Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы кәсіп иесі – жерлестер мақтанышы

Сапалы кәсіп иесі – жерлестер мақтанышы

Сырдариялық Арайлым Қасымова бүгінде Астана қаласының тұрғыны. Осыдан 5 жыл бұрын Сарыарқа төріне қоныс аударған жерлесіміз «Қоғамдық келісім» КММ Сырдария ауданындағы этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы қызметін абыроймен атқарған еді. Дәл қазіргі уақытта аудан мақтанышы еңселі елордада «Арайлым» перделер салоны және «Orda home» перделер мен шамдар дүкенінің иесі.

Талабы таудай, әрбір жұмысқа ыждағаттылықпен қарайтын Арайлым Сейітжанқызы заманауи үлгідегі перде тігуді қолға алған. Оның жолдасы – Жорабек Өмірзақов отбасылық компанияның құрылтайшысы болып табылады. Осы күні компанияда 10 қызметкер жұмыс істейді. Кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер мереке күндері қарамағындағы қызметкерлерді ынталандырып отырады. Негізінен, Арайлым Қасымова кішкентайынан анасынан тәлім алып, тігін тігуге машықтанған. Үнемі шығармашылықпен өмірін байланыстырған жерлестерінің мақтанышы ісмерлікті соңғы жылдары жанына серік еткен.


– Астана қаласына көшіп келген кезімізде көптеген қиындықты бастан өткердік. Бұрыннан сырты жалт-жұлт еткен әдемі заттарды ұнататын мен үшін перде тігіп, жеке кәсіп ашу нағыз сенімділікті ұялатты. Ең алғаш жолдасым екеуміз пердеге қажетті әшекей-бұйым сатуды қолға алған едік. Кейіннен, тәжірибе жинақтау мақсатында қайын сіңілімнің дүкенінде тұрғындарға перде таңдауға кеңес беріп жүрдім. Ойлаған мақсатқа жету үшін адамға тәуекелшіл болу керек. Біз өзіміздің күшімізбен жаңа кәсіп игеруге ұмтылдық. Шындығында, 9 шаршы метр жерді жалға алумен басталған бизнесіміз 300 шаршы метрді құрайтын дүкенге айналды. Миллионнан аса халық тұратын Астанада өмір сүру сапасы сан түрлі келеді. Мұнда бір орында тоқтап қалуға болмайды. Сан салада бәсекелестік жоғары, – дейді Арайлым Сейітжанқызы.


Бір қызығы жақында жас кәсіпкер «Құрмет» орденінің иегері, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиевтің үйіне перде тігу мақсатында тапсырыс қабылдаған. Қазақтың біртуар азаматын дүниеге әкелген ардақты Ұлдархан апа Арайлым бастаған ұжымның жұмысын жоғары бағалап, ақ батасын берген. Қазақы дәстүрмен шағын бизнесі иесі асыл анаға зор ілтипатын көрсетеді. Еліміздің жарық жұлдыздары «Арайлым» перделер салоны және «Orda home» перделер мен шамдар дүкенінің тауарларына ұдайы қызығушылық танытып отырады.

– Астаналық тұрғындар біздің салонға келіп, ерекше дизайндағы тауарды таңдап жатады. Үйінің орналасуына, жарықтың түсіне байланысты керемет перде жиынтығын жасап шығарамыз. Негізінен, пердеге қажетті тауарды Түркияның Стамбул мен Бурса қалаларынан сатып аламыз. Мұнда перделердің фабрикалары бар. Біз сол жақтағы бірнеше фабрикамен келісімшарт жасастық. Соның негізінде Түркияның беделді компаниялары біздің дүкенімізге сапалы перде жеткізіп тұрады. Біздің ұжымда тұрақтылық пен ауызбіршілік қалыптасқан. Жақсы жұмысымен көзге түсіп, 2 жыл бізбен әріптес болған қызметкеріме шетелге жолдама тағайындап қойғанмын. Жергілікті халықтың сұранысын сапалы қызметпен қанағаттандырамыз, – дейді жас кәсіпкер.


Бүгінде жас кәсіпкер ер азаматы екеуі 3 перзенттің ата-анасы. Өз кезегінде жерлестеріміздің кәсібіне береке берсін деген тілек білдіреміз.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
03 тамыз 2024 ж. 264 0