БАС ШАҺАРҒА ЖЫР-ШАШУ
Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана күн санап, өркендеп келе жатқан бас қаламыз. Аз уақыт ішінде көркейіп, әлемді тамсандыратын ғажайып мекенге айналғаны дүйім жұртқа мәлім. Еліміздің бас қаласына биыл 20 толып отыр. Осы орайда жақында аудандық балалар кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жыр-жауһар» поэзия клубының аясында «Елімнің жүрегі-Астана» атты тынығушылардың қатысуымен әдеби-жыр кеші өтті.
Шараны балалар кітапханасының меңгерушісі Майра Балмағанбетова ашып, Астана қаласының әлем елдерімен санасатын заманауи үлгідегі нышандарын тілге тиек етті. Өз кезегінде балалар іс-шара барысында Астана қаласының тарихымен, көрікті орындарымен танысты. Сонымен қатар, Отанын қастерлеуге, оны көркейтіп, қадірлей білу керектігі балаларға насихатталды. Мұнан кейін оқушылар Махаббат Болысбекова, Мәншүк Байділдаева, Сандуғаш Серікбаева, Қарақат Бақдәулет, Арайлым Әбдіғаппарова, Дина Қуандықова бірқатар қазақ ақындарының өлең-жырларын жатқа оқыды. Кеш жүргізушісі Астана қаласында өткізілген «ЭКСПО-2017» көрмесінің маңыздылығына тоқталып, әсем Астанамыздың одан әрі көркеюіне және еліміздің келешекте бұдан да асқақ мақсаттарды жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасалғандығын айтты.
Шара соңында аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлмира Асанова «Айбыны асқақ, тұғыры биік Астана» атты кітап көрмесіндегі әдебиеттермен таныстырып, шолу жасады. Ал, балалар арасында «Ойлы болсаң озып көр» атты әдеби-викториналық ойыны ұйымдастырылды.
Арайлым Өмірбекқызы,
ҚМУ-дың ІІ курс студенті