Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жергілікті басылымды жібермей оқимын

Жергілікті басылымды жібермей оқимын

Жазудың қадірін, қағазға түсірілген дүниенің маңызын бізден артық білетін ешкім жоқ шығар. Өйткені біз майданға кеткен ұлынан асыға хабар күтіп, пошташыға қарап телмірген, үлкен-кіші жиі хат жазысқан заманның көзі тірі куәгерлеріміз. Сондықтан баспасөзде жарияланған әрбір мақаланы жібермей оқу әдетімізге айналған.

Мен аудандық газетті бала күнімнен үзбей оқимын. Га­зетпен сырлас болғаныма, редакциямен қарым-қатынас орнат­қаныма ғасырға жуық уақыт таяп қалды. Біз ер жетіп, азамат болған кезеңде газеттің қадірін көпшілік жақсы білетін. Ол кезде ақпарат алудың ең сенімді тетігі мерзімді баспасөз еді.

Әлі есімде біз соғысқа аттанған жылдары елге хат жазсақ, ол хаттарымыз газетте жарияланып жататын. Кейін елге жеңіспен оралғаннан кейін де майдангерлер туралы көп мақалалар жарияланды. Оның бәрі бізді рухтандырып, ел еңсесін тіктеу жолындағы атқарар жұмысымыздағы жауапкершілігімізді күшейтті. Сол себепті қоғамда газет-журналдардың алатын орны ерекше деп білемін.

Соңғы бір жарым жылдың төңірегінде көзімнің сәл нашарлағаны болмаса, аудандық газеттің әрбір нөмірін үзбей оқимын. Кейде үйдегі немерелерім дауыстап оқып береді. Жақында баспасөзде сұхбатым жарияланды. Жаңа жыл қарсаңында баспасөзге жариялауға батамды да ұсынамын. Шынайы тілеулестік ниетте басылым тілшілеріне шығармашылық сәттілік тілеймін. Халықты ауданымыздың төл газетіне жазылуға шақырамын.

Яхия ТАСЫРОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері
12 желтоқсан 2023 ж. 215 0