Аудандық мәслихаттағы тұрақты комиссия мүшелерінің бірлескен жиыны өтті
Сырдария аудандық мәслихатының депутаттары өз құзіреті шеңберінде екі комиссияға бөлінген. Бір комиссия жұмысы экономика, құрылыс, қаржы, инфрақұрылымдық мәселелерге бағытталса, екінші комиссия әлеуметтік саланың, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және жастар саясаты мәселелерін қамтиды.
Бүгін қос комиссияның бірлескен жиыны көшпелі мәжіліс негізінде ұйымдастырылып, оған аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов жетекшілік жасады. Депутаттардың жиынына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, Тереңөзек кентінің жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы Б.Ілиясов, қоғамдастық жиынының мүшесі Қ.Сматов және тиісті мекеме басшылары қатысты.
Депутаттар ең алдымен Тереңөзек кентіндегі №3 сайлау округіндегі бірқатар көшелерді аралады. Әуелі «Майжарма» каналының абаттандырылған бөлігін көріп, атқарылған жұмыстар мен болашақта жүзеге асырылатын жоспарларды пысықтады.
– Бүгінгі басқосуды көшпелі мәжіліс негізінде арнайы ұйымдастырып отырмыз. Себебі, тұрақты комиссия мен сессияда депутаттар назарына көптеген бюджеттік өтінімдер ұсынылады. Әрине, біз атқарушы органның ұсыныстарын әркез қолдап келеміз. Мұнан бөлек депутаттық сауалдардың да орындалуы тұрақты бақылауымызда. Жергілікті бюджеттен соңғы үш жылда кентті дамытуға көп қаражат бөлінді. Сол қаражатқа атқарылған жұмыстардың сапасын көзбен көріп, нысандарды аралап, жан-жақты танысқанымыз орынды. Ортақ мәселерді бәріміз бірлесе талқылап, талдап, бірлесе шешім қабылдауымыз қажет, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Өз кезегінде депутаттар Д.Ералиев, А.Есназар, Ә.Серікбаев, М.Баку, Е.Жақып, А.Қалдыбаева, Д.Ибадуллаева, Г.Тілеубергенова бюджет қаражаты есебінен жүргізілген жұмыстың сапасына баса назар аударып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар ұсыныс айтты. Ал, Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бахтияров депутаттарға жалпы мағлұмат беріп, абаттандыру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Мұнан кейін депутаттар №3 сайлау округі аумағындағы И.Тоқтыбаев көшесінде болып, жаяу жүргіншілер жолының және аяқ су жеткізуге арналған бетонды латоктардың сапасын көрді. Кент әкімі бұл көшенің ең ұзын көшелердің бірі екенін айтып, көшенің тазалығы, жаяу жүргіншілер жолының сапасы, сондай-ақ көркейту-көгалдандыру жұмыстарының жүргізілуі тұрақты бақылауда болатынын айтты. Тереңөзек кентінің жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы Б.Ілиясов И.Тоқтыбаев көшесіндегі темір бетонды латоктардың аяқ суды үнемдеуге тікелей әсер еткенін айтты. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының сапасы жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Депутаттардың көшпелі жиыны №2 сайлау округі аумағындағы жаңа қоныстану аймағында жалғасты. Мұнда жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Сондай-ақ биыл 100 отбасыға арналып 50 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі және тұрғын үйлер толықтай табиғи газға қосылады деп жоспарлануда. Аудандық құрылыс, қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Н.Бисембаев ауданның бас жоспарына сәйкес жоспарланған жұмыстардың орындалу мерзімін егжей-тегжейлі түсіндіріп, инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген аумақтан жалпы саны 491 жер телімі жер кезегінде тұрған азаматтарға табысталады деп жоспарланғанын айтты. Депутаттар тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонға да барды.
– Осы аптада ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі қаралды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын іске асыру барысын баяндады. Үкімет басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Қызылорда облысының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізуді тапсырды. Осы ретте Тереңөзек кентінен тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон құрылысын жүргізу үшін жоба әзірленген. Оның құны – 495,2 млн теңгені құрайды. Биылға облыстық бюджеттен 475,5 млн теңгесі бөлінді. Осы нысанның сапалы әрі уақытылы салынып, пайдалануға берілуі бәріміз үшін аса маңызды. Сондықтан алдағы уақытта партиялық бақылау да ұйымдастыру қажет, – деді аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов.
Осы ретте былтыр И.Тоқтыбаев және Н.Бердіқұлов көшелері түйісетін аумақтағы ірі жүк автокөліктеріне арналған көпір тұсынан жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі бойынша депутаттар тарапынан аудан әкіміне ұсыныс айтылғаны көтерілді. Депутат А.Ибрагимұлы сол ұсыныстың қашан орындалатынын сұрады. Бұл сұраққа кент әкімі Е.Бахтияров пен аудандық құрылыс, қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Н.Бисембаев жауап беріп, аталған ұсыныс биыл міндетті түрде орындалатынын жеткізді.
Бірлескен комиссияның көшпелі жиыны барысында депутаттар мен мекеме басшылары, Тереңөзек кентінің жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы Б.Ілиясов, қоғамдастық жиынының мүшесі Қ.Сматов бастаған азаматтар №4 сайлау округі аумағындағы сарқынды су желілерінің, №2 сайлау округі аумағынан бой көтеретін «Руханият» орталығының құрылысын да көрді. Мұнда бетондау жұмысы жүргізіліп жатқаны баяндалды және нысанның жылдың соңына дейін пайдалануға берілетіні айтылды. Айта кету керек, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бастамасымен аймағымыздың 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары секілді бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынбақ. Өңірдің барлық ауданында бой көтеретін нысан тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды бір ортаға тоғыстырады. Мұнда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған мазмұнды жиындар өткізіледі. Орталықта экспонаттар мен құнды құжаттарды арнайы сақтау бөлмелері де болады. Жалпы ел арасында рухани әмбебап орталық құру идеясы Ұлттық құрылтайдан кейін туындаған еді. Мемлекет басшысы алқалы жиында мәдениет, өнер, руханият тақырыбына айрықша тоқталып, халқымыздың қазақстандықтарды біріктіруші ұлт ретіндегі даму бағыттарын айқындап берген болатын. Ауданымыздағы «Руханият» орталығы Тереңөзек кентіндегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жанынан салынбақ. А.Иманов пен Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысынан бой көтеретін көп-қабатты ғимарат аудан ажарына сән беріп, кент келбетін айшықтай түсетіні анық.
Депутаттар аялдаған соңғы аумақ «Майжарма» каналының С.Усабаев көшесінің тұсы болды. Бұл көшедегі басқосу жиынына аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Қ.Сүлейменов қатысып, бірқатар мәселелерді көтерді. Оның ішінде каналдың ішін бетондау, арнасын кеңейту, тегістеу және жеке меншікке беріліп, бірақ игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелері бар. Әр мәселе зерделеніп, ұсыныстардың орындалу мүмкіндігі талқыланды. Балалар ойын алаңын салуға бос жерді анықтау мәселесі келесі аптада нақтыланатыны келісілді.
Мұнан соң жиналған топ Тереңөзек кенті мәдениет үйінде бас қосып, аудандық мәслихаттағы тұрақты комиссиялардың қорытынды жиыны өткізілді. Жиналысқа Е.Әжікенов төрағалық етіп, күн тәртібі бойынша кент әкімі Е.Бахтияровтың, аудандық құрылыс, қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Н.Бисембаевтың және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Омаровтың баяндамалары тыңдалды. Депутаттар нысандар құрылысының сапасы, көшелерді жөндеу, электр бағаналарын ауыстыру мен электр желілерін жүргізу, сарқынды су құрылысы желілерінің мәселелері жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Коммуналдық сала басшылары М.Исмағұлов, Н.Кәкім, Е.Есенгелді де өз жоспарларымен бөлісіп, депутаттармен бірлесе жұмыс істеуге ынталы екендіктерін білдірді.
Жиын соңында аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов үгіт-насихат кезеңінде сайлаушылардан түскен өтініштер мен талап-тілектерді орындауға күш салу керектігін айтты. Сонымен қатар жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары тарапынан құзырлы органдарға 8 депутаттық сауал жолданғанын, оның бірде-бірі назардан тыс қалмағанын жеткізді.
– Сайлаушылардың талап-тілектерін ескере отырып, аудандық мәслихат депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдар назарына берілген ұсыныстардың облыс, аудан әкімдігінің қолдауымен басым бөлігі шешімін тапты. Нақтырақ айтар болсақ, 8 депутаттық сауалдың 7-еуі толық орындалса, 1 сауал орындалу үстінде. Халық аманатын арқалаған мәслихат депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтқым келеді және мәслихат тиісті заңдылықтарға сәйкес өз жұмысын жетілдіре беретін болады. Біз алдағы уақытта ауданымыздың, оның ішінде Тереңөзек кентінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына бар ынта-жігерімізбен, күш-қайратымызбен атсалысуымыз қажет. Бізден мұны уақыт да, қоғам да талап етіп отыр. Осы бағытта бәріміздің бірлесе атқаратын жұмысымыз жемісті болсын, – деп қорытындылады Ержан Әжікенов.
«Тіршілік тынысы»