Оқырмандар конференциясы
Нағи Ілиясов ауылдық модельді кітапханасының ұйымдастыруымен көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толуына орай «Ұлпан» романы бойынша оқырмандар конференциясы өтті.
Қазақ қыздарының қилы кезеңдердегі тағдыры суреттелетін шығарма жайында кітапхана оқырмандары ой қозғады. Тектілік пен тағылымды бойына жинаған нәзік жандылар жайында жазушы тебірене жазады. Бұл роман үш бөлімнен және жиырма төрт тараудан тұрады. Роман кейіпкері – Ұлпан бейнесі арқылы қазақ әйелінің образы ерекше бейнеленген. Барлық әйел затының ер азаматтардың атқарар жұмысын тең дәрежеде игеруі табандылық екені мәлім. Ел анасы ретінде Ұлпан көпшілікке сөзін өткізе білуі, өзінің артынан ерген ауыл әйелдеріне бас-көз болуы шығарманың мазмұнын аша түскен.
Өз кезегінде №132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектептің оқушылары шығармадан үзінді оқыды. Нағи Ілиясов ауыл әкімдігінің маманы Толғанай Айниязова, ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Жадыра Құрақбай кітап туралы ойларын ортаға салды.
– Ана бейнесін суреттеу үшін жазушыға зор толғаныс керек болды. Айналасына шуағын төгіп жүретін Ұлпанды оқырман қауым жылы қабылдайды. Кейіпкердің тартқан барлық ауыртпалығын сезінеді. Сонымен бірге ауыл өмірінен сыр шертеді. Қоғамда көптеген жағдай орын алады. Сондықтан шығарма күнделікті тұрмыс-тіршілікті, сан қилы тағдырды баяндайды. Әрине, роман кейіпкерлері – өмірде болған адамдар. Біз бала кезімізде жазушы Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын оқып өстік. Оның ішінде «Ұлпан» романының шоқтығы биік, – деді Ж.Құрақбай.
Оқырмандар конференциясында кітапханашы Сәуле Найзатаева «Ұлпан» романына библиографиялық шолу жасады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ