Ұлттың рухын көтерген шығарма
Шаған ауылдық модельді кітапханасының ұйымдастыруымен халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ақиқат пен аңыз» романы бойынша оқырмандар конференциясы өткізілді. Конференцияға ауылдық кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Конференцияға қатысушылар «Ақиқат пен аңыз» романының желісі бойынша әңгіме өрбітті. Негізінен, шығармада автор Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарындағы ерліктері мен басынан өткен қиындықтары жөнінде сұхбаттасады. Қаламгер қайратты, ержүрек батырдың болмысын әдеби тілмен суреттейді. Азаматтық, ерлік тұлғасы оқырман қауымның жүрегінен жол табады.
Өз кезегінде тағылымы мол роман жайында кітапхана оқырмандары Төлеп Мыханов, Жақан Мұғалов, Ықылас Қияқбаев, Гүлзат Әлжанова өз ойларын ортаға салды. №37 мектеп-лицей оқушылары роман бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді.
– «Ақиқат пен аңыз» романы баспаханадан үш рет басылып шыққан екен. Лирикалық шығармаларды жазуға машықтанған Ә.Нұршайықов ержүрек батырдың алдына барғанда біраз тосырқайды. Дегенмен соғыс жылдарындағы тауқыметті, Отанды қорғау жолындағы көзсіз ерліктер оқырман қауымға ұғынықты тілмен баяндалады. Бала кезімізден сүйікті жазушыларымыздың кітаптарын жастанып оқитынбыз. Қазақтың біртуар азаматы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойы – күллі қазақтың қуанышы. Патриоттық шығармалар өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Елдін ұлтжанды азаматы болуға баулиды, – дейді Ықылас Қияқбаев.
Балтабай Аябекұлы