Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамды руханиятқа қалай тәрбиелейміз?

Қоғамды руханиятқа қалай тәрбиелейміз?

Еліміздегі соңғы оқиғалар бізді табиғи апаттарға, атап айтқанда, құрғақшылық, өрт, зілзала және су тасқына қарсы тұруымыз жөнінде тереңірек ойланта бастады. Көп ретте біз басқарушылық шешім, техникалық әдіс, қаржылық ресурстар туралы айтамыз. Бірақ одан да маңызды құндылықтар бар.

Қоғамның әлемде және елімізде болып жатқан жағдайлардан шет қалмауы, қиын кезде үлкен-кішінің бір­лесуі аса маңызды. Байқағанымыз, тұрғындар көбіне байбаламға салынып, мемле­кеттің көмек беруін күтіп отырады. Аймақтың жартысында бір мезгілде оқыс жағдай орын алғанда ғана мемлекет тиісті шешім шығарады. Бұл ретте, азаматтық бел­сенділік, бірігу, ұйымдас­тыру­шылық, өз мүд­де­сінен гөрі қоғамдікін бірінші кезекке қою маңызды.

Бір-біріне қарама-қарсы оқиғалар болып жатқанын көріп отырмыз. Су тасқынына қарсы бөгет соғуға атсалыспай, отбасылық көлігіне үйлерінен құрылыс заттарын алып шығып тиеп жатқан жағдайлар да болды. Тәулік бойы құтқарушылықпен айналысқан волонтерлердің жанында ештеңе бол­ма­ғандай балық аулап, спорт­тық вело­сипед айдап, тіпті мәселеге бей-жай қарап иттерін қыдыртып жүр­гендер де кездесті.

Бұл қажетті ресурс­тардың жетіс­­пеу мәселесі емес, тәрбиенің жеткіліксіздігі мен руханилықтың жоқтығы. «Сен тимесең, мен тиме. Бұл менің мәселем емес, қоғам үшін уақы­тым мен құрал­дарымды жоғалт­қым келмейді. Менің айналам суға кет­се де маған бәрі-бір» деп өзін ғана ой­лайтындардың ұстанымы «қарны­мызды аштырды». Мұның бәрі қазіргі қоғамдағы келеңсіз­діктер деп саналады, қиын сәттерде бір-біріне қол ұшын беруге мұрша бермейтін адамдардың қисынсыз пиғылы.

Бұны қалай түзетеміз?

Руханиятсыздық, ортақ мақсаттың жоқтығы, өзгелерді ойламай, тек өзінің жайлы өмірі үшін өмір сүру, ең сорақысы өз жағдайын жасау арқылы өзгеге мәселе туғызу, әлсізден өзін көрсету үшін кек алу... Бәрі-бәрі өте күрделі мәселелер. Құмар ойындарға тәуелділік, нашақорлық, лайықты маман­­дық алуды қаламау, жеңіл ақша табу отбасылық жанжал мен ажырасудың көбеюіне әсер етеді. Діни секталар пайда болды, кез келген мәселені шешіп беремін деп уәде беретін алаяқтар көбейді. Өзіне өзі сенімсіздік танытатындар оларға сеніп, қылмысқа барғанын білмей қалады...

Бұнымен қалай күресеміз?

Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасаумен қатар, халыққа лайық­ты тәрбие беруіміз қажет. Біз қай кезде жамандықтан арылсақ, сол кезде сапалы ұлт қалыптастырамыз, мемлекетті жаңа даму сатысына шығарамыз. Көп адам қоғамдық сананы жаңғырту мемлекеттің, мектептің, ЖОО, әлеуметтік саланың міндеті деп ойлайды. Бірақ бұл міндет қоғам мен мемлекет бірік­кенде ғана сапалы, жүйелі іске асады.

Зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақ­па­рат құралдары, үкіметтік емес ұй­ым­дар жоғарыда айтылған жаман­дықтарға бірігіп қана қарсы тұрады. Бұл әрбір азаматтың және барша қоғам­ның міндеті, себебі өзекті мәселе ұлты­­мыздың болашағына тікелей қатысты.

Қалай және
не істеуіміз керек?

Астана мен үлкен қалаларда әлеуметтік инфрақұрылым жеткілікті болғандықтан үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпараттық құралдары, партиялар мен шығармашылық бірлестіктер тәрбиелік маңызы бар іс-шараларды көптеп өткізеді. Мұнда ірі театрлар, заманауи кинозалдар, қоғамдық кеңістік, тәжірибе алмасуға арналған көптеген орындарда тәжірибелі, мықты сарапшылардың қатысуымен дебаттар мен диалогтар ұйымдастырылады. Онда адамдар өзара тәжірибе алмасады. Ал ауылдық жерлерде мұндай мүмкіндіктердің аясы тар. Ауылдарда халықтың шамамен жартысы тұрады. Кино көруге арналған орындар жоқ, заманауи кітапханалар аз, заманауи қондырғылармен жабдықталған залдар жоқ. Жайлы, жылы және жарық ғимараттар жетіспейді. Яғни, ауыл ақса­қалдары жастармен, болашақ аналардың әжелермен, тәжірибелі ауыл шаруашылығының мамандары жас фермерлермен, теолог мамандар діни тұрғыдағы мәселелерге байланыс­ты сұрақтарға жауап беру үшін немесе оқыған кітап жайында талқылау жүргізуге белгілі бір орын жоқ. Ауылдық жерде бір ғана зал болады және ол мектепте орналасқан. Бірақ мектептерде оқу процесі жүргендіктен оларға кедергі жасамау керек.

Осындайда қоғамдық коммуникация мәселесін
қалай шешу керек?

Жақында мен Қызылорда облысында болдым. Аймақтың біз сөз етіп отырған мәселелер жүйелі реттеліп жатқанын анық аңғардым.
Аймақта 2024 жыл облыс әкімінің бастамасымен «Руханият жылы» деп жарияланған. Мәселе тек атауда ғана емес. Арнайы бағдарлама мен жоспар нақтыланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен Қызылорда облысының 7 ауданында тәрбие мен руханиятты қалыптастыру бағытында «Руханият» орталықтары типтік негізде салынады.

Бір кешенге мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық кешендер бірігетін болады. Тарихи-мәдени және рухани ұйымдар, жергілікті музей, заманауи кітапхана, мемлекеттік мұрағат, неке тіркеу орны, ардагерлер мен әйелдер қоғамдық бірлестігі, жастар ұйымы, креативті индустрия жобалары, бейнестудиясы бар медиа орталық, форум, конференция, мереке, тренинг, эксперттермен кездесу өтетін зал орналасады. Салынатын әрбір ғимараттың құны шамамен 1,5-1,8 миллиард теңге көлемінде болмақ.

Бұл өте қымбат емес пе?

Біріншіден, біз ондаған жылдар бойы ауылдағы әлеуметтік инфра­құрылымнан барынша үнем­дедік. Барлығы Астанада салынды. ЭКСПО, театр­лар, спорттық кешендер және т.б. Ауылдарда әлеуметтік нысандар республикадан, облыс­тан қаржы артылса ғана салынды.
Тағы бір артықшылығы және үнемдеу нұсқасы ол – барлығын бір шаңырақ астына жинау.

Бір ғимаратқа барлығын біріктіру арқылы бюджет қаражаты үнемделеді. Тағы бір пайдалы тұсы – аға ұрпақ пен жастар бір-бірімен өзара байланыста болып, біріккен жобаларды іске асырады, өскелең ұрпақ тәжірибелі адамдардың кеңесіне құлақ асатын болады. Жергілікті тұрғындар залдан залға өтіп, жаңа адамдармен байланысады, жаңа әлеуметтік байланыс орнайды. Мұндай орталықтардың құрылысы бірнеше ғимарат салудан әлдеқайда тиімді. Егер әрқайсысы бөлек бөлек салынса оның әрқайсысына шамамен 1 млрд теңге жұмсалады, ал оны ұстап тұру одан да қымбатқа түседі. 7 мекеме құрылысына 7 миллиард теңге кетеді. Бұл нысан әрбір ауданда салынады. Мәдени көпшілік іс-шаралар, концерттер мен мерекелік кештерді бір ғимаратта өткізу арқылы жергілікті тұрғындар мәдени орталыққа келетін болады. Олар бір-бірімен етене жақын араласады.

Жобадан не күтеміз?

Орталықтың алғашқы іргетасын қалау рәсіміне жергілікті тұрғындар да қатысты. Рәсім үлкен мерекеге айналды. Әжелеріміз жас отбасыларды қамқорлыққа алатын, оларға тәрбие беретін орталыққа қол жеткізетін болдық деп қуанды. Үлкендеріміз әлеуметтік және тұрмыстық мәселеден туын­дайтын қақтығыстардың және зорлық-зомбылықтың артқанына алаңдаулы. Болашақта орталықта психолог­тардың, дәрігерлердің және отбасылық бюджетті қалыптастыруға жәрдем беретін мамандардың кеңесін алуға болады. Аға ұрпақ отбасылардың 30 пайызы ажырасумен аяқталатынына алаңдаулы, бейбіт заманда балалардың жетім болып өсетінін уайымдайды. Сонымен қатар ақсақалдар діни секталардың ұлттық салт-дәстүрімізге қайшы келтіретін әрекетке баратынына, қара жамылған адамдардың көбеюінен, әуен тыңдауға қарсылық танытатын, өнерге қарсылық келтіретіндер, АХАЖ-ға, заңды тіркелмей некеге тұруға үгіттейтіндерден, көп әйел алушылықтан, діни рәсіммен ажырасу секілді теріс әрекетке алаңдаулы. Қазір кей ауылдарда құмар ойынға салынғандар мен алаяқтың құрбанына айналғандар көбейді. Сондықтан бұл орталықта кәсіби мамандар қаржы сауаттылығының әліппесін түсіндіріп, еңбек адамына құрмет көрсету мен адал табыс табудың жолдары насихатайтын болады. Осылайша, Қызылорда облысында қоғам мен мемлекет үшін қажетті әлеуметтік жоба басталды.

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев Ел Президенті Қ.Тоқаев­тың бастамасын қолдап 7 аудан орта­лығынан «Руханият» орталы­ғын салып, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды қолға алды. Кітап­ханада кітаптар қолжетімді болумен қатар, тегін интернет, жаһандық желідегі ақпараттарды көру, оқырмандардың бейнебайланыс арқылы авторлармен кездесу, жаңа кітаптар туралы талқылау барлығы қолжетімді болады. Ай сайын оқыған кітап күнін өткізу жоспарланады. 24 сағат жұмыс істейтін кітапхана күндіз жұмыс істейтіндерге, үйіне кеш келетіндерге және ауылда кешкісін немен айналысуды білмейтіндерге ыңғайлы. Сондай-ақ өз білімін жетілдірушілер мен сырттай оқитындарға тиімді болары сөзсіз.

Мұрат ӘБЕНОВ,
ҚР Параменті
Мәжілісінің депутаты
30 сәуір 2024 ж. 169 0