Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірі - өнер, тігінші - шебер

Өмірі - өнер, тігінші - шебер


Қазақстан үшін кәсіп­керлікті дамыту–өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл жө­нінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа Жол­да­уында баса назар аударып, тоқталған болатын. Биыл облыс­­­та кәсіпкерлікті қол­­дау жылы болып жа­рияланғаны бел­гілі. Мемлекет тара­пынан ұсынылған бағдарламалар негізін­де ауданда бірқатар кәсіпкерлер еңбек етуде. Солардың бірі А.Тоқ­мағамбетов ауы­лы­ның тұрғыны, жас кәсіпкер Нұрсұлу Ажарова.
Нұрсұлудың мектеп қабыр­ға­сында жүргенде-ақ тұрмысқа қажетті көрпеше, жастық, перделер, әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасауға қолы икемді болатын. Үйіндегі жарамсыз маталардан өзіне белдемше, көйлек тігіп, ата-анасын қуантқаны әлі есінде. Әрбір жасаған бұйымын ою-өрнекпен аймыштап, тігуге құштар болды. Одан бөлек бос уақытында сурет салып, тоқыма жіптен інілеріне шұлық, мойын орағыш тоқуды ермек етті. Сол құштарлығы бүгінде қызметінен бөлек жеке кәсібін ашуға көмегін тигізді.
Ол тоғызыншы сыныпты біті­рісімен М.Мәметова атындағы Қы­зылорда гуманитарлық коллед­жіне оқуға түсіп, «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша қызыл дипломын қолына алады. Әрі қарай білімін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жалғастырады. Ке­­йін жас маман өзі білім алған А.Тоқ­мағамбетов атындағы №135 орта мектепке жұмысқа орналасып, балаларды өнерге үйретуге асығады. Ұстаздық қызметін атқара жүріп, Нұрсұлу кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрене бастайды. Оның арманы өзінің шағын тігін шеберханасын ашып, халыққа қызмет көрсету болатын. Қарапайым отбасында дүниеге келген ол жас та болса ата-анасына, бауырларына көмек көрсетуді ойлайды. Сол мақсатта тігін машинасын іске жаратып, ауыл тұрғындарының тапсырыстарын қабылдайды. Өзімен бір мектепте оқыған жігітке тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерді. Қазір дүниеге бірінен соң бірі бес перзент әкелген бақытты ана.Үлкен қызы Нұрай анасына ұқсап, қолөнерге жақын болып өсіп келеді. Қолынан іс келетін өнер шебері декреттік демалыста жүр­генде де үйренген кәсібінен ажырамай, өзін-өзі дамыту үшін қолөнер көрмелеріне қатысқан. Республикалық «Сырдың сырлы өнері» атты көрмеге қатысып бірінші орын, «Өнерлінің қолы алтын» байқауында үшінші орын алды. «Үздік сапа» байқауының алғыс хат иегері. Облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Ақтөбе, Шымкент және Тараз қалаларына семинарлар өткізу арқылы шеберлігін шыңдады.
Әрі қарай жылжудың қанша­лықты қиын екенін түсінген ісмер 2012 жылы «Ақниет» әлеу­меттік бағдарламасының бар екенін біле­ді. Көп ойланбастан бағ­дар­ламаға қатысып, 300 мың теңге қай­тарымсыз несие алуына мүм­кіндік алды. Соңғы үлгідегі тігін машинасына қолы жетіп, жұмысын одан әрі дамытты. Өзі пысық әрі тыным таппайтын шебер, 2016 жылы «Бас­тамаларды қолдау орталығынан «Шағын бизнес – үлкен мүм­кіндіктер» бағдарламасы бойынша 1 млн және биыл «Өңірлерді дамыту орталығынан» 3 млн теңге несие­­ге қолы жетіп, тігін цехын ке­ңейте түсті. Қазіргі уақытта оқу­­шыларға мектеп фор­­­­ма­ларын, әр түрлі сах­­на­­­лық киімдер­ді әзір­­­лей­ді. Тапсырыс­пен қыз жасауын, құ­рақ көр­пеше, көрпе т.б. бұйымдарды тігіп, халықтың алғы­сына бөленіп отырған жайы бар.
Жұмыссыздық – қазіргі уақытта өзекті мәселе. Осы жағдайдың орнын толтыру үшін жергілікті әкім­шілік кәсіппен айналысамын деген адамдарды қашанда қолдауға әзір. Ең бастысы қатардан қалмай ұмтылу керек және оқып–білуден, үйренуден шаршамау керек.
Бірте-бірте жұмыс ауқымы ке­ңейіп, тапсырыстары көбейе түс­кендіктен әлеуметтік жұмыспен қам­ту аясында қолынан іс келетін екі жас келіншекті жұмысқа тартты. Нұрсұлудың көмекшісі Байекешова Самал да өз ісінің шебері. Ал Сматова Гүлжанат болса ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді тігуді үйреніп, машықтанған.
– Алға қойған мақсатым кәсі­бімді одан әрі кеңейту, қазақ­тың ұлттық бұйымдарын ою-өрнек­пен нақыштап, бренд ретінде қалып­тастыру. Алар асулар, ба­ғын­дырар белестерім әлі алда, – дейді тігін өнерінің қыр-сырына қаныққан Нұрсұлу.
Бүгінде жұмыссыз жүрген, бірақ мамандық игеруге, кәсіп ашуға ниеттілер көп. Тағы бірден соң кәсібін ашып алып, әрі қарай игере алмай отырғандар да бар. Алайда Нұрсұлу алға қойған мақсатының, қажырлы еңбегінің арқасында кәсібін дөңгелетуде. Өз ісінен нәсіп тауып отырған жас кәсіпкерге қарап, тек ниет пен жігердің арқасында алынбайтын белес жоқ екендігіне көз жетіп отыр. Алдағы уақытта ісінің табысты болуына, үлкен белестерді бағындыруына тілекшіміз.

Арайлым ӨМІРБЕК,
ҚМУ-дың ІІ курс студенті
19 маусым 2018 ж. 2 767 0