Білімі мен біліктілігі ұштасқан
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тәмсілді берік ұстанған мұғалімнің еңбегі қашанда еш кетпесі анық. Ауданда білімнің қарашаңырағы саналатын №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдегі болашақ жас ғалымдардың жол бастаушысына айналған ұлағатты ұстаздың бірі – Жанар Жаңабаева. Әркез білім сапасын арттырып, оқушының өмірден өзіндік орнын табуына себепкер атанатын аяулы жан – физика пәнінің мұғалімі.
Бүгінде мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі физика пәнін таңдауында үлкен мән жатыр. Себебі, қоғам өмірінде кездесетін мамандықтар атласында физика пәнімен байланысты қызметтің түрі жеткілікті. Ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет ететін аталған саланың қыр-сырына қанығып келе жатқан зейінді шәкіртінің сүйікті ұстазы нақты ғылымға негізделген білімге сүйенеді. Осы уақытқа дейін оның жекелеген бірнеше оқушысы үлкенді-кішілі білім бәсекесінде топ жарып жүр. Үнемі білім алушысына ерекше шабытпен сабақ беретін Жанар Алтынбекқызы тынбай ізденудің арқасында педагог-сарапшы біліктілігін сәтті қорғаған. Жанар Жаңабаева 10 жылдан аса уақытта іргелі білім ошағында қызмет етіп келеді.
– Менің физика пәнінің мұғалімі атануыма ұстазым Нұрбек Қожамжаровтың ықпалы мен ықыласы зор болды. Өзім Қазалы ауданының тумасымын. Туған жердегі №70 Жанқожа батыр атындағы орта мектептің табалдырығын аттадым. Негізгі мамандығым бойынша Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында білімімді жетілдірдім. 2013 жылы жолдасым Айбек Сәдуақасовпен отау құрып, Тереңөзектегі өсіп-өнген әулеттің келіні атандым. Отбасымда 4 ағайындымыз. Інім Қонысбек те білім саласының маманы. Бүгінде шағын мемлекетімізде үш перзент тәрбиелеп отырмыз, – дейді аяулы жан.
Күн сайын көптеген өзгеріске ұшырайтын білім саласында ізденіссіз бір орында тоқтап қалу – ұстаз үшін кешірілмейтін дүние. Педагогикалық этикадан бастап, білім деңгейін жоғарылатып отыруға әрбір мұғалім мүдделі. Осы кезге дейін бірнеше бітіруші түлекке бағыт-бағдар берген Жанар Алтынбекқызының шәкірттері жоғары оқу орындарының грант иесі атануда. Тәжірибесі толысқан, аға буын өкілдерінен тәлім алған білімі жоғары маман көптеген байқаулардың жеңімпазы. Ол – өткен жылы аудандық «Үздік физика пәні мұғалімі – 2023» байқауынан ІІІ орын, «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығы» «Үздік педагогикалық мақала» республикалық байқауының «Үздік сабақ жоспары» номинациясы бойынша I дәрежелі, Қызылорда облысы бойынша физика пәні ұстаздары арасындағы «UST.KZ» олимпиадасының I дәрежелі диплом иегері атанды. Сонымен қатар оның жемісті еңбегінің өлшемі оқушыларының республикалық деңгейдегі біршама білім бәсекесінен топ жаруы болып табылады.
– Физика – табиғат туралы ғылым. Осы күні соңғы 10 жылдықта қалыптасқан білім жүйесін салыстыруға келмейді. Баланың қабілетін дамыту үшін сан алуан жаңалық орын алуда. Заман ағымына ілесу үшін барынша еңбектеніп келеміз. Әр жылдары 1 сыныптан 8-9 бала физика пәнін таңдайды. Өткен жылы ҰБТ-да физика пәні бойынша 45 балл болса, алдағы сынақта оқушылар таңдау пәнінен 50 сұраққа жауап беруі тиіс болады. Әріптесім Әлия Жүсіпова екеуміз оқушыларға физика пәнінен дәріс береміз. Кез келген мұғалімнің білім деңгейі қол жеткізген жетістігімен сараланатындығы сөзсіз. Сондықтан біз тынбай балаларды ғылыми жобаларға, олимпиадаларға дайындаймыз. Мықты, сауаттылығы басым оқушылар қай жерде болсын өз шеберлігін байқата біледі. «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялар байқауының кезеңінен Нұрбек Әбіласан І орынды иеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде бірнеше оқушым бақ сынап, жүлделі орындардан көрінді. «JAS DARYN» зияткерлік байқауының физика пәні бойынша Элеонора Нұрланқызы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар республикалық «Зерде» ғылыми жобасының аудандық кезеңінен Ақерке Шерімқожа ІІ орын, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар конкурсы бойынша аудандық және облыстық кезеңде Зере Мұхтар І орынды еншіледі. Мұндай жетістіктер шығармашыл ұстаздың жұмысына серпін беретіні анық, – дейді білікті ұстаз.
№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде нар тұлғалы қаншама дарабоз еңбек еткен. Жанар секілді жас ұстаздар олардың нақ ізбасары екені даусыз. Алдағы уақытта Жанар Алтынбекқызы шәкірттерімен бірге биік белесті бағындыра береді деп сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ