғаш қызметін тұтыну мақсатында танысқан едім. Былайынша атымды, жөнімді білмесе де жүзітаныс кісімен менің де сәлемім түзу. Адал еңбегімен, маңдай терімен халыққа қуатты ас ұсыну мақсатында жұмыстанып жүрген ағамен сұхбаттасуды жөн көріп, көше бойындағы дүкенге бас сұқтым.

– Аға, сәлеметсіз бе?

– Бақытты бол, қызым. Жұмыстан келесің бе?

– Аға, менің аудандық газет редакция­­сында жұмыс істейтінімді біле­тін бе едіңіз? Бізде еңбегімен, қыз­меті­мен халыққа пайдасы тиіп, кәсібін дөңгеле­тіп отырған жандарға арналған арнайы айдар бар. Сол бойынша сізді газетке шығар­сам деп едім?

– Ә-ә, қарсылығым жоқ қой...

– Сіз өзіңіз кәсіпкер әрі қасапшысыз иә?

– Иә, малды өзім бағамын, бордақы­лаймын, өзім соямын, өзім сатамын. Терең­өзек кентіндегі үй-жайымда ұстап отырмын. Сон­дай-ақ сыртта да бірнеше бас жылқым бар.

– Жануардың күтімі де, бабы да оңай емес. Бұл шаруаның бәрі жалғыз өзіңізге ауыртпалық етпей ме?

– Жоға, біз әбден еңбекке төселгенбіз ғой. Қажет болса, көмек­шілерім бар. Үлгер­меген уақытта ақыға жалдаймын. Бор­дақылан­ған мал­ды сойып, өткі­зетін тұрақты сатушы­ларым да бар. Арасында олардан да алып сатамын. Менің негізгі мамандығым – теміржолшы. Кәсіпке бет бұрғаныма бес жыл болды. Бастапқыда балық өнімдерін саттым. Кейін ақша жинап, бірнеше бас жылқы алдым. Оларды төлдетіп, басын көбейттім. Міне қазір, шүкір, кәсіпті дөңгелетіп отырмын. Дүкенді жалға аламын. Жалғыз ұлым бар, сол көмектеседі.

– Бірыңғай жылқы ұстайсыз иә?

– Иә, тек жылқы ұстаймын. Оңай жерде нан жоқ, қызым. Былайынша, жылқы малы талғампаз келеді ғой. Қысы-жазы таң ерте­­мен тұрып күті­­мін жасаймын. Суы бар, шөбі бар деген­дей. Бейнетін қиын­сын­баймын. «Еңбек еткенге ба­қыт басын ие­ді» деген ғой. Адал еңбек ет­сем, ха­лық­қа пай­­­­­да­лы бол­­са, он­дай­­дан шар­­ша­­маймын.

– Әрі-бері өт­кенде де бай­қай­мын, тұрақ­ты тұты­ну­шы­ларыңыз да бар­шылық қой...

– Иә, шүкір, сұраныс бар, тұрақты тұтыну­шыларым бар. Жылқы еті нағыз шипа, нағыз ем ғой. Сорпасы ше?! Қазіргі кезде жас­тар, жастар деймін-ау көпшілік үлкендер жағы да мал сою былай тұрсын, табақ жасау­ды білмейді. Етті жіліктеу, оны реттілік бойын­ша табаққа салып, қонақтың ретіне қарай тарту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жастарға кінә артпаймыз, үлкендердің өзі мал бауыздауды қиынсынады. Маған келген тұтыну­шылар өзіне қажетін сұрайды. Қандай қонақ күтеді немесе қандай ас әзірлейді, соған орай жіліктеп, реттеп, «мынаны мына табаққа саласың» деп көрсетіп беремін. Одан бөлек қазы айналдырып, ет тартып та сата­мын. Барлығы күнделікті өтімді.

– Айтпақшы, малды өзіңіз бақсаңыз, тек етін сатасыз ба? Қымыз, саумал бар ма?

– Әзірге тек ет сату бағытында жұмыс жасап жатырмын. Сырттағы малды малшым өзі рет­тейді. Құдай қаласа, осындағы жылқыларым биыл төлдейді. Сәтін салса, аққа аузымыз тисе, көпшіліктің қажеттілігіне неге ұсын­басқа? Саумал, қымыз – ешқандай дәрі алмас­тыра алмайтын, табиғи, таза ем ғой.

– Отбасыңыз туралы айтып өтіңізші? Мал шаруашылығы атадан балаға келе жатқан мұралық кәсіп пе?

– Негізі Арал ауданының тумасымын. 1995 жылы Тереңөзекке көшіп келдім. Содан бері осы жақтың тұрғынымыз. Жоқ, отба­сым­да ешкім малмен айналыспаған. Көр­геніміз бар, білгеніміз бар, өзім үйреніп, мал шаруа­шылығын жолға қойған жайым бар. «Малда береке бар» деп бабаларымыз бекер айт­паған.

– Аға, кәсібіңізге береке тілеймін. Адал, таза асты еш уайымсыз, күмәнсіз аламыз сізден. Еңбегіңіз жемісті болсын. Газетке шығару үшін сурет керек болады, сізді суретке де түсіріп ала­йын...

– Иә, қызым, бақытты бол! Мен мына балтам­ды ұстап тұра қалайын...

Әңгімелескен
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
17 тамыз 2024 ж. 380 0