Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ГАЗЕТ РЕДАКТОРЛАРЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

ГАЗЕТ РЕДАКТОРЛАРЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Баспасөзді насихатшы, үгітші есебінде пайдаланған кеңестік кезеңде газет­тердің рөлі мен міндеті айрықша болды. Тіпті, кейбір журналистер өзін басқарып отырған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысын, аудандық сот пен прокуратураны сынаған. Оны біз Тереңөзек аудандық газетте 30 жылдан астам қызмет еткен Сұлтан Қожаниязовтың мақалаларынан біле аламыз.
1938 жылы қайтадан аудан мәртебесін алған Тереңөзек ауданының газеті «Сталин жолы» деп аталды. Аудандық партия комитетінің және Қазақ Советі президиумының Тереңөзек аудандық ұйымдастыру комитетінің органы болып, 1939 жылдың басынан есептелгенімен газеттің алғашқы саны (№1) 26 наурызда жарық көрді. Басылым аптасына 2-3 реттен шығып отырды және 2 беттен тұрған.
«Газеттің алғашқы редакторы кім болды» дегенге келсек, нақты қолын қойып, есімі жазылған Серғазы Абдулмаевты айтамыз. Алайда, кейбір баспасөз деректерінде (архивтік құжатта Т.Д.) Айтмағамбет Жалмұханбетовты 1937 жылы Тереңөзек ауданының газет редакторы болып қызмет атқарған тұста «Халық жауы» ретінде ұсталып, Ресей жеріне айдалып, ақыры сол жақта қайтыс болған деп келтіріледі. Бұл деректі былай түйіндеуге болады. «1929 жылдың шілде айында Қызылорда округтік «Сыр бойы» газеті шыға бастаған. «Сыр бойы» Қызылорда округінің партия Кеңес комитетімен кәсіподақ ұйымының және Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы, Аламесек, Қарсақбай аудандарының да органы болып табылған. Міне, сол тұста А.Жалмұханбетов «Сыр бойынан» Тереңөзек ауданына бөлінген редактор-тілші болған» деп есептеймін. Сонымен «Сталин жолы» газетінің 1940 жылдың №1 (57) санында (1 қаңтар) жауапты редактор С.Абдуллаев, кейіннен жауапты редактордың міндетін атқарушы болып Мәулен Меңдіғараев, кей кездері Дүйсен Жұқабаевта қол қойған. Бұл азаматтар 1940 жылы аудандық партия комитетінің қызметкерлері болған.
1940 жылдың шілде айынан бастап жауапты редактор Баймахан Уызбаев болды. 1941 жылғы 8 қазандағы санына жауапты редактор болып А.Тортаев, Б.Уызбаевтар қол қойған. Бұл деректерден ара-тұра партия қызметкерлері де редактор үшін қол қойып отырғанын білуге болады.
1945-1946 жылдары Тереңөзек аудандық газет редакторы Әбілда Құрманаев, 1946 жылдың 5 желтоқсанынан бастап Смайыл Ақжігітовтер қызмет атқарған. 1939-1946 жылдары ауыл-село тілшілері Тұрсынбай Аралбаев, С.Дәрібаев, Муса Нұрманов, Бақытжан Әденов, Сайлығараев, Қайролла Оспанов, Үмбетов, Н.Төртбаев және тағы басқалар тұрақты түрде автор-тілші болып мақала жазып тұрған.
Алғашқы редактор болған С.Абдуллаевпен, ауыл-село тілшісі Бақытжан Әденовпен аудандық газет байланысты үзген емес. С.Ақжігітов шамамен 1947-1950 жылдары редактор болған. XX ғасырдың 50-60 жылдар ішінде редактор қызметін Шілдебай Оңғалбаев, Айтбай Қойшыбаевтар атқарса керек. Ал газеттің «Еңбек майданы» кезінде 1958 жылдың басынан Жұмағали Елеуов редактор болып, үздіксіз он жылдай қызмет етті. Қаншама мақалалар қолынан өтіп, шәкірттер тәрбиеледі. Осы жылдарда редактор үшін Ш.Оңғалбаев пен Б.Өтеповтер қол қойған. «Сырдария» атты газеттің де редакторы Ж.Елеуов, орынбасары Болатбек Аманбаев екен. Жалпы, 80 жылдық газет тарихында редакторлардың орынбасары болып М.Меңдіғараев, Ш.Сайлығараев, Оңғалбаев, Б.Өтепов қызмет атқарған. Осы 80 жыл ішінде қаншама еңбек адамдарының үлгі істерін, аудандағы сан қырлы жұмыстарды жұртшылыққа жеткізуде зор рөл атқарды. 80 жылда 8 мыңнан астам адамдардың есімдері аталды.
Сонымен «Сталин жолы» газетінің №1 саны 1939 жылдың 26 наурызынан бас­талып, 1956 жылдың 1 маусымында тоқтап, газет аты «Еңбек майданы» аталды. Бұл атаумен газет 1962 жылдың 14 сәуіріне дейін шыққан. 1963 жылдың №15 саны 2 шілдеден бастап 1967 жылғы 77 санға дейін «Сырдария» атымен шықса, 1967-1992 жылдар аралығында «Еңбек туы», осы жылдың тамыз айынан бастап «Тереңөзек тынысы», кейіннен «Тіршілік тынысы» деген атаумен шығып тұрған.
1967-1970 жылдары газет редакторы Болатбек Аманбаев, Смағұл Маханбетов (1971-1974), 1974-1978 жылдары Ізхан Досмағамбетов, 1979-1986 жылдары Абызбай Маханбетов, 1991-1993 жылдары Қуаныш Татанов, 1993-1994 жылдары Тынышбек Дайрабаев, 1994 жылдан Келдібай Уайсов, Тұрғанбай Болғанбаев, Асқар Кіребаев, Нұрлыбек Ғизатов, Сәуле Ерімбетовалар аудан баспасөзін дамытуда елеулі еңбектер атқарды деуге болады. Аудандық газеттің тарихы «Сталин жолы» болғанда 1000 дана, «Еңбек майданының» тиражы 1350, «Сырдария» газетінің тиражы 4105, «Еңбек туының» оқырманы 3010, «Тереңөзек тынысы» газетінің тиражы 2905, қазірде газет тиражы 3097 дананы құрайды. Ертедегі газет бетін З.Жүнісбаев, Н.Шідербаев, А.Қалмағамбетов, басқа да еңбек озаттары туралы мақалалар берілсе, халық ақыны Нартай Бекежановтың «Еңбек ерлері» атты өлеңі басылып, тереңөзектіктерді бір жасатып тастады.
Аудан айнасы, халық тынысы Сырдария ауданының газетіне биыл – 80 жыл. Осы жылдары аудандағы 39 колхоздың қаншама хабары, мақалалар, өлеңдер басылды. Олардан ауданның өткен тарихын, адамдардың еңбек жолын білуге болады. газеттің бүгінгі ұжымына 80 жылдық мерейтой құтты болсын дей отырып, қаламдарың ұштала берсін деген тілектемін.

Тынышбек ДАЙРАБАЕВ,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»

25 маусым 2019 ж. 1 044 0