Ауыл мектебі – өркениеттің ошағы
Газеттің бүгінгі шығарылымындағы «Білім» беті аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекен Бесарық ауылындағы №147 орта мектепке арналады. 76 жылдық тарихы бар мектептің тыныс-тіршілігі мен жетістіктері жайында мектеп директоры Ғалым Муталов айтып берді.
– Ғалым Төлешұлы, «Өткенсіз – тарих жоқ, бүгінсіз – болашақ жоқ» деген. Дәстүрлі сұрақтан бастасақ, мектептің тарихы, қалануы мен қалыптасу жылдары туралы айтсаңыз?
– Иә, ауыл тарихында өзіндік орны бар мектеп – 1948 жылы «Казрис» мектебінің Бесарықтағы бөлімшесі бастауыш мектеп болып Балжан сайында Досбол кепесінде ашылған. Бір жыл өткен соң 1949 жылы 3 класстық мектеп үйі, 1952 жылы Жамбыл колхозының орталығынан жеті жылдық мектеп болған. 1967 жылы 10 жылдық білім беретін мектепке айналды. 1998 жылы ауылдағы балабақша ғимараты қайта жабдықталып мектеп үйіне берілді. Ел есінде болар 2007 жылы 360 орындық типтік жобадағы жаңа ғимарат салынып, ел-жұрттың қуанышында шек болмады. Еңселі қос қабатты ғимаратта ауыл балалары білім мен тәрбие алып келеді.
Мектептің тарихында 11-інші мектеп директоры болып ұжымды 2016 жылдан бері басқарып келемін. Сексен жылға жуық уақыт ішінде оқушыларға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім, КСРО және Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, ҚР білім беру ісінің үздігі болған ұстаз ардагерлері білім берді. Біздің мектептен түлеп ұшқан түлектер Нұрайым Ибрагимова – математика ғылымының кандидаты, Зарина Бисенбаева – медицина ғылымының кандидаты, Әсия Нұржанова – филиология ғылымының кандидаты, Светлана Насырова – медицина ғылымының кандидаты атағын иеленген. Бұл кісілер ауылымыздың, ұстаздардың мақтанышы.
– Мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен педагогтардың құрамы туралы тарқатып айтсаңыз?
– Қазіргі таңда мектепте барлығы 517 оқушы және даярлық сыныпта 52 бала бар. Бастауыш сыныпта 204 оқушы, жоғарғы сыныпта 57 оқушы 28 сынып комплектісінде оқиды. Оқушылардың үлгерім сапасына келетін болсақ оқу озаты – 102. 1-4 сыныптың оқушылары және әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 108 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.
Мектеп кітапханасында – 23101 кітап қоры бар, көркем әдебиет – 4568, оқушылар оқулықпен толық қамтамасыз етілген. Арнаулы медицина құралымен жабдықталған 2 бөлме бар, онда 2 медбике қызмет етеді.
Спорт залы, акт залы, мультимедия, информатика кабинеттері интерактивті тақтамен жабдықталған. Ардагер-ұстаз, Ұлы Отан соғысы ардагеріне арналған математика кабинеті, мультимедия, биология, химия, физика оқу сыныптары пәндік оқу бағдарламасы бойынша жаңа технологиямен жабдықталып, практикалық оқу жүйелі жүргізілуде. Ер балалар шеберханасы станоктармен, ән-әуез сыныбы фортепиано және қазақ ұлттық музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілген.
Мектепте жалпы 86 мұғалім бар. Педагог-зерттеуші – 14, педагог-сарапшы – 37, педагог-модератор – 16. Ұжымда тәжірибесі толысқан мұғалімдермен қатар, жас ұстаздар білім беріп келеді. 9 пән бірлестігі құрылған. Пәндік апталықтар, семинарлар өткізу, мұғалімдердің тәжірибе алмасуы дәстүрге айналды.
– Пән олимпиадаларына қатысу деңгейі мен көрсеткіштеріне, білім сапасына, жетістіктерге тоқталсаңыз?
– Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар кезеңін өткізу ережесіне сәйкес дарынды баланы анықтау мақсатында оқушылар 11 пән бойынша олимпиада резерві құрылған. Оқушылар Қамбашқа және аудандық «Жарқын болашақ» дайындық жұмыстарына да қатысуда. Нәтижелері көңіл қуантады. Осы оқу жылында 9-11 сыныптар бойынша аудандық кезеңнен 1 оқушы ІІ орын, 3 оқушы ІІІ орын алса, биыл ауыл мектептерінде жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сыныптар арасында олимпиада бірінші рет өткізілгенін білесіздер. Облыстан 3 оқушымыз ІІ орын, 1 оқушымыз ІІІ орын алып келді. 2-4 сыныптар бойынша «Бастау» математика олимпиадасынан аудандық кезеңнен оқушымыз ІІІ орын, ал 5-6 сыныптар арасындағы ауданнан 4 оқушымыз жүлдегер атанды. Екі оқушымыз облысқа шығып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. 7-8 сыныптар арасынан аудандық кезеңнен 5 оқушымыз жүлдемен оралса, облысқа 3 оқушымыз шығып отыр. Олардан күтер үмітіміз зор.
Биыл 23 оқушы 11 сыныпты бітіреді. Үш оқушымыз «Алтын белгіге», бір оқушымыз «Үздік аттестатқа» үміткер. Оқушылар ақылы қаңтар және наурыз ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 75 пайызды құрады. «Юстади», «Тестцентр», «Қазбілім» секілді орталықтарынан сынама тесттер алынуда.
8-11 сынып оқушылары арасында «Дарын» ғылыми жобасының аудандық байқауында әдебиет секциясы бойынша Талшын Сейтбек І орын, облыстан ІІ орын алды. Ағылшын тілі секциясы бойынша 9 сынып оқушысы Лаура Есіркеп ІІІ орын иеленді. 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының аудандық «Зерде» конкурсына 6 жұмыс қатысып, 6 сынып оқушысы Айзере Тайырбек ІІІ орынмен, 4 сынып оқушысы Жазира Аманжолова ІІ орынмен марапатталды.
– Білім негізі бастауышта қаланады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің ұшан-теңіз еңбегін атап өту – ұстаздарға көрсетілген құрмет.
– Әрине, бастауыш сынып мұғалімдері жас балалардың тілін таба білетін, олардың жұмысын ұйымдастыра алатын, өзіне қатал талап қоя білетін, ата-аналармен ынтымақтастықта еңбек еткендіктен олар құрметке лайық. Ұстаздық қызметтің қиындығы мен қызығы мол. Себебі ол бір ғана баланы тәрбиелемейді. Оқытады, біліммен сусындатып, өмірге жолдама береді. Біздің мұғалімдеріміз оқушыларға сабақ берумен қатар, осы оқу жылында әртүрлі шығармашылық байқауларға қатысуда. Атап айтқанда, «Алтын тұғыр» бастауыш сынып педагогтарының математикалық олимпиадасында III дәрежелі дипломмен Ақнұр Балабатырова марапатталды. Қазақстан Республикасы «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған республикалық байқауына қатысып, «Қазақстанның Құрметті педагогы» төсбелгісімен Сәрсенкүл Қайранбаева марапатталды. Облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжановтан қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны үшін «Құрмет грамотасымен» Алтынай Қойшыбаева марапатталды. «Зерде» ғылыми жоба қорғау байқауында, «Бастау» математикалық олимпиадасында, «Бала дарын» балалар шығармашылығын дамыту орталығының ұйымдастыруымен М.Мақатаев өлеңдерін мәнерлеп оқудан республикалық байқауында бастауыш сынып оқушылары үздіктер қатарынан көріне білді. Бастауыш сынып мұғалімдерінің нәтижелі еңбегінің арқасында, еңбектері еленіп жетістіктерге жетіп келеді.
– Мектептің тәрбие саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз?
– 2023-2024 оқу жылында мектеп оқушыларының ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуге ықпал жасау мақсатында «Біртұтас тәрбие кешені» бағдарламасы аясында «Ұлттық мүдде, Ар-ұят, Талап» ұлттық құндылықтары негізінде жұмыстар жоспарланып жүргізілуде. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайындағы Президенттің бала тәрбиесі қоғам болып жұмылуды қажет етеді деген ұсынымымен мектепте қоғамдық ұйымдармен әлеуметтік серіктестік орнатылып, тәрбиелік жұмыстар жүргізілуде. Аталар мектебі, Әжелер мектебі, Жеңгелер мектебі, Ата-аналар комитетінің жұмыстары, «Тоғыз айға – тоғыз жоба», «Төрт тоқсанға – төрт өнер» , «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өрен» жобалары жүргізілуде. Ұлттық мұраны қастерлеу, еңбекке баулу, құндылықтарды дарыту міндеттері жүзеге асырылуда. «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша мектебіміз тірек мектебі болып бекітіліп, балалар кітапханасында берілген тізім бойынша шығармаларды талдау, сахналау жұмыстары басты мақсатымызға айналды. «Мектеп театры» жобасы, «Қабілет» дебат клубының жұмысы қоғамның өзекті мәселелерін көтеруге мүмкіндік беруде.
Мұнан басқа «Мектеп парламенті», «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы, «Жас ұлан» ұйымы жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің азаматтық белсенділігі мен саналығын арттыруға ықпал етуде. Сонымен қатар «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» құрылған. Педагогикалық қолдау 1-11 сынып оқушыларының ата аналарына арналған бағдарламаларды таңдауына сәйкес жүзеге асыру ұсынылды. Бағдарлама бойынша жылына сегіз сабақты қамту мақсат етілген.
– Мектеп мұғалімдері мен оқушыларыңыздың жетістігі мерей-мәртебелеріңізді өсіре беруіне тілектеспіз!
– Рақмет!
Бибісара ЖАНӘЛІ