Мерейі үстем болған
«Ілмейтінді ілдіретін, білмейтінді білдіретін, санаға ақыл ұялататын, арманды алдан қиялататын, өмірді ұғынуыңа себеп болатын, тірлікке кіруіңе көмек болатын, әр кезде аялайтын, дәрісті аямайтын «ұстаз» деген ұғым бар, мына дүниеде». Бұл мұғалімдік мамандықты, ұстаздық қасиетті алып жүрген ардақты жандарға арналып айтылған. Әсілінде, саналы ғұмырын бала оқытуға арнап, өз уақытын аямаған ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артық етпейді. Ұстаздар мерекесі жыл сайын кең көлемде аталып өтіледі. Әрбір мектепте мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, аяулы ұстаздарға құрмет көрсетіледі. Сол үрдіс бойынша №131 Т.Қозыбаев атындағы мектепте мерекелік салтанат өтіп, осы білім ошағында 40 жылға жуық жұмыс жасаған ұстаздарды құрметті зейнет демалысына шығарып салды. Шараға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар қатысты. Әрбір адам туылғанда бәрін біліп тумайтыны белгілі. Әуелде айналаны ата-ананың көмегімен таныса, есейе келе алғаш қолға қалам ұстатып, әріп танытып, табиғатпен тілдестіретін, қоғаммен байланыстыратын екінші ана – ұстаз екені сөзсіз. Ұстаздық қасиетті ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырып, оқушыларды білім нәрімен сусындатуда талмай қызмет қылған бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Қалмағанбетова, нақты ғылым саналатын математиканы оқытып, есепқисапты үйреткен Айман Әбілдаева, білім арқылы әлемді шарлатып, ағылшын тілін оқытқан Света Қайырбергенова бүгінде құрмет төрінде. Білім ордасында қажырлы еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Енді көп жылғы бейнетінің зейнетін көрмек. «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырыбындағы салтанатты шараны құттықтау сөзбен ашқан мектеп директоры Л.Палымбетова ұстаздарға құрмет ерекше екенін айтты. Өз кезегінде аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы А.Есназар да мерейлі ұстаздарға құттықтауын жеткізіп, Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ мерекелік шарада мектеп директоры Л.Палымбетованы ҚР Білім және ғылым министрлігінің және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, география пәнінің мұғалімі А.Жақсылықованы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, Н.Анасов, М.Сайымованы аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Шарада мерей төріндегі ұстаздарға мектептегі бірлестіктер, ардагерұстаздар, шәкірттер және туыстары жүрекжарды лебіздерін айтып, сый-құрмет көрсетті. *** Ұстаздар мерекесі А.Тоқмағамбетов ауылында да аталып өтілді. №135 А.Тоқмағамбетов атындағы мектеп ұжымы ауылдық мәдениет үйінде «Ұстаз – ұлағатты тұлға» атты шара өткізді. Мерекелік салтанатта ауыл әкімі Ғ.Алданазаров, «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС төрағасы М.Есжанов құттықтау сөз сөйлеп, адам баласының бәрі ұлағатты ұстаздан тәлім-тәрбие алатынын айтты. Бала бағбаны болған мұғалімдерге әрқашан құрмет зор екенін жеткізіп, сыйлық табыс етті. Мұнан соң ауылдағы еңбек ардагерлері өздерінің мерекелік тілектерін жеткізді. Ақиық ақын атындағы мектептен биыл бастауыш сынып мұғалімі Қалдаш Тойшыбекова, кітапханашы Күлшат Жылқыбай, техникалық қызметкер Роза Бижанова мен Дәмегүл Тоқбергенова құрметті зейнет демалысына шықты. Олар өздерінің еңбек жолын осы білім ошағымен байланыстырып, ұзақ жылдар бойына жұмыс жасады. Оларға кейінгі толқынның ізеті мол. Мектеп директоры Қ.Омаров мерекелік құттықтауын жеткізіп, елеулі еңбек еткен ұстаздарға сый-құрмет көрсетті, Алғыс хат табыс етті. Мерекелік шарада мектеп ұстаздары «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ұстаздар мерекесі аясында ауылда жақсы бастама қолға алынған. «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС төрағасы М.Есжанов ауыл орталығындағы спорттық алаңға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың спортпен шұғылдануына жағдай жасап берді. Сонымен қатар осы мерекеге орай 4-6 сыныптар арасында футболдан турнир ұйымдастырды. Шаруашылық демеушілік жасап, мерекелік шарадан соң турнирге қатысқан жастар марапатталды. Үздіктерге арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табыс етілді.
Е.БЕРКІНБАЕВ