Көпке шапағаты тиген көз дәрігері
«Көз – өмірдің айнасы» деген сөздің қадірін бірнеше жыл бұрын оң жақ көзіме тас қиыршығы түсіп, жүзіме мұң үйіріліп, көзжанарым қанталаған сәтте шын түсінген едім. Сол бір аса қиын, адам төзгісіз мезетте білікті көз дәрігері, алтын қолды абзал жан Күлнар Серімбетованың шапағаты тиіп, отасыз-ақ дертімнен айыққан болатынмын.
Медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде естен кетпес осы оқиға туралы ойландым. «Әрнәрсенің сәті бар» дегендей, жақсы жан туралы ойланып отырғаным сол-ақ екен ауданға белгілі дәрігер Қайрат Ерманов ағамыз хабарласып, әріптесі, ұжымның құрметтісі Күлнар Бақытжанқызы туралы мақала жазылса деген ұсынысын білдірді. Лайықты маман туралы неге жазбасқа? Қолға қалам алып, бірден жазу үстеліне отыра кеттім.
Қашан көрсеңіз де іс-әрекетінен тектілік көрініп, жүзінен жылылық лебі есіп тұратын К.Серімбетова – денсаулық сақтау саласының майталман маманы. Тасбөгетте дүниеге келіп, №11 орта мектептен түлеп ұшқан ол алғашқы еңбек жолын ПМК-29 мекемесінде жұмысшы болып бастапты. Кейін жүрек қалауымен Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының дайындық бөліміне оқуға қабылданып, 1978 жылдан бастап педиатрия бөлімінің студенті атанып, институтты 1984 жылы тәмамдаған. Кейін облыстық аурухана базасында біржылдық дәрігерлік интернатурадан өткен. Сөйтіп медицина саласындағы еңбек жолы басталып, 1985-1996 жылдары Шағандағы аймақтық ауруханада педиатр болып жұмыс істеген. Еңбек жолында кәсібилік пен адамшершілік қасиетті ұштастырған маман талай науқастың дертінен айығуына септігін тигізген. Сол кезде Шаған ауылында еңбек ететін Күлнар Серімбетоваға халық аудан орталығынан барып, тиісті ем-дом алатыны әлі күнге жұртшылық арасында зор құрметпен айтылады. Бұл білікті маманның өз саласының үздігі екенін білдіреді.
– Саналы ғұмырымның 45 жылы медицина саласына арналды. Мамандығым – мақтанышым. Осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Еңбегімізді ел-халық біледі. Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Осы ұстаным менің өмірлік темірқазығым, – дейді бізбен әңгімелесу барысында білікті дәрігер.
Кейіпкеріміз 1996 жылдан бастап аудандық аурухананың балалар бөлімшесіне аймақтық педиатр дәрігер болып орналасады. Ал 2008-2010 жылдары С.Сейфуллин ауылында жалпы практикалық дәрігер ретінде еңбек етеді. Жұмыс пен ізденісті серік еткен маман 2010 жылы Алматы қалалық білім жетілдіру институтында қайта даярлау курсын оқып, бірнеше жыл балалар көз дәрігері, 2016 жылдан бастап офтальмолог ретінде еңбек етті. ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі атанған К.Серімбетова медицина саласы қызметкерлерінің биылғы кәсіби мерекесінде де құрметке бөленді. Аудан әкімі М.Ергешбаев салтанатты іс-шарада «Алғыс хат» пен арнайы сый-сыяпат табыстады. Бұл ұзақ жылғы еңбектің мәуелі жемісі десек жарасады.
Антына адал абзал жан – отбасында ардақты ана, мейірімді әже. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Бақытжан Лекеровпен бірге ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Үлкен ұлы Марат Алматыдағы №7 клиникалық ауруханада дәрігер реаниматолог болса, Айзат – Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде бөлім басшысы, Гүлзат – облыстық жер қатынастары басқармасында мемлекеттік қызметші. Бүгінде еңбектің жемісін көріп, халықтың алғысын арқалап, ұрпақтарынан немере сүйіп, қоғамның құрметіне бөленіп отырған Бақытжан Лекеров пен Күлнар Серімбетованы өнегелі отбасының тірегі деуге болады. Лайым, құт қонып, бақ дарыған отбасының мерей-мәртебесі үстем бола берсін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ