Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Газет – жүрегім, қалам – тірегім

Газет – жүрегім, қалам – тірегім

Қазақта «Жүйрік ат саяққа үйір» деген сөз бар. Міне, осы сөз менің өміріме тікелей қатысты сияқты. Өйткені мен қаламгерлік қызметке қаршадайымнан-ақ құштар болдым. Мектеп қабырғасын аттамай жатып, әпкелерімнен мәтінді жүргізіп оқуды үйреніп алуымның арқасында жергілікті баспасөздегі әрбір мақаланы толық оқып шығуды әдетке айналдырдым. Газеттің келесі санының келуін күту де мен үшін үйреншікті жағдай еді. Осылай балалық шақтағы күндер уақыт тынысымен жалғаса беретін...

Бертін келе мектепте оқып жүргенімде де әдеби ортада жүруді, қаламгер аға-әпкелермен пікірлесуді армандадым. Білім ордасына келген алғашқы күні «Өскенде кім боласың?» деген алғашқы ұстазымның дәстүрлі сауалына «Ақын боламын» деппін. Оған басты себеп адуынды ақындардың аудандық газетте жарияланған өлеңдерін жата-жастана оқитыным болса керек. Кейін бастауыш сыныпты тәмамдаған жылдары тырнақалды туындыларымды ешкім­нің нұсқауынсыз аудандық редакцияға алып келдім. Ол кездегі сезімді, тебіреністі, толқуды айтып жеткізу, әсте, мүмкін емес. Маған арман болған ғимараттың бөлмелері тығыз орналасыпты. Маңдайымды күн қақтаған қара баламын. Бойым да кішкентай. Әр есіктегі жазуға телміре қарап, бір кабинеттің есігін аштым. Ішінде екі ер кісі және әлденеден бас алмай компьютерге қағаз теріп отырған апай отырды. Мен апайға қарай асығыс адымдай басып, мақала әкелгенімді айттым. Ол дизайнер Гүлсім Әлжанова екен. Ол кісі газет редакторының әкімдікке жиналысқа кеткенін айтып, жазғандарымды алып қалды. Ал мен үйге келген сәттен бастап, мақаламның қашан жарияланатынын тағатсыздана күтіп, әр келген газетті ақтарумен болдым. Әйтеуір, жазған дүнием жерде қалмай көп ұзамай жарық көрді. Бұл мен үшін арман бастауы болатын. Әкем мен анамның мақтанышында шек жоқ. Сыныптағы оқушылар да қызыға қарайтындай. Мен болсам, әлгі мақаланы қиып алып, үнемі костюмімнің төс қалтасына салып жүрдім.


Жоғары сыныпта оқыған жылдары да аудандық газеттен қол үзбедім. Түрлі мақа­лаларым, өлеңдерім басылымда тұрақты түрде жария­ланып тұрды. Сәйкесінше, бұл кезде мен жазуға төселіп, бейімделіп қалған едім. Оның үстіне, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінен сабақ берген Райхан Танабаева, Гүлжан Әбдірәсілова, Ұлбосын Қалқоразова, Жанна Сәркеева, Маржан Қалқоразова сынды ұс­таз­дарымның берген білімінің арқасында ау­­дандық шығармалар бәйгесі мен жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпазы атанып жүр­дім. Баспасөз саласында еңбек етуді мақ­сат тұттым.


Студент атанған алғашқы айда ақындығыммен, жазған өлеңдеріммен сырттай таныс, танымал аудармашы Камила Тілепова Шымкент қаласынан жарыққа шығатын республикалық «Қазақстан жолы» газетіне тілші қызметіне шақырды. Осылайша, менің студенттік кезеңім мен еңбек жолым қатар басталды. Алғашында тілші, кейіннен аға тілші болып жұмыс істедім. Түске дейін сабақ, түстен кейін жұмыс. Айлығым мен қаламақым айдың соңында түссе, сабақты тек 5-пен оқығандар үшін берілетін жоғары шәкіртақыны айдың ортасында алатынмын. Газет редакторы – Оңтүстік шаһардағы атағынан ат үркетін қаламгер, бірнеше кітаптардың авторы Оңғар Тәжиев. Ол кісінің тәрбие мектебі ерекше. Қазақ руханиятындағы өзіндік орны бар Әбсаттар қажы Дербісәлі, ақын Исрайл Сапарбай, жазушы Еркінбек Тұрысов және тағы басқалары біздің редакцияға жиі бас сұғады. Олардың әңгімесін тыңдау, мен секілді жас маман үшін ғанибет десем артық айтқандық емес. Олардың алдында өлең оқимын. Кейде жазған өлеңімді талдайды. Осындай қамқор жандар алғашқы кітабымның жарыққа шығуына ықпал етті. Ал газеттің жұмысына келсек, қиын әрі қызықты болатын. 15 000 данамен 7 беттік газет аптасына 2 рет шығады. Аға тілші болғандықтан әр мақаланы оқып, сөздер мен сөйлемдерді байланыстыру, қатені тексеру, тілшілерді іс-шараларға бөліп, мақалаларды үйлестіру менің міндетім. Ал бұл қызметтің зор жауапкершілік жүктейтінін тек сала мамандары ғана түсінеді деп ойлаймын.


...Жаңа қызметке кірісіп, түбегейлі баспасөз саласына бет бұрған шақта отбасылық жағдайыма байланысты туған жерге оралуға тура келді. Ата-анамның «Ауылға кел» дегені болмаса, дайын тұрған жұмыс жоқ еді. Бұл кезде мен тілшілік қызметке қалыптасып қалған болатынмын. Сөйтіп, тағы да ешкімнің нұсқауынсыз мектеп қабырғасында арманыма айналған аудандық редакцияға табан тіредім. Мені теміржол вокзалынан белгілі сазгер, жақында ғана «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанған Рамазан Тайманов күтіп алды. Ол кісі әкемнің сырлас досы. Біз әуелі «Сыр медиа» серіктестігіне бардық. Бас директор А.Оңғарбаев Астанада іссапарда болғандықтан кезіге алмадық. Сөйтіп мәсе­ле кейінге қалды. Бірақ мен аудандық газет редакциясына соғып, бас редакторға жолығып кетуді жөн көрдім. Мән-жайды, үйдегі алты қыздың ішіндегі жалғыз ұл болғандықтан қарашаңырақтың иесі ретінде әке-шешемнің қолына келу керектігін газеттің бас редакторы Сәуле Сұлтанқызына айттым. Өзімнің сол уақытта еңбек етіп жатқан газетімнің әр санынан бір данадан әкеліп, жұмыстарымды көрсетіп, туған ауылдан тілшілік қызмет сұрадым. Көкейімде «Бос орын болмай қалар» деген ой болғандықтан Тереңөзекке келіп редактордың қабылдауында болғанымды ешкім­ге айтпадым. Құжаттарымды тапсырып, Шымкентке қайтып кеттім. Арада апта өткенде ауылдан хабар келді. Дереу жұмыс ауыстырдым. Жас азаматтың еңбек етуге деген құлшынысына, талабына мән беріп, түсіністікпен қараған редакция басшылығының адамгершілік қасиетіне ризамын.


Тілшілік қызметке орналасқаныма екі жылға жуық уақыт таяп қалғанда, яғни 2017 жылдың желтоқсан айында сол кездегі аудан әкімі аппаратының басшысы Димаш Серікбайұлы хабарласып, аудан әкімінің шақырып жатқанын айтты. Ол кезде аудан басшысы Ғанибек Қонысбекұлы еді. Шынын айтқанда, әкім мені не үшін іздегенінен бейхабар болдым. Аудандық басылымдағы мақалаларымды тұрақты түрде оқып жүрген аудан басшысы маған аудан әкімінің баспасөз хатшысы қызметін ұсынды. Ойланатын уақыт болған жоқ. Оның үстіне сенім артып тұрса, неге бас тартуым керек. Сөйтіп, келесі аптада аудан әкімдігіне ауысып, жаңа жұмысқа кірістім. Сол кездегі аудан әкімінің идеология саласы бойынша орынбасары Балшекер Өтегенова апайдың бағыт-бағдарымен тәжірибе жинақтадым. Аудан басшысымен тікелей жұмыс істеу, мемлекеттік мекемедегі жұмыс режимі алғашында қиынға соқты. Талап екі есе қатаң, жауапкершілік те ауқымды. Оның үстіне шығармашылыққа, жазуға жақын жан болғаннан кейін мемлекеттік қызметке үйренісу оңай болмады. Алайда, әріптестерімнің сенімін ақтайын деп, бар күш-жігерімді салып жұмыс жасадым. Баспасөз қызметінің жұмысына аудандық газет үнемі қолдау көрсетіп, аудан әкімінің қатысуымен өткен жиналыстарды, мәжілістерді, кездесу­лерді, іс-шараларды ақпараттандыруға зор үлес қосты. Аудандық газет ұжымы мен аудан әкімінің баспасөз қызметінің арасында тығыз әріптестік байланыс орнады. Бұл қызметті мен екі жылға жуық уақыт атқардым. 2018 жылдың қорытындысымен облыс әкімінің баспасөз қызметі мен облыстық ішкі саясат басқармасы жүргізген мониторинг қорытындысында Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі үздік деп танылды. «Қанатты қалам» фестивалінде «Үздік баспасөз хатшысы» аталымы бойынша облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталдым. Марапатты сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов табыстады.


Айта кету керек, қызмет барысында газеттен қол үзгенім жоқ. Өзім де уақыты келгенде журналистикаға қайта оралатынымды, БАҚ менің бағымды ашатынын іштей сезетінмін. 2019 жылдың 15 қазаны. Аудан әкімдігінде аудан әкімі Руслан Рүстемовтің, облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының, аудан әкімінің орынбасарларының, кент және ауылдық округі әкімдерінің, мекеме, бөлім басшыларының қатысуымен жиын өтті. Аталған жиында мені «Сыр медиа» серіктестігінің сол кездегі бас директоры Аманжол Оңғарбаев аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы қызметіне бекітіп, таныстырды. Осылайша, араға екі жыл салып, аудандық басылымға қайта оралдым. Бұл мен үшін зор жауапкершілік, абырой екенін терең сезіндім. Р.Рүстемовтен кейін ауданды басқаруға келген Т.Дүйсебаев, М.Ергешбаев және бүгінгі күнде ауданды басқарып отырған Б.Сәрменбаевпен бірлесе жұмыс істеп келемін. Қаламгерлік жолдағы еңбегім еленіп, тұрғындардың қолдауымен екі мәрте депутаттық мандатқа да ие болдым. Мұның бәрі – журналистика саласындағы еңбегімнің еш кетпегені, туған жердің дамуына үлес қоссам деген ниеттен туындаған ізденісімнің жемісі деп білемін.

Бүгінде газетіміз аптасына екі рет 3115 данамен таратылуда. 2019 жылы аудан көлемінде газеттің 80 жылдық мерейлі мерейтойы аталып өтілді. Биыл 85 жылдық мерейтойы лайықты аталып өтілмек. Бұл туралы газетіміздің өткен нөмірінде жаздық. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Мерейтой аудан әкімдігінің қолдауымен жыл көлемінде тойланбақ. Қазір шығармашылық топ мүшелері түрлі айдарлар бойынша оқырманға ой саларлық дүниелерді, маңызды мақалаларды, сұхбаттарды жария­лауда. Атап айтқанда, «Шалғайда жүрген бір түлек», «Кент көшелері», «Ой түрткі», «Сұхбат», «Жетістік», «Ауыл жаңалығы», «Еңбек адамы», «Мамандығы – мақтанышы», «Кәсібі – нәсібі», «Ойталқы», «Өнеге», «Шамшырақ», «Жас болсаң, жалындап тұр», «Заң үстемдігі», «Поэзия», «Дарын», «Көкейкесті» секілді айдарлар бойынша мақалалар тұрақты түрде жарияланып келеді. Сонымен бірге тілшілер қоғамдағы келеңсіз және проблемалық мәселелерді тақырып арқауы етіп, сыни бағытта да қалам тербеуде. Соның негізінде сын тезіне іліккен мекемелер «Жазылған жайдың жаңғыры» айдары бойынша оқырманға газет арқылы түсінік беруде. Тұрақты авторларға арналған «Оқыдық, пікір айтамыз» және «Айтайын дегенім...» атты қос айдар жұмыс жасайды. Газетте «Қоғам», «Аймақ», «Таным», «Әлеумет», «Бюджет», «Есеп» секілді арнайы беттер беріліп отырады. Мұнан бөлек әр айдың соңғы аптасына арнайы «Сенбілік бет» ұйымдастырылуда. Негізінен кез келген оқырманға газеттің есігі ашық, басылым қызметкерлері де кез келген азаматпен ашық әріптестік байланыс орнатуға, мәселелерді бірлесе талқылауға дайын.

Атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы жос­­парларымыз да ауқымды. Бүгінде газеттің таралымын арттыру бағытында нақты міндет­тер бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Газеттің мазмұны байыса, оқырманға қызықты ақпа­раттар жарияланса, жоспарымыздың арты­ғымен орындаларына сенім мол. Ол үшін тек бірлесе еңбек етіп, әрбір қызметкер өз міндетін адал атқару керек. Жоғарыда айтқанымдай, БАҚ менің бағымды ашты. Редакцияның табалдырығы – төр, төрі – тұғыр. Сондықтан осындай ұжымда еңбек ету – зор абырой әрі бақыт. «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық басылымның алдағы уақытта абырой биігінен көріне беретініне сенім мол.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы» газетінің
бас редакторы


23 наурыз 2024 ж. 220 0