Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттің санасына сәуле құйған

Шәкірттің санасына сәуле құйған

Бұл жолғы Қоғалыкөл ауылына сапарымыз барысында ерекше мән-мағынасы зор кештің куәсі атандық. Талай жыл шәкірт тәрбиелеп, халық баласын білім нәрімен сусындатқан бірнеше ұстазды зейнет демалысына шығарып салу кеші ауылдағы іргелі қарашаңырақ – №44 орта мектепте өткізілген болатын. Еркін форматта жүзеге асқан «Жандар олар мағыналы ғұмырын, мектебінде шежіре етіп қалдырған» тақырыбындағы сыр-сұхбат алаңының кейіпкерлері – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Сламбек Қаюпов, ҚР оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасының иегері Гүлнар Әмзеева мен Рая Бегенова болды.

Ақырын жүріп, анық басқан ұлағатты ұстаздарды зейнет демалысына шығарып салу кешіне аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ләззат Мығымбаева, аудандық мәслихат депутаты Динара Ибадуллаева, Қоғалыкөл ауылының әкімі Бақытжан Рақымбеков, «Жамбыл – 2030» ЖШС төрағасы Болат Рүстемов, №44 орта мектеп директоры Ғалымбек Жаппаров, ардагер ұстаздар мен қонақтар қатысты. Негізінен, тағылымы мол кешті тізгіндеген №44 орта мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Айдос Оспанов ұлағатты ұстаздарға атақты «Менің атым Қожа» киносы желісінде дайындалған сауалдарды қойып, тұщымды жауап алды.

– Киелі топырықта туып өскен менің балалық шағым, қызметтік жолым, азды-көпті атқарған ісім әлі күнге көз алдымда. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде достарыммен қызықты сәтке жиі ұшырастық. Есейген шақта білім саласы бойынша мамандық алып, мәртебелі қызметтің жүгін көтеруге тырысқан болатынмын. Әрине, өзім оқыған мектепке ұстаз болып келген кезімде аға буын өкілдері буынымды қатайтып, барынша бағыт бағдар берді. Білімдіге дүние жарық екенін терең сезініп, әр шәкіртіме сапалы білім беруге ұмтылдым. Осыдан 19 жыл бұрын білім ошағының ұжымына жетекшілік ету міндеті жүктелген болатын. Осынша уақытта өзіме дәріс берген ұстаздармен қатар табанды еңбек ете білген едік. Біздің мектебіміздің әрбір шәкірті әр жылдары биік тұғырдан көріне білді. Бұның барлығы – педагогикалық ұжымның қажырлы еңбегі деп білемін. Бірнеше мәрте халық қалаулысы ретінде жасаған жұмысына жергілікті халық өз бағасын беретініне сенемін, – деді Сламбек Шахапұлы.

Расында, білім мен біліктің арқасында көптеген жетістікке қол жет­кізген Гүлнар Әмзеева осыған дейінгі атқарған қызметіне, балалық шағындағы естелігіне тоқталды.

– Менің балалық шағымның бас­тауы Ақмола облысында өтті. Әкем Қадір – білім саласының майталманы. Кішкентай кезімде ойыншық сататын дүкеннің иесі болуды армандайтын едім. Дегенмен, әкеміздің жол нұсқауымен білім саласына бет бұрған едік. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін білім саласында еңбек еткеніме ризамын. Халық баласын оқытуда әркез тәжірибе базасын қалыптастырып отыру керек. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздың кәсіби біліктілігі жоғары болғанда озық ойлы, дарынды шәкірт шығатынына сенімдімін. Осы кезге дейін оқытқан шәкірттерім өз мамандығы бойынша сан түрлі жетістікке қол жеткізіп келеді. Зейнет демалысына құрметтеп шығарып жатқан жандарға шынайы алғысымды айтамын, – деді Гүлнар Қадірқызы.

Әріптесі секілді балаларға есеп-қисапты меңгертіп, ұстаздықтың қыр-сырына қаныққан Рая Бегенова да, өмірлік ұстанымы мен жұмыс барысындағы бірнеше қызықты сәтін айтып берді.

– Ауыл балаларының білім алу жолында өзіндік үлесімді қоса білгеніме дән ризамын. Қыз күнімде тігінші болуды армандаған едім. Кейіннен, мұғалім ретінде мамандығыма қызығу­шылығым арта түсті. Заман көшіне ілескен халық баласына білім беруге деген ынта-жігерді шыңдап, кез келген қиындықтан мүдірмей шығуға тырыстым. Негізінен, бір жылдары оқушыларға экономика пәнінен са­бақ беріп, қаржыны дұрыс жоспарлау керектігі жөнінде бағыт-бағдар бер­генім әлі есімде. Алдағы уақытта ардагер ұстаз ретінде мектептен қол үз­бей­міз, – деді Рая Мырқықызы.

Өмір. Еңбек. Бейнет. Зейнет. Атал­ған төрт тағанға құралған ғұмыр­намада кеш кейіпкерлерінің өмір жолы суреттелуде. Сарғайған сурет, жас кезінен педагогикалық құрам­ның қатарын толықтырған үш бірдей ұстаздың осыған дейін қол жеткізген мадақ пен марапаты жеткі­лікті. Өз кезегінде мектеп директоры Ғалымбек Жаппаров әріптестерін мерейтойымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

– Ұстаз есімі әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып құрметтейтін екі дүние болса, соның бірі – ұстаз. Ұстаз деген сөз қазақ баласы үшін қасиетті де қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Еткен еңбетеріңіз бен төккен терлеріңіз аз емес. Ендігі сол еңбектің зейнетін көріп, ауырмай-сырқамай немере, шөберенің ортасында аяулы ата, әже деген атты иеленіп жүре беріңіздер! Құрметті демалыстарыңыз 100 жасқа дейін ұлассын. Зейнеткерлікке шыққан мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтап, өмір жас­тарыңыздың ұзақ­тығын, бақытта­рыңыз­дың баян­дылығын тілейміз, – деді мектеп директоры.

Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ләззат Мығымбаева, аудандық мәслихат депу­таты Динара Ибадуллаева, Қоғалы­көл ауылының әкімі Бақытжан Рақымбеков, «Жамбыл – 2030» ЖШС төрағасы Болат Рүстемов мерейтой иелерін құттықтады. Құрмет төрінен көрінген ұлағатты ұс­таз­дарға лайықты сый-сияпат ұсынды.

– Мектеп – білім тірегі болса, ұстаз оның жүрегі саналады. Сырдария ауданының білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты жандар қашанда абырой биігінен көріне білгендігін аңғара алдық. Бүгінгі толассыз жасалған құрметтің барлығы сіздер үшін жақсы білеміз. Білімнің қайнар бұлағын сарқып, оқушы санасына дарытқан ұстаздың алатын орны – төр. Бірнеше жыл ауылдағы мектепті басқара білген Сламбек Шахапұлы мен қос ұстазымызға ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді Ләззат Мығымбаева.

Әрі сыр-сұхбат, әрі тағылымды кеш ретінде ұйымдастырылған іс-шара аясында мектептің педагогикалық құрамы ән шырқап, күй күмбірлетті. Ардақты ардагерлер Мұрат Іскен­діров, Ұлтай Берімбаева, Қамар Рүс­темов, Төлеуғайша Баймағұлова, Ғазиза Кәрімова, Алмас Күдебаев, Күлжахан Тоқтамысова аяулы жандарға ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар өзге өңірлерде тұратын ұстаздардың шәкірттері бейнебайланыс арқылы құттықтау лебіздерін жеткізді. Ал олардың ұрпақтары, ағайын-туыстары, бауырлары кеш ортасынан табылып, көптеген құнды сыйлық тарту етті. Олардың ішінде, Египет еліне жолдама, соңғы үлгідегі смартфон болды. Кеш кейіпкерлері іргелі ұжымға, ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын жеткізді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
30 сәуір 2024 ж. 191 0