Гүлзат ӘБДІКӘРІМОВА, «Қоңыр» тобының әншісі: Менің байлығым – өнерім

– Гүлзат Мейрамбекқызы, туған жеріңіз Сыр топырағы таланттардың өлкесі. Өнерге баулыған ата-анаңыз туралы және әркез ыстық көрінетін ауылыңыз жайында айтып берсеңіз?
– Мен топырағы киелі, тұғыры биік Аманкелді ауылынан түлеп ұшқанмын. Біздің ауылдан білімді, дарынды, талантты, өнерлі адамдар көптен шыққан. Қырық жылға жуық білім саласында еңбек еткен атам – Әбдікәрім Абдулаев өз заманында ақындығымен елге танылған. Халық баласын оқытып, жұртшылықтың алғысына бөленген. Химия, биология пәнінен сабақ берген Әбдікәрім атам өнерімен де ерекшеленген. Ол домбыра шертіп, атбегілікпен айналысқан. Әжем – Мұқаш Жүсіпова да педагогика саласының майталманы. Менің бойымдағы өнердің барлығы атамыздан дарыған деп есептеймін.
Әкем Мейрамбек Әбдікәрімұлы мен анам Назира Бодыбаева да өнер саласында еңбек етіп келеді. Ата-анам өнердегі алғашқы ұстаздарым десем болады. Ал өмірде – ақылшы, жанашырларым. Олар менің өнерге құштарлығым мен қабілетімді 5 жасымда байқаған. Сахнаға ата-анамның жетектеп алып шыққаны күні кешегідей есімде.
Айта кету керек, қазіргі таңда әкем Аманкелді ауылында өнер мектебін басқарып отыр. Өкініштісі, біздің кезімізде мұндай өнер ұясы болған емес. Қуанатын жағдай қазіргі жас таланттарға барлық мүмкіндік қарастырылған. Өз басым «Қазанғап» атындағы музыкалық колледжге кәсіби бағдарсыз түстім. Музыкалық білімнің қалануы балаға үлкен көмек болатыны сөзсіз. Бірге оқыған басқа ауданның түлектерінен музыкалық шеберлікті, кәсібилікті көп байқадық. Осы күні өнер мектебінен түрлі аспапта ойнайтын музыканттар шыққанына қуанамын. Расында, өнер мектебінен тәлім алған оқушы музыка саласын таңдамаса да өмірлік тәжірибе жинайды. Ауыл топырағынан өнерлі жастардың көптеп шыққанына марқайып отырамыз.
Біз отбасымызда 3 қыз, 2 ұлмыз. Әкеміз бен анамыз өнер жолында жүргенде танысып, отау құрған. Түрлі салада қызмет етсек те өнермен болашағымызды байланыстырғанбыз. Мәселен, Ұлпан пен Құралай кәсіби ән айтуға машықтанған. Інім Бағдәулет медицинада оқып жатса, кенже інім Дулат 8 сыныпта білім алуда. Дулат – кәсіби домбырашы.
– Өнерлі отбасынан шыққан талантты арудың ең алғашқы арманы қандай? Өнерді қалай бағалайсыз?
– Менің байлығым – өнерім. Өнерлі адамның мандайында бақ болатыны сөзсіз. Қай кезде де өнердің жолы оңай деп айтпас едім. Алланың берген сыйын ұстап жүру, оны дамыту, шыңдау күрделі. Музыка саласының мамандарына сабырлық пен тиянақтылық керек. Сондықтан менің арманым – киелі өнердің мәртебесін көтеру.
– Өзіңіз топ жарған байқаулардың мәртебесі мен деңгейі жоғары екенін білеміз. Сол туралы тарқатып айтсаңыз?
– Менің алғашқы қатысқан байқауым «Әнші балапан» болатын. Ол кезде 6 жастағы бүлдіршін Тереңөзекте өткізілген байқауда топ жарған еді. Содан кейін облыстық «Бозторғай» байқауында жеңізпаз атанып, халықаралық өнер бәсекесіне жолдама алдым. Сонымен бірге Сочи қаласында «Кинотаврик» байқауының лауреаты атандым. Ал Сербия мен Венгрия мемлекеттерінде өткізілген байқаулардың жеңімпазы атануым мен үшін зор мәртебе.
Осы кезеңде әрі қарай өнер жолына түсетінім айқындалды десем қателеспеймін. Осыған дейін үлкенді-кішілі байқауларда бақ сынап жүрміз. Шығармашылық адамы бір орнында тоқтап қалмауы тиіс. Үнемі кәсіби тұрғыдан жұмыс жасап, өз-өзін дамытқаны дұрыс.
– Көпшілік біле бермейтін өнер жұлдызының бойынан қандай қасиеттерді байқауға болады?
– Негізінен, өнер адамдарының бойында қарапайымдылық көрініс тапқаны абзал. Қарапайымдылық сөзінің астарында көп мағына жатыр. Шыдамдылық, сабырлық, тазалық басты қасиет. Ең бастысы, қарапайым болудан емес, қарабайыр болудан қорқамын. Барынша адам қарапайым болған сайын әдемілігін жоғалтпайды, жүзі жарқын болады. Бір сөзбен айтқанда қарапайым болсаң, қадірлі боласың.
– Тыңдармандарыңыз сізді «Қоңыр» тобының әншісі ретінде жақсы таниды. Топ мүшелері мен негізгі бағытын айтып берсеңіз?
– «Қоңыр» этно-эстрадалық тобы 2007 жылы құрылған. Келесі жылы 15 жылдық мерейтойымызды атап өту жоспарда бар. Қазіргі уақытта дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңа әндер жазылып, шығармашылық иелерімен тығыз байланыс орнатудамыз. Топтағы Мархабат және Бауыржан ағаның тәжірибесі мол. Олар аспапта ойнап, музыканы түрлендіріп отырады. Топ мүшерімен жақсы тіл табысып, аз уақыттың ішінде бауыр бастым.
Шын мәнінде, «Қоңыр» этно-эстрадалық тобының ұстанатын негізгі бағыты – қазақтың ертеректе жазылған әндерін жаңартылған нұсқада халыққа ұсыну. Ұмыт бола бастаған әндерді жаңғыртуға да басымдық береміз. Халықтың барлық өкілі тыңдай алатындай әндерге өндеу жұмыстары жүргізіледі. Ескі әндерді жарыққа шығармас бұрын әндер көп «сүзгіден» өтеді. Біздің шығармашылық ұстанымымыз күрделі, әрі қиын. Себебі, әрбір әніміз кәнігі мамамандардың сараптауынсыз сахнаға жіберілмейді.
– Өзіңіз білім алған мектеп, ұстаздарыңыз жайлы не айтасыз?
– Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде 9 сыныпқа дейін білім алдым. Әрине, үлкен өмірге қанат бітірген алтын ұямызды ұмытпаймыз. Өз басым, демалысқа шыққан уақытымда ауылға жиі барып тұрамын. Сол кезде міндетті түрде мектебіме соғып, ұстаздарыма сәлем беремін. Әңгіме барысында балалық шақтың естеліктерін ойға оралтып, бір серпіліп қайтамыз. Бұл ретте, ұстаздарыма айтар алғысым шексіз! Қасиетті шаңырақты ұмытпауымыз керек. Өз басым, «Қазанғап» атындағы музыкалық колледжде, Алматы қаласындағы «Құрманғазы» атындағы ұлттық консерваторияда оқысам да, мектеп кездегі қызықты күндерім барлығынан қымбат көрінеді.
– Жеке шығармашылығыңызға жіті көңіл бөлесіз бе?
– «Қоңыр» тобынан бөлек халық әндерін шырқаймын. Алдағы уақытта авторлық әндер жаздыру ойда бар.
– Жерлестіріңізге айтар тілегіңіз.
– Жерлестеріме айтарым, тек амандықта, қуанышта, жақсылықта жолығуға Алла нәсіп етсін. Аман-есен әлемді жайлаған індеттен құтылып, жақсы күндерде қауышайық деп тілеймін.