Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 36 газет

07 мамыр 2024 ж.

№35 газет

04 мамыр 2024 ж.

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Гүлназ АЙСИНА: Тереңөзектің түлегімін

Гүлназ АЙСИНА: Тереңөзектің түлегімін

Алғашқы еңбек жолын Сырдария ауданында бастап бүгінде үлкен қалаларда жемісті еңбек етіп жүрген жерлестеріміз өте көп. Олардың бәрі туған жердің жетістігі мен жаңалығына тілектес, ниеттес екені анық. Біз қай тарапта, қай талапта жүрсе де өскен ортасын ұмытпайтын жерлестерімізді «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары бойынша насихаттап келеміз. Тұрақты айдардың бүгінгі кейіпкері – Гүлназ Жантемірқызы Айсина. Ол ҚР қаржы министрлігінің Есептілік және мемлекеттік қаржы-қаражат статистикасы Департаменті директорының орынбасары.

– Гүлназ Жантемірқызы, алғашқы сұрақты білім алған мектебіңіз, сізге білім берген ұстаздарыңыз жөнінде қой­ғанды жөн көрдім.

– Мен аудан орталығындағы №36 орыс орта мектебінің (қазіргі Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің) түлегімін. Алғашқы ұс­тазым Суворова Полина Константиновна болды. Ол кісі ұстаздардың ұстазы еді, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі деген атағы болатын. Өзім алғашқы ұстазымды жұмысына жан-тәнімен берілген ардақты жан деп санаймын. Жоғары сыныптағы сынып жетекшім алгебра, геометрия пәнінің мұғалімі Санина Любовь Ивановна болды. Ол кісі аудандағы мықты математиктердің бірі еді. Сынып жетекшімнің сабақты түсіндіруі, тақырыпты талдауы, қызықты мәліметтермен оқушы ынтасын оятуы менің есеп-қисапқа жақын болуыма, осы салада еңбек етуіме ықпал етті. Мектептің барлық мұғалімдеріне алғысым шексіз. Осындай дәрежеге жетуіме, білікті маман болып қалыптасуыма ықпал еткен мектеп ұжымына алғыс айтамын. Тереңөзектің түлегі екенімді әркез мақтаныш етемін.

– Байқауымызша, алғашқы еңбек жо­лың­ызды Тереңөзекте бастаған екен­сіз. Әріптестеріңіз, ауданда бірге қыз­мет атқарған мамандар жөнінде пікіріңізді білсек.

– Алғашқы еңбек жолым аудандық тарихи-өлкетану мұражайында басталды. Мұра­жайдың сол кездегі директоры, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Алма Бақтиярова апайдың қарамағында жұмыс жасадым. Ол кісі өте белсенді, талапшыл әрі жан-жақты басшы болды. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып, жанашырлықпен қарайтын. Кейіннен аудан әкімі аппаратына маман ретінде жұмысқа қабылдандым. Аудан әкімі аппаратында қызмет атқарған кездері Қайратбек Сәрсенбаев, Балшекер Өтегенова, Дәурен Әбілдаев секілді ағай-апайлардың берген бағыт-бағдары мемлекеттік қызметкер болып қалыптасуыма көп көмегін тигізді. Өз мамандығым бойынша 2000 жылы аудандық қазынашылық бөлімінде Жарылқасын Дайрабаев ағайдың қарамағында бас қазынашы болып жұмыс бастадым. Кәсіби маман ретінде қалыптасуыма осы ұжымның білікті қызметкерлері Айгүл Хабиева, Гүлмира Алашбаева өзіндік үлестерін қосты. Ауданда бірге қызметтес болған әріптестерімді әркез құрметтеймін.

– Бүгінде біліміңіз бен тәжірибеңіз­дің арқасында еліміздің бас қаласында жауапты қызмет атқарып келесіз. Қазіргі қызметіңіз жөнінде айтсаңыз.

– Қазіргі таңда өзім армандағандай рес­пуб­ликамыздың бас қаласы – Нұр-Сұлтанда ҚР Қаржы министрлігінде қызмет атқарып келемін. Қаржы министрлігіне бюджеттік рәсім­дер әдіснамасы департаментіне бас сарап­шы ретінде келіп, қазір Есептілік және мемлекеттік қаржы-қаражат статис­тикасы департаменті директорының орын­басары қызметін атқарып отырмын. Департаментіміздің негізгі мақсаты – республикалық және жергілікті бюджеттер шығыстарына талдау жүргізу, мемлекеттік қаржы-қаражат статистикасын жүргізу болып табылады.

– Адамның әрбір жетістігінің астарында отбасындағы тәрбиенің алатын орны ерекше. Осы ретте, шыққан ортаңыз, отбасыңыз туралы білсек.

– Мен ауданға белгілі, өнерлі отбасынан шықтым. Әкем Жантемір Айсин – «Сырдария ауданның Құрметті азаматы», ҚР Мәдениет саласының үздігі. Анам Әлия Аманбаева музыка мектебінің мұғалімі болып жемісті жұмыс жасады, ол кісі қазіргі таңда зейнеткер. Мектеп қабырғасында жүргенде көркем өнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Інім Асхат мұнай саласында жұмыс істейді, инженер. Ал, жолдасым Ерлан арнайы мемлекеттік органда қызмет жасайды. Айкерім есімді қызым Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық университетінің 2-курс студенті болса, кішкентай ұлым Ақсұлтан 2 жаста.

– Қателеспесем, бала күніңізде өнер­­ге құштар болып, Сейітмұрат Ем­бер­геновтің сөзіне жазылған әсем әнді айтқан екенсіз. Сол туралы айт­саңыз.

– Жергілікті ақын Сейітмұрат Ембер­геновтың сөзіне жазылған композитор Рамазан Таймановтың «Аппақ бала» әнін орындадым. Ол кезде оқушы едім. Сіздің сұрағыңыз арқылы өткен күндерім ой елегімнен өтуде. Бәрі кеше ғана болған секілді. Бірақ, арада қаншама жыл өтіпті... Біздің бала күнімізде «Таңшолпан» жас өнерпаздар байқауы өтетін. Сонда аталған әнді шырқап, көрермен ықыласына бөленіп, лауреат атанғаным есімде. Сол күнгі қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес. Жалпы, біз өнерлі отбасынан шыққан соң үйде барлығымыз өнерге жақын болып өстік. Тереңөзектегі әуез мектебінде қобыз аспабын меңгердім. Фольклорлық ансамбльде жетіген аспабында ойнадым.

– Қызмет бабындағы жетістіктеріңіз, марапаттарыңыз жөнінде айтсаңыз.

– Жетістіктеріме келетін болсақ, мемлекеттік қызметтегі әр сатыға көтерілгенім мен үшін жетістік болып табылады. Ауысу тәртібімен Целиноград аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігінің бюджеттік рәсімдер әдіснамасы департаментінің бас сарапшысы, республикалық талдау басқар­масының басшысы, 2017 жылы өткен мемлекеттік қызметшілерді аттестациялау комиссиясының қорытындысымен жоғары лауазымға ұсынылып, қазіргі атқарып отырған лауазымға тағайындалдым. Осы жетістікке жетуім отбасында көрген тәлім-тәрбиемнің жемісі деп білем. Ата-анам жауаптылықтың, тәртіптіліктің, адалдықтың арқасында барлығына жетесіңдер деп үнемі айтып отырады.
– Сырдариялық іні-сіңлілеріңізге қан­дай ақыл-кеңес айтасыз?

– Ұлы Абай айтқандай «Өзіңе сен өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап» демекші, әрбір маман өзіне сенсе, ізденсе, еңбек етсе, қай жерде де лауазымды мемлекеттік қызметтің есігі ашық екені белгілі. Сондықтан жастар оқудан, үйренуден, ізденістен қол үзбеу керек. Сондай-ақ жастар арнайы жоспар құрып, сол жоспарға жету үшін еңбектену қажет. Жос­парсыз ештеңе болмайды.

– Сұхбатымыз «15 қараша – Ұлттық валюта күні» қарсаңында ұйымдастырылуда. Осы ретте, төл теңгенің рөлі жөнінде қаржыгер ретіндегі жеке пікіріңізді білсек.

– Төл теңгеміз – егемендігіміздің белгісі, Тәуелсіздігіміздің тірегі, Мемлекеттік Рәміздермен теңдес аса маңызды құндылық. Теңгені қолданысқа енгізу арқылы біз экономикалық еркіндікті қамтамасыз еттік және ақша-несие саясатын жүргізуді, отандық банк жүйесінің қалыптасуын жолға қойдық. Бүгінде ел қаржыгерлерінің алдына отандық валютаның келешегін кемел ету және оны тұрақты дамыту міндеті қойылған. Сол себепті, әрбір азамат төл валютаға қатысты бастамалар мен жобаларға шынайы жанашырлықпен қарау керек.


Сұхбаттасқан:
Ақтөре Ибрагимұлы

14 қараша 2020 ж. 838 0