Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзіміздің Володя

Өзіміздің Володя

Газеттің 85 жылдық тарихына қатысты ақпараттар мен басылымда еңбек еткен қаламгерлер мен қызметкерлер туралы мақалалар жыл басынан бері тұрақты түрде жарияланып келеді. Бұл жолы редакцияға аудан халқына есімі етене таныс Владимир Ягуниннің қызы Людмила Владимирқызы келіп, ұжымды айтулы мерейтоймен құттықтап, бас редактор А.Ибрагимұлымен пікірлескен болатын. Кездесуден кейін шығармашылық топ ақылдаса келе, 1995 жылы белгілі ақын, қаламгер Сейтмұрат Ембергеновтің Владимир Ягунинмен жүргізген сұхбатын жаңғыртып, арада отыз жыл уақыт өткеннен кейін қайтадан жариялауды жөн көрдік.

Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының ардагері, жауынгер-журналист В.Ягунин аудандық газет «Сталин жолы» деп аталғанда еңбек еткен. 1955-1978 жылдары «Қазтелеграф» агенттігі мен «ТАСС»-та тіршілік қызмет атқарып, талай еңбек адамдарымен бірге болып, олар жайлы басылымда мақалалар, эсселер, очерктер жариялаған, олардың фотосуреттерін жинақтаған. Екі рет «Қызыл жұлдыз», «Даңқ», «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталған. Шағын мақалалары облыстық «Ленинский путь» газетінде де жарияланған.

Тереңөзек жайлы тереңірек білуге құштар­лықтан болуы керек, осы ел үшін ерінбей еңбек етті-ау дегендерді кездестірсем болды, олар жайлы егжей-тегжейлі сұрай бергім келеді. Сол әдетіммен бүгін де зейнеткер бұрын журналистік жолдың әр қилы бел-белес­терінен өткен Владимир Ягунинге де өзі жайлы «бірнәрсе» жазып беруін өтіндім. Ол біраз күндер кідіртті де, ақырсында өтінішімді орындады. «Журналисттік сүрлеулерінен» (журналисткими тропами) деп атап 6 бетке ұқыпты, өзін-өзі талапкер адамға тән мәнермен жазылған қолжазба менің қолыма тиді. Көп кідірмей дереу оқып шықтым. Ә дегеннен-ақ ол мені тарта түсті. Әдетте өмір жолын жазушылардың барлығы дерлік қашаннан қалыптасып келе жатқан таптаурын тәсіл – олай еттім де, былай еттім, сөйтіп, қилы-қилы сүрлеулерден өттім деп бір сүреден танбай ойын аяқтап, нұқырта нүкте қойдым. Ал, Владимир болса өзінің 1951 жылдан басталған журналистік жолында – аудандық газет «Сталин жолы», облыстық газеттің «Ленин жолы» мен «Ленинский путь» республикалық корей газеті «Ленин кичи» тағы басқа үлкен тәрбиелік бағдар беретін бақыт санаудан бас­тайды.

Өзінің Ұзақ Бағаев, Сейіткамал Усабаев, Ф.М. Нам Хорен, Хамза Сыздықов, Құрманғали Ажаров, Мықты Исаев, Сұлтан Қожаниязов, Қомшабай Сүйенішев, Ключанский, Ли Вадим тағы басқа ысылған, ұсынақты газет қызметкерлерімен бірге істесіп журналистік мамандықтың қыр-сырын игерудегі олардың ықпалдарын зор ризашылығымен еске алып, рахметін айтты.

Баспасөз қызметін жай тілшіліктен бас­тап кейін газет материалдарына фотохабардын аса тапшылығына байланысты сурет түсірумен әуестеніп, бара-бара КазТАЛ, ТАСС фототілшілігіне дейін көтеріледі. Ол фототілшіге қойылатын қарапайым үш талапты: «кім, не?», «қайда?», «қашан» деген сұрақтарға сурет арқылы жауап берудің сиқырлы сырын меңгеру үшін аянбай еңбек етеді. Бөкеңнің (Владимирдің) қолжазбасын оқып отырып, оның өмірден көргендерін, көңілге түйгендерін тізе берсем ұзак сапарлы әңгіме болатын түрі бар. Сондықтан енді мен тағы бір кездескенімде одан қолымдағы қолжазбасы негізінде бірнеше сұрақтарыма жауап беруін ғана өтінген едім. Ол ықыластана отырып жауап берді. Енді соған келейік.

– Бәке, журналистің жүгі ауыр екенін екінің бірі түсіне бермейді. Өзіңіз бұған қалай қарайсыз?

– Қандай жұмыс болса да медальдың екі беті сияқты екі қырынан көрінеді. Ол: жеңіл, ауыр. Қандай жұмыс болса да жауапсыздықпен қарап, жүрдім-бардым атқарсаң – жеңіл әр істің байыбына барып, жауапкершілікпен қарап, тиянақты жүргізсең – ауыр. Ал, журналист дегеніңіз ол тіршілік тынысынан жай хабарлама беруші ғана емес, адамдардың жан дүниесіне енуші тамыршы. Осы тұрғыдан қарағанда журналистік ауыр да, ардақты кәсіп. Оның ішінде фототілшінің орны тіпті бөлек.

– Шынында фототілшілік ерекше нақтылықты қажет ететін кәсіп қой. Өмірде араласқан адамдарыңыздан ерекше есте қалып, әсер ететіндері бар шығар...

– Өзім журналистік мамандық бойынша еңбек еткен 1951- 1980 жылдардың аралығында Қызылорда облысында мен шарламаған өңір, кездеспеген, ел елеулілері сирек-ақ шығар. Қазірдің өзінде жүздеген адамдарды қиналмай атап беруге мүмкіндігім бар. Егер менімен шынайы араласып кеткендерден осы әңгіменің ішінде аттары аталмағандары болса кешірер. Ол – ұмытқандығынан емес, газет бетінің көтере алмағандығында деп түсініңіздер. Менің алғашқы фотосерігім – «Ленинский Путь» газетіне жариялаған «Аламесек» МТС- нің темір ұстасы Жұмабай Есболғанов еді. Оның өзі менің ойлағанымнан да асып түсті. Өзі де нағыз әдеби көркем туындыға кейіпкер болатын орыстың Васелий Теркиніне бара-бар болатын. Жүрген жерін думандатып, шетсіз-шексіз әзіл-оспақ пен ғажайып оқиғаларды туындатып, күлкіге кенелтіп отыратын көңілді де жігерлі жан-ды.

І Петр патшаның ерлігін еске түсіретін алып күштің иесі Тұрсын Балапанов ше?... Күн­нің суығына Сырдарияға түсіп кеткен тракторды судан сүйреп шығарып, бұл ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденінің тыл да еңбек етушілердің алғашқы иегері болған еді. Аңыздарда ғана айтылатын қазақ батырларына тән бейнесі, елдік пен ерліктің тұнбасы шопан Нартай Көкеев ше?... Көше-қоңның алуан сырын еркін игерген, тынымсыз да қамқоршы, тұнып тұрған тарих, шалқар даланың шежіресі Сейтжан Сақтағановты қалай ұмытарсың.... Мен біздің облысымыздың үстінен бас­тап өтетін Ресейден Қытай, Монғол, Түркістан, Хорезм, Үргеніш, Бұқар тағы басқа әлемге танымал елге баратын жол болғанын, оның Сәтбай жолы деп аталатын осы Сәкеңнен естіген едім. Тіпті осы жолмен ХІІІ ғасырда Тоқтамыс ханды талқандап қайтқан Ақсақ Темірдің жүргенін, Ақмешітті қоқандардан азат етуші орыс әскерлерінің жүргенін де Сәкең айтқан болатын. Қарақұмдағы «Айбала», «Қалмаққырған», «Дәреталды», Қызылқұмдағы «Палуан қыз» жайлы ғажайып аңыздарды да осы кісіден естігенмін.

Қазір зейнеткер соғыс және еңбек ардагері Шәкі Оспановпен жүрген кездер де көңілді эпизодтарға толы болатын. Сыр бойында әйелдер арасынан шыққан алғашқы механизатор Қатира Мыханованың өмірі нағыз өнеге. Соғыс кездеріндегі ұшан теңіз ерлігін айтып жеткізудің өзі қиын. Халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуіріндегі еңбегі ауданның еңбек тарихына қосқан толағай үлес деп қана айтуға болады. Кейін оның ізбасарлары ондап саналып, тіпті, бұрынғы Одақ көлеміне белгілі болған Ырысты Өкшебаева сияқты майталман механизаторлар шықты. Ұлы Жеңіс шеруіне қатысушы жерлесіміз Ибадулла Байдаулетовты, оны кішіпейілдік азаматтығы өз алдына бір әңгіме боларлық. Ал, Ыбырай Жақаев, Қасым Бөдеев, Цой Ги-Хва, Балдырған Мұстапаева, Ахмет Халықов, тағы басқа Еңбек Ерлерінің іс әрекеттері менің фотообъективімнен тыс қалған емес. Бұлардың бәрімен де араласуыма тура келді. Әсіресе Ы. Жақаевпен көп сырласып, қызық-қызық әңгімелерін естуімнің талай сәті түсті. Бірде ол ең алғаш Жапонияға барған ауыл шаруашылығы делегациясының құрамында болып алуан ғажаптар көріп, құрметтелгенін, бірақ, есесіне 6 килограмм салмағы жоғалтқанын айтты. Сөйтсе кезек-кезек ет жеп қалған қазақ жапондарының ылғи шөптен жасалған тағамдарына көндікпепті ғой. Ы.Жақаевтың қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, тәлімгерлігі, жалпы адамға деген қарым-қатынасы мен шәкірттеріне деген қамқорлығы кісі сүйсінерліктей еді. Оның күріш плантациясында Әбділда Тәжібаев пен Мұхаммеджан Қаратаев сияқты қазақтың біртуар дарындарын кездестіріп, суретке түсіру мен үшін үлкен бақыт, сәті келген іс болатын.
Сөз арасында айта кетейін, Сіз өзі туралы айтпай толып жатқан адамдарды тізіп кеткені несі дерсіз. Мен үшін сол адамдар менің журналистік өмірім. Мен солардың іс әрекеттерін, жан дүниесін қаз-қалпында халыққа, оқырмандарға көрсетуге тырыстым.

Әсерлі адам табиғаттың ерекше жаратылған бір бөлшегі ғой. Сондықтан бұл екеуін бөле-жара қарауға болмайды. Мен шарлаған Сыр бойы, «Арысқұм» мен «Сарысу» алқабы, «Қарақұм» қойнауы, «Қызылқұм» өңірі, Қаратау бөктері, олардағы жер атаулары мен тарихы, бір-біріне ұқсамайтын көркем көріністері толғана ойлансаң адамдарының жасампаздық әрекеттерін әрлендіре түсінетіні айқын.

– Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Жеңіс шеруіне қатысушы жерлесіміз Нағи Ілиясов туралы не білесіз?

– Нәкең туралы ой толғап, тыныс-тіршілігін қалпында жеткізу – көркем туынды жазатын кемел ойлы қарымды қамалды жазушылардың үлесі болуға тиісті жай. Ол кісінің жүрген жерінің бәрі ерліктің, қайталанбас қыран қимылдың бұлағы іспетті болатын. Оның «Қараөзек» совхозын ұйымдастырып Одақ бойынша алынған американдық асыл тұқымды 12 «Сантагертуда» бұқарасының 6-ын алып қалып, мал шаруашылығын өркендеуге батыл қадам жасауының өзі не тұрады?.. Не пайда ол еңбектері бағаланбақ түгіл өзі қудалануға душар болды. Ал, осы күнгі өзінің есімімен аталған совхозды бөлімшеден бастап, Одақтық дәрежедегі көрмелерге қатысушы ірі шаруашылыққа жеткізу дегенің тек Нәкең сияқты ерен ұйымдастырушылардың қолынан келеді. Тіпті тынымсыз жан еді. Оны фотообъективке ілудің өзі киын-тын. Ол – қайталанбас тұлға ғой.

– Ел басқарған адамның барлығы да мақтауға тұрарлық қой. Бірақ, солардың ішінде осы күнге дейін үлкен құрметпен аталатындары Сәдір Әбішев, Нұрқасым Бердіқұлов, Қонысбек Қазантаевтар. Бұлар жайлы не білесіз?

– Сәдір Әбішев жайлы онша білмеймін. Ол кісінің кезінде көпшілікпен әлі демдеп араласа қойған жоқ едім. Ал, Бердіқұловпен жүрген күндерімнің есте қаларлығы молынан. Ол кісі аса кішіпейіл, тіпті қарапайым, тынымсыз, ұйымдастырғыш болатын. Нағыз істің, болғанда да қолма-қол істің адамы еді. Жолда келе жатқанда жаяуларды кездестірсе машинасына сиғанынша мінгізіп алатын. Жағдайыңды түп-тұяғынына дейін сұрап, қажет болатын болса табанда көмектесуге дайын тұратын. Омар Әзқожаев та өте ұйымдастырғыш, белсенді хатшылардың бірі еді. Бірақ, әлде қандай себептермен көп тұра алмады. Шамасы жоғарыдағылардың біріне жақпаған болуы керек. Қонысбек Қазантаевқа келсек, ол дегенің ұйымдастырушылықтың қазанында қайнап шыққан құрыш қой. Өзге де талап қойғыш, өзіне де талап қойғыш. Ол кісінің Тереңөзекте еңбек еткен 12 жылы тек биіктерге көтерілу, тек құлашты кеңге сілтеу жылдары болды. Кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлетін. Диқандардан, малшылардан, механизаторлардан кімдерді суретке түсіру керек – өзі сілтеп, нұсқап отыратын. Аса тиянақтылықты, ұқыптылықты қалайтын. Эстетикалық талғамы өте жоғары болатын.

– Басқа кімдер Сізге ерекше әсер қалдырды?

– Ол дегенің көп қой. Мен облыстық көлемде жұмыс істедім. Сондықтан араласқаным да бір сәт қана кездескендерімде көп болады. Ауданға қатысты шамалы болуына байланысты олар жайлы айта берудің жөні келмес. Алайда сөз орайы келгенде Исатай Әбдікәрімов жайлы жылы лебізімді білдіре кетпеу мен үшін күнә емес сияқты. Исекең өте көпшіл, адаммен тез тіл табыса білетін, кісіні өзіне еріксіз баурап алатын құдіреті ықпалы бар тәрізді көрінетін. Кіммен қалай сөйлесіп, кімдерді фотообъективке алу керектігін бүге-шүгесіне дейін қалдырмай меңзеп отыратын. Өмір жолынан да талай қызықты жайларды айтып еді. Оларды айта беруге газет беті көтермейді ғой. Мұқашев Сейітнәби де өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар, кісімен сөйлесудің құпия кілтін таба білетін бір туар азамат еді. Жалпы әр түрлі дәрежедегі өмірлік әсер қалдырушылар жетіп жатыр.

– Бәке, Сіз қазір зейнеткерсіз. Бір сөзбен айтқанда өмірдің оқшауланған бір кезеңде тұрғандайсыз. Енді сізге ерекше толғандыратын мәселе не?

– Менің журналистік жолым қызықты да мазмұнды өтті. Кедір-бұдырлар болуына қарамастан өткен өмірім өзімнің рухани көз қалтамды толық қанағаттандырады. Тек, бір мазалайтын мәселе – біздің «Ешкімде, ештеңе де ұмыт қалмайды» деген қасиетті девизімізді іске асырудың еленбей қалып бара жатқан бір жағы бар сияқты. Ол Отан соғысына қатысып, елге оралғаннан кейін әр түрлі себептерімен қайтыс болғандарының, сондай-ақ сол бір сұрапыл заманда тылда тынымсыз еңбек етіп, қанды жасымен аралас ащы терін төккен аналармен қарттардың бұғанасы қатпай бейнетке белшесінен батқан балаң балалардың атусыз қалып бара жатқандығы. Осылар жайлы «Боздақтар» сияқты кітап болмағанмен де музейлік деректер жинақтап болашаққа аттарын қалдырсақ, тарих алдындағы бір міндет өтелген болар еді. Бұған тек көпшіліктің қолдауы керек.

– Бәке, мынауыңыз өте құптарлық жай екен. Шынында да тереңірек толғана ойлансақ бұл сайып келгенде болашақ ұрпаққа тәлімдік мәні бар күрделі мәселе ғой. Әңгімеңізге рахмет. Егер соңғы ойыңызды тиісті орындармен көпшілік қолдай қойса өзіңіз де тыс қалмай демеушілеріңіздің бірі боларсыз.

– Әрине, ол дегенің мені толғандырып жүрген де, тікелей іске араласатын да жай ғой. Бәкең ерінбей, жалықпай, еңбек ететін адам. Бірақ, кейбіреулер сияқты көзге көрінуге құштарлығы жоқ. Соның өзінде еңбектері республикалық және Одақтық көрмелерге қамтылып, әлденеше рет І-ІІ дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар алған. Әсіресе, 70 жылдардың басында Қызылорда облысы бойынша ҚазТАГ, ТАСС-тың меншікті тілшісі болды. Мүмкін ол күні бүгінге дейін сүйікті мамандығын тастамас па еді, егер жоспарларға шығуына кетпестей кедергі болып көлденең тұрған сырқаты болмаса... Бүгінде өзін-өзі күйттеп қана келе жатқан Бәкең жоғарыда айтқанындай өмір жолына өкінбейді. Тек, бір «Әттеген-айы» бар қымбатты деген архивтік дүниелерін осыдан он шақты жыл бұрын өртеніп кетті. Тек, кездейсоқтықпен аман қалған бірлі-жарым суреттермен 80 жылдардан бері фотоға түсірген материалдарын – жүздеген фотосуреттер мен негативтері аудандық мұражай қорына тарту етті. Онда құнды-құнды деректер баршылық. Мүмкін реті келгенде аудан тарихын тереңдеп жазу үшін арнайы зерттеу де қажет болар. Оны болашақ өмір көрсетеді.

Біздің айтарымыз бір-ақ нәрсе. Ол – әрбір журналистік өз ауданы үшін В. Ягуниндей із қалдырса сүрген кәсібінің үдерісінен шыққаны, ел алдындағы борышын өтегені болар еді.

Сейтмұрат ЕМБЕРГЕНОВ,
ақын, қаламгер:
29 маусым 2024 ж. 209 0