Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарғайған сурет

Сарғайған сурет

Ауданға белгілі ұста, кезінде екі рет депутат болған Сайділда Сәдуақасов бүгінде еңбек ардагері ретінде ауданның қоғамдық-саяси дамуына белсене атсалысуда. Шығармашылыққа, оның ішінде журналистикаға бір табан жақын азамат өткен аптада аудандық газет редакция­сына келіп, бізге ескі суретті таныстырды.

Сурет шамамен осыдан 40 жылдай бұрын түсірілген екен. Ол кезде еліміз тәуелсіздігін алмаған. Коммунистік партияның кезекті жиынынан соң аудандық газеттің тарихында есімі ерекше құрметпен аталатын азаматтар естелік суретке түсіпті. Біз басылымның 85 жылдығына орай газетке жариялап отырған суреттен ақын Сейтмұрат Ембергеновті, білім саласының жаңалықтарын жергілікті басылымда жариялауда белсенділік танытқан қаламгерлер Қожабек Қоянбаев пен Досбол Әбуді аңғардық. Мұнан бөлек ауданның құқық қорғау саласында жемісті еңбек еткен, журналистердің жанашыры бола білген Тұрарбек Әбдіханов та қанаттас қаламгерлермен бірге суретке түсіпті. Ал жоғарыда тұрған екі азамат сол кезде шабыттана жазып, кеңге құлаш сермеген журналист Мейрамбек Шілдебаев пен қоғам белсендісі болған Сайділда Сәдуақасов.

– Биыл газеттің 85 жылдық мерейтойы. Меніңше, ауданның әр азаматы жергілікті жаңалықтардың жаршысы болған басы­лым­ға қарыздар. Өйткені журналистер біздің жақсымызды асырып, мерейімізді көтеріп, қажет кезде қоғамға ой салып, үлкен-кішінің ой-пікірін елеп, екшеп, жүйелі жұмыс атқарып келеді. Өзім аудандық газеттің әр нөмірін үзбей оқимын. Сейсенбі және сенбі күндері пошта жәшігінен газетті алып, оқуға асығамын. Газеттің өткен нөмірінде ел азаматтарының мерейтойлық құттық­тау­­лары жарияланды. Соны оқып отырып, үйдегі альбом­ды ақтарып, ішінен бір суретті тауып алдым. Суреттегі бір­қатар азамат қазір өмірден өтіп кетті. Тірілері ардагерлік кезең­ге аман-есен жетіп, ұрпақтарының қызығын көруде, – дейді С.Сәдуақасов.

Иә, сурет – тарих. Ал тарихты тұлғалар жасайды. Осы ретте аудан тұрғындарынан үйдегі ескі альбомда редакцияға және жергілікті журналистерге қатысты суреттер болса, бізге өткізуін сұраймыз. Біз ол суреттерді сапалық мазмұнына қарай баспасөзде жариялап, ақпараттандыратын боламыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
02 сәуір 2024 ж. 207 0