Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Апат айтып келмейді

Апат айтып келмейді

Жаңа жылдың басынан ау­данға табиғи газ келіп, оны тұтынушылардың қатары күн санап артып келеді. Бұрындары «газ келсе, жаз келеді» деп айтушы едік. Міне, біртіндеп газдың игілігін көре бастаған тұрғындар енді оны қауіпсіз пайдаланудың ережесін білгені жөн.Табиғи газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану – адам өмірі үшін аса маңызды.

Алайда, «көгілдір отын» деп аталатын байлықты пайдаланушылар оның  техникалық қауіпсіздігі туралы біле бермейді. Ал оның соңы қайғылы жағдайға әкелетіні, салғырттықтың салдары немен аяқталатынын соңғы уақытта елімізде орын алған оқиғалар дәлел бола алады. Адам өмірін қас қағым сәтте ойран ететін күшке ие «көгілдір отынның» қауіптілігі сонда, оның түссіз, әрі адам өмірін жалмайтын улы газдың қасиетінде. Өткен айда елімізде орын алған жағдай бес адамның өмірін алып, тілсіз жаудың құрбаны болғанын ел жақсы біледі.

«Апат айтып келмейді» дегендей, қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдары, жылыту қондырғыларында қандайда бір ақаудың орын алуы келеңсіз оқиғаға әкелетінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондай олқылық, өкінішті жағдай біздің аймақта да орын алды. Бір отбасы бесіктегі сәбиінен айырылып, қайғылы жағдай орын алды.»Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей оқыс оқиға туралы айтқанда ең алдымен адамдардың бойында үрей туғызу емес, керісінше, сондай қателік жібермеуі керектігі назарға алынатыны, алдын алуға байланысты айтылатынын ескерген жөн. Бүгінде аудан тұрғындарының 30 пайызға жуығы табиғи газға қол жеткізді. Табиғи газды орнату арнайы мамандармен іске асатынын және өз бетінше жүргізілмейтіні қатаң ескертіледі. Мамандардың техникалық қызмет көрсетуі тұрмыстық газ қондырғыларының қалыпты жұмыс істеуіне кепілдік болады. Арнайы лицензиясы бар мекеменің қызметіне жүгініп, табиғи газды орнатуда қауіпсіздік ережесімен толыққанды танысу – сақтықтың негізі болады. Сондықтан барынша жауапкершілікті сезініп, адам өміріне қауіп әкелетін табиғи газды нағыз маманның орнатуына сеніп тапсыру – сіздің міндетіңіз екенін ұмытпаңыз.

Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі
13 наурыз 2021 ж. 882 0