Ұмытылмайтын азамат
Кейде адам өмірінің мазмұны мен мәні жайлы ойға берілетінім бар. Жерді мекендеген адамзаттың түптеп келгенде тағдыры бір, бұл біртұтастық түрлі өркениетке байланысты ерекшеленуі де мүмкін. Себебі қоғам қандай құндылықтарды дәріптесе, адамдардың тірлігі де, өмірі де соған сәйкестенеді. Өзім жақсы білетін, көп жыл көрші тұрған, мамандығымыз бен кәсібіміз бөлек болғанымен, қызмет барысында тығыз араласқан Бектас Ізетұлын еске алғанда адамзаттың дүниетанымы мен сапалық деңгейін қандай құндылықтарды дәріптейтініне қарап бағамдауға болатынын аңғарғандаймын. Тірі болғанда Бектас бауырымыз биыл 60 жасқа толатын еді. «Әттең» деп қабырғамыз қайысады, бірақ тағдырға не шара?!
Бектас сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Гитарада ойнап, ән шырқағанда кім-кімді де сезімнің толқынына батыра ойландыратын. Ол өлең де жазатын, көркем өнердің өз адамы еді. Дәрігер – қатқылдау мамандық, қанша жерден көңілің елжіреп, жаның ашып тұрғанмен ғылымға және тәжірибеге сүйене отырып, қатқыл шешімге келуге тура келеді. Бұл жерде батылдық, батырлық керек. Ал Бектастың жаны нәзік, лүп еткен жел мен ай сәулесінен бастап айналадағы құбылыстар оны толқытатын, толғантатын. Өзі бұйра шашты, аққұба келген, нағыз жігіттің төресі еді.
«Дегдар адам алыстан көрсең тәкаппар, айбынды, жақыннан көрсең ізетті, мейірбан» дейді қытай ойшылы Конфуций. Бектас бар білімін, біліктілігін, зейінін сала жұмыс істейтін, содан да ортасына сыйлы болды.
Жаны жайсаң жігіт еді, достыққа да берік болатын. Бектастың бүкіл болмысы, жан дүниесі, мамандығы мен қызметі тек жақсылық жасауға арналды деп ойлаймын.
Бектас Ізетұлы Сырдария (бұрынғы Тереңөзек) аудандық ауруханасында отыз жылдан аса уақыт дәрігер-травматолог болып еңбек етті. Осынау уақытта ол үнемі ізденіс үстінде, өсу үстінде болды. Нағыз кәсіби маман деңгейіне жетті. Менің бір байқағаным ініміз ешқашан тоқмейілсінген емес, шын мәнінде адам жанының арашашысы болды. Медицинадағы жаңалықтар мен өзгерістерді, ғылыми жетістік пен озат тәжірибені қалт жібермейтін.
Алдымен білімділігімен, кейін біліктілігімен ерекшеленген Бектас Ізетұлы дәрігерлер әулетінен еді. Оның ағасы Шынтас та аудандық аурухананың хирургия бөлімін ұзақ жыл басқарып, бас дәрігердің орынбасары болып талай адамның өмірінің арашашысы, дені мен тән саулығының күзетшісі болды. Осындай ағадан тәлім алған Бектас та мықты дәрігер болды.
Біз Бектас Ізетұлымен көп жыл көрші тұрдық. Айналасына шуағын шашып жүретін азаматпен жақсы сыйластық. Әкесі Ізет аға салмақты, сабырлы, ақылман кісі еді. Анасы Ақбазардың да көзін көрдік. Ол анамыздың әкесі Кәдір Омаров суырып салма ақын, дін жолына берік тақуа адам болған. Есімі де ерекше Ақбазар анамыз мейірімді, мейірбан, Тәңірі аузынан түспейтін тәубешіл, қарапайым, қанағатшыл жан еді. Ол кісі «Тәрбиенің үлкені – еңбек, он ұл-қызымның бәрін де еңбекке тәрбиеледім» деп отырушы еді, жарықтық.
Біз жоғарыда дәрігерлер династиясы деп атап өттік. Оған әулеттің үлкені Шынтас бастаған Бектас, Сәндігүл және Шәкеңнің балалары, Бектастың қызы Алтынай кіреді. Бұл дәрігерлер династиясы елімізге, аймағымызға, ауданымызға абыройлы қызмет етіп, халықтың денсаулығын қорғауда аянбай еңбек етуде. Бұлардың арасынан Бектас Ізетұлының орны бөлек еді. Мыңдаған адамға ота жасап, өміріне араша тұрып, отбасына оралуына қызмет етті.
Бұл Бектастың нағыз толысып тұрған шағы еді. Бойдағы білім тәжірибемен астасып, қайрат пен күш-жігер өз арнасын тапқан шағында бауырымыз өмірден озды. Ол көп адамды ажалдан аман алып қалды. Дәрігер ретінде де, азаматтық қалпында да Бектастың елге бергені аз емес, ал беретіні одан да көп еді. Тағдырға не шара?!
«Орында бар оңалар» дейді халық даналығы. Сол айтқандай қызы Алтынай әке жолын қуып, оның ісін жалғастырып келеді. Алматы қаласында жоғары білімді дәрігер. Кіші қызы Асылай – аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы, оқу озаты. Әкесі Бектас тәрізді әдебиетке жақын, өлең жазады. Жақында республикалық байқаудан жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Қуанышы мен қызығы көп мына өмірде қайғы-қасірет те, өкініш те жетерлік. Бектас тірі болғанда халықтық мереке күні 60 жасқа келгенін тойлар едік. Амал не, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын дейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
журналистика
саласының ардагері