Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАУЫРЫМДЫ САҒЫНЫП ЖҮРМІН

БАУЫРЫМДЫ САҒЫНЫП ЖҮРМІН

Уақыт жылдам, өмір тоқтаусыз аққан асау өзен тәрізді. Бірақ адам баласы бойындағы сағыныш, қуаныш, өкініш сияқты сезімнің болуымен ерекшеленеді. Менің марқұм болған бауырым Бектас Ізетұлы жөнінде сыр шерткім келеді. Мектеп қабырғасында ағам сабақты жақсы оқыды. Сонымен қатар сурет салу, суретке түсіру, газетке мақала жазу, ән айту, домбыра тарту, өлең шығару, үй қояндарын өсіру сияқты түрлі хоббиі болатын. Гүл өсіруді өте жақсы көретін. Бастаған ісін аяқтамай қалдырмайтын. Мен де ағамнан көргенді істеп, сурет салумен машықтандым. Есейіп, студент болған шақтарда ағамның соңынан медициналық институтқа түстім. Бауырым ол кезде жоғары курс студенті еді. Жиі жатақханаға келіп, жағдайымды біліп, үнемі ақылын аямайтын. Институтты бітіріп, мамандық иесі болып қалыптасуыма да ағаларымның көмегі зор болды. Қиындығы мен қызығы мол мамандықты игеруге, тұрмыс құрып, отбасы болуға да ағам Бектас пен жеңгем Гулжанның ақыл-кеңестері үлкен көмегін тигізді. Мамандығыма байланысты науқасты емдеу барысында кездескен қиыншылық туралы Бектас ағамның кабинетіне барып, ақыл-кеңес сұрайтынмын. Оның кең пейіл, үлкен сабырлы жүрегімен берген ақыл кеңесінен кейін жаңа ғана шешілмейтіндей болған мәселеге басқа көзқараспен қарап, жеңілдеп қалатынмын. Менің жарым марқұм – Оралбай ерте дүниеден өтіп, төрт баламен қалғанымда, ағам өзінің басынан қанша қиындық өтсе де, бәрін сабырлықпен жеңіп, ақылын айтып, қамқорлық жасады. Ақылшым бар кезде, Оралбайдың жоқтығы білінбей кететін. Тағдырдың жазуымен сабырлы, еш шаршамайды деп жүрген ағам өмірден озды. Жыл сайын көктеммен бірге келетін туған күні биыл ағамсыз өтеді. Жан бауырыма деген сағыныш уақыт өте келе азая ма десем, олай болмай, сағынышым күннен күнге үдей түскендей. Бауырым балаларымның тойында, төрімде жүрер деген ойым тек қана арманға айналды. Қаншама рет ой-санамнан оның келмеске кеткенін білсем де, жымия күліп, сол кездегідей әңгімесін айтуға кіріп келетіндей боп тұрады. Бұл да адамның дегені емес, Алланың дегені болатынына дәлел. Бар ғұмырын халықтың денсаулығын сақтауға бағыштап, өзгелерге шапағатын шашумен жүрген, жаны жайсаң ағамның нұрлы жүзі бәріміздің жүрегімізде сақталып қала бермек.
Жаның жәнәтта болсын, жан ағам!
Сәндігүл Ізетқызы Ердаулетова
27 сәуір 2019 ж. 3 541 0