Көше тұрғындарының игі ісі
Сәрсенбінің сәтті күнінде еңбек ардагері Рақымжан қажы Бәйменов редакцияға қоңырау шалды. Әдеттегідей амандық-саулық сұрағаннан кейін қазыналы қария көршілерімен бірге игі істі жүзеге асырғанын айтты. Біз ақсақалдың әр сөзін қойын дәптерімізге түртіп алдық.
«Садақаның екі түрі болады екен» дейді қажы атамыз. Оның біріншісі жария садақа болса, екіншісі жарияланбайтын садақа екен. Ата-бабаларымыздың жария жасалған жақсы амалдан жария етілмеген жақсы амал абзалырақ дейтіні содан болса керек. Осы ретте қасиетті діннен хабары бар қария «Садақаны жасырын беру ашық түрде беруден абзал, бірақ үлгі болу, адамдарды садақаға ынталандыру үшін жария түрде берілген садақа жасырын садақадан абзал» деген хадистің бар екеніне назар аударды. Сондай-ақ Аманкелді Иманов көшесінің тұрғындарының мал шалып, етін мұқтаж отбасыларға және аудандық жұқпалы ауруларға қарсы аурухана бөлімшесіне өткізгенін жеткізді.
«Тереңөзек кентіндегі «Әйтек» каналының арғы бетіндегі Аманкелді Иманов көшесінің он шақты тұрғыны бас қосып, бірігіп, мал шалдық. Етін мұқтаж деген отбасыларға тараттық. Олар алғысын білдірді. Қалған етті аудандық ауруханаға өткіздік. Көшенің жас жігіттері мен келіндері игі істі атқаруға барынша үлес қосты» дейді ардагер.
Халық даналығында «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің» делінген. Бұл жақсылықтың еселеніп қайтатынын білдіреді. Осы ретте бірлігі бекем, тірлігі көркем Аманкелді Иманов көшесі тұрғындарының игі ісі өзгелерді жақсы амал жасауға ынталандырады деп сенеміз және сауапты іс өздеріңе жақсылық болып қайтсын деп тілейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ