Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ДЕ ЫСТЫҚ

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ДЕ ЫСТЫҚ

Біз осы өңірде туып, еліміздің түкпір-түкпірінде және елден жырақта жемісті еңбек етіп жүрген жерлестерімізбен әркез мақтанамыз. Өйткені туған жерден түлеп ұшқан сырдариялықтар қай жерде жүрсе де ел мерейін асқақтатуда. Олар өңірде болып жатқан өзгерістерге, жағымды жаңалықтарға қуанып, өздерінің жылы лебізін жиі-жиі білдіріп тұрады. «Шалғайда жүрген бір түлек» айдарының бүгінгі кейіпкері – Нұр-Сұлтан қаласында білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген Айгүл Пернебекқызы Алиакбарова.
– Ұлы дариямен аттас ауданда туып-өсіп, ел дамуы жолында еңбек етіп жүрген жерлес­тер көп. Сондай жерлестер мақтанышының бірі ретінде Сіз де елорда төрінде ұстаздық қызмет етудесіз. Бұған тоқталмай тұрып алдымен өмір жолыңызды білсек?
– Өзім аудандағы ең үлкен ауыл Шағанның қызымын. Сол жерде туып, өстім. Дос-құрбымен қатар бойжетіп, 1979 жылы қазіргі Н.Ілиясов елді мекеніндегі мектептің алғашқы сыныбына қабылдандым. Ол кезде Ә.Тельман атындағы мектеп болатын. Алғашқы 4 сыныпты орыс сыныбында оқысам, одан кейін қазақ сыныбында білім алдым. Ал 10, 11 сыныпты А.Тоқмағанбетов ауылындағы №135 орта мектепте оқыдым.
Әкем Пернебек Алиакбаров – зейнеткер, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы». Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жемісті еңбек етті. Сов­хоз директоры болды. Анам Надежда Алиакбарова – инженер-технолог. Ұлты орыс болғанымен қазақтың салт-дәстүрін, ең бастысы тілін құрметтейді. Бізді тәрбиелеп жетілдірген асыл жан. Өзімнен кейінгі сіңілім Айнұр Алиакбарова Қазақ ұлттық агротехникалық университеттің тарих факультетінде оқытушы. Қазір Еуразия ұлттық университетінде докторантурада оқып, білімін жетілдіруде. Ал інім Асқар Алиакбаров Краснодар қаласындағы агротехникалық университеттің магис­тратурасын тәмамдап, «Абзал және К» ТС-де қызмет атқарады.
Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаз болу арманым еді. Мектептегі білімді мұғалімдерге қарап «мен де сондай боламын» деген арман жетегінде жүрдім. Соған жету үшін мектеп бітірісімен Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының Филология факультетіне оқуға түсіп, ұстаздық қызметтің қыр-сырын меңгердім. Содан кейін өзім білім алған мектепке келіп, еңбек жолымды бастадым. Бұл бала кездегі арманның орындалуының бастауы болды.
– Ұстаздық қызметті бастаған кезең қиын болған шығар?
– Әрине, әр жұмыстың өзіндік салмағы, қиындығы бар. Асқар Тоқмағанбетов атындағы №135 орта мектепте қызмет жасаған кезім мен үшін қиын емес, ең қызықты шақ еді. Олай дейтінім, ұжымда мен секілді жас мамандар көп болды. Білім берумен қатар аудандық, облыстық деңгейде жарыстар ұйымдастырылса, бірыңғай жастар баратын едік. Оған білек сыбана кірісіп, міндетті түрде орын алып келуді мақсат етеміз. Соған жету үшін күні-түні дайындалып, мектеп абыройын асқақтатып жүрдік. Бұған ерекше үлес қосқан Қанат Төреқожа, Еркебұлан Жақып, Айнұр Әлиакбарова, Әсел Ибраева, Дана, Әлима Жылқыбаева, Жанар Қойшыбаева, Самал Омарова, Жанат Мамыраева, Патыма Мырзабаева секілді әріптестерді атап өткен жөн.
Ұстаздан шәкірт озса игі. Білім ошағына мұ­ғалім болып келгенде мектеп директоры Бибісара Алмаған­бетованың қолдауы, демеуі менің маман болып қалыптасуыма септігін тигізді. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, сенім білдірді. Өз тәжірибесімен бөлісіп, «Сенен жақсы мұғалім шығады» деп санама құйып жүретін. Сол үдеден шығу үшін мен де тынымсыз еңбек еттім. Сол сөз мені алға жетелеп, өзімді-өзім қайрап жүрдім.

Сонымен бірге жол көрсете білген Рүстем Алданазаров, Гүлбарам Оспанова, Болат Қайранбаев, Дана Омарова, Қалдыгүл Іскендірова, Набат Әмірова ұстаздарыма ерекше алғыс білдіремін. Білікті ұстаздардың үйретуімен мұғалімдік жолым қалыптасып, шәкірт тәрбиелей бас­тадым. Ең алғаш 1981 жылы туылғандарға сынып же­тек­ші болып, мектеп қабырғасынан түлеттім. Олар қазір еліміздің әр қиырында еңбек етуде. Олармен мақтанамын.
– Елордаға дейінгі еңбек жолыңыз қалай өрбіді?
Балаға саналы тәрбие мен сапалы білім беру – ұстаздың басты міндеті. Осы жолда ерінбей еңбек етсең, көптеген жетістікке жетесің. Ауылдан басталған еңбек жолымда мектеп директорының ғылыми-әдістемелік орынбасары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Оқушыларға сабақ беріп, оларға бағыт-бағдар бердім. Ал 2012 жылы елордаға қоныс аударып, содан бері бас қаладағы №3 мектеп-гимназияда ұстаздық қызметті жалғастырып келемін. Бұл жақта да бала бағбаны болып, оқушыларды біліммен сусындатудамын. Осы салада біраз жыл еңбек етіп жүріп марапаттарға ие болдым. Көптеген «Алғыс хат» алып, бала оқытудағы еселі еңбегім еленіп келеді.
– Қазір білім беру жаңа сипат алған. Заман талабына ілесіп, жаңашылдыққа бейімделу керек. Осы тұста, білім беруде ұстанған бағытыңыз қандай?
– «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп ағартушы Ы.Ал­тынсарин айтқан даналық құндылығын жоймақ емес. Оларға артылатын жауапкершілік зор екені айтпаса да түсінікті.
Мұғалім – жан-жақты білімді, мейірімділікті, аса ыж­да­ғат­тылықты талап ететін мамандық. Қоғамда көп нәрсе өзгеріп жатса, өзгермейтін, қажеттілігін жоймайтын маңызды құндылық – жас ұрпаққа саналы тәрбие беру, өмірге бейімдеу. Бұл іс өте қиын. Өйткені әрбір бала – жеке тұлға. Оның дұрыс қалыптасуына ұстаз жауапты.
Қазір жаңартылған білім стандартымен оқушылар білім алуда. Яғни оқушылар жаңа технология негізінде білім алуы тиіс. Бұған ұстаздар дайын болуы қажет. Осы орайда өзім де жаңашылдыққа бейімделіп, сабақты қызықты ету жолдарын іздестіріп жүремін. Жан-жақты білім берілсе, оқушының болашағынан үміт зор. Сондықтан сапалы білім беруде жан-жақтылықты, жаңашылдықты ұстанамын.
Ұстаздардың ұстазы Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Жаңашылдыққа ұмтылғанымен біз ұлттық тәрбиеге мән беруіміз керек. Әрбір бала ата-бабадан қалған мол мұраны игеріп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ең бастысы, ана тілімізді құрмет тұтуы тиіс. Аралас мектепте жұмыс жасағандықтан осыған көңіл бөлуді қажет деп санаймын. Өзімнің ұстанымым да сол.
– Аймақта, ауданда болып жатқан жаңалық, өзгерістерді қаншалықты біліп отырасыз?
– Сыр елі, оның ішінде Сырдария ауданы туралы жаңалыққа елең ете қаламын. Елдегі жаңалықтарды жергілікті баспасөздің электронды нұсқасы және әлеуметтік желі арқылы біліп отырамын. Туған жерге барған сайын облыс, ауданның абаттанып, гүлденіп, көркейіп келе жатқанын көріп марқайып қаламын. Тіпті аудан орталығының өзі ерекше қарқынмен дамып жатқаны қуантады.
Мен ауылдан кеткен 7 жылдың ішінде А.Тоқ­мағанбетов елді мекені өзгерген. Көшелер жаңарып, әрбір үйге су кіргізілген. Демалыс орындары жасақталған. Ауыл мешіті жанынан 150 орындық асхана салынып жатыр. Алдағы уақытта халық үшін монша мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына стадион салынбақшы екен. Мұның бәрі ауылдың сәнін кіргізіп тұр. Жыл артқан сайын көркейіп келеді. Осындай жұмыстарды ауыл халқымен бірлесе жасап жатқан ауыл әкімі Ғ.Алданазаров пен шаруашылық төрағасы М.Есжановты ерекше атап өткім келеді.
– Туған жер әрқашан ыстық. Өсіп-өнген өл­кеге жиі келіп тұрасыз ба?
– Әрине, жиі барып тұрамын. Елордаға көшіп келгенде тіпті жиі баратынмын. Өсіп-өнген туған жерді, еңбек жолымды бастаған мектепті қимайтынмын. Қазір үлкен қала өміріне үйреністік.
Алыста жүріп ауылдың қадір-қасиетін жете түсінесің. Елді, жерді сағынғанда, күйбің тірліктен шаршағанда ауылдағы маңдай тірейтін қарашаңырақ күш-қуат береді. Өйткені ауыл – нағыз бауырмалдылықтың, адамгершіліктің ордасы. Әркімге туған жердің түтіні де ыстық.
Біраз жерге барып, ел арадап көрдім. Сонда бай­қағаным, Қызылорда облысы өзге аймақтардан көш ілгері. Оның ішінде ауданда да айтулы істер бар. Ал­дыңғы қатарлы Н.Ілиясов ауылын республика жұрты біледі. Алдағы уақытта менің ауылым да сондай дәре­жеге жетеді деген сенімдемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

20 шілде 2019 ж. 1 424 0