Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ананың алғаусыз алғысы

Ананың алғаусыз алғысы

Аудандық газеттің 5 қаңтар күнгі №1 санында «Қос шаңырақ шаттыққа кенелді» тақырыбында мақала жарияланған болатын. Аталған мақалада Шаған ауылындағы тұрғын үйге мұқтаж бір отбасының ауыл әкімдігінің ұйытқы болуымен және кәсіпкерлердің қолдауымен бас­паналы болғаны жазылған еді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жаңа үйге кіріп, қуаныш пен шаттыққа кенелген отбасы мүшелері аудандық газетте жарияланған сол мақаланы оқып, ризашылығын білдірмек ниетте редакцияға соқты. Біз ақ жаулықты ананың алғаусыз алғысын газетке жария­лауды жөн көрдік.

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген сөз рас. Баспана тауқыметін көру оңай емес. Көп балалы ана А.Әнуарованың үй алғанға дейінгі баспанасы апа­т­тық жағдайда болған. Осы мәселемен аудан әкімі орынбасарының қабыл­дауында болыпты. Кейін ауыл әкімінің қабылдауына да арнайы барып, көмек сұраған. Бұл істе көп балалы анаға келіні Гүлдана Рахметуллақызы септігін тигізген. Көпбалалы ананың өтінішіне орай кәсіпкерлерге ауыл әкімдігі тарапынан ұсыныс жолданған. Тиісінше, әркез мұқтаж жандарға көмек көрсетіп келе жатқан меценат Мұрат Сәрсенбаев қолдау білдіріп, Шаған ауылынан үй алып берді.
– Қызымның үйі құлау алдында тұрды. Өзінің үй салатындай шамасы жоқ. Содан көмек сұрадық. Жақсы жандардың игілікті ісімен қызым мен немерелерім баспаналы болды. Осындай қуанышқа кенелуімізге мұрындық болған аудан әкімдігі, ауыл әкімдігіне ризашылығымыз зор. Сондай-ақ қызыма үй алып берген кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаевқа, тиісті жұмыстарды үйлестірген ауыл әкімі Ұлбала Абдрамановаға аналық алғысымды жеткіземін. Әркез жақсы істің жанынан табылатын азаматтың кәсібіне береке тілеймін. Оған қоса біздің қуанышымызбен бөліскен аудандық газет ұжымына да алғысым зор, – дейді ақ жаулықты ана Наурызбике Шандыбаева.

«ТТ» ақпарат
19 қаңтар 2021 ж. 702 0