Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті
Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов төрағалық етіп, кеңес мүшелері, тиісті мекеме басшылары, сондай-ақ Тереңөзек кентінің жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы Б.Ілиясов пен қоғамдастық жиынының мүшелері қатысты.
Кеңейтілген отырыстың күн тәртібінде негізгі сегіз мәселе қаралды. «Сайлау учаскелерін құру туралы» аудан әкімінің 2018 жылғы 8 қарашадағы №8 шешіміне енгізілген өзгерістер туралы аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Е.Зұлқарнаев таныстырды. Мұнан соң 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №69 шешімімн өзгерістер туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов баяндады.
Үшінші және төртінші мәселелер бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Л.Қозыбаева баяндама жасап, бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін төмендету мен шетелдіктер үшін 2024 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемесін кеңес мүшелерінің назарына ұсынды.
Бесінші мәселе кент әкімінің былтыр атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларына арналып, кент әкімі Е.Бахтияров баяндама жасады. Сондай-ақ аудандық «Мансап» орталығының директоры Е.Дәуітбекұлы хабарлама жасап, филиалдың негізгі міндеттері мен атқарылған жұмыстар, сонымен қатар алдағы жоспарлар төңірегінде есеп берді.
Кеңейтілген отырыста «АMАNAT» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаттары да партияның сайлауалды бағдарламасы мен жеке сайлауалды бағдарламаларының орындалуы туралы есебі тыңдалды.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы жөнінде ұсыныстар айтылып, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері мен Тереңөзек кентінің жергілікті қоғамдастық жиынының мүшелері өз ойларын ортаға салды.